«JelToqSun» үздік атанды
Карағандының «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының «JelToqSun» командасы Алматыда Almaty Tech Cup X алаңында өткен First Global Challenge (FGC) халықаралық робототехника чемпионатына қатысып, жүлделі ІІІ орынға ие болды.
Аталмыш чемпионатқа Қазақстаннан және Өзбекстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінен келген 36 команда қатысты.
– «JelToqSun» командасының маңызды іс-шарада жеңіске жетуі Қарағандының жас инженерлерінің жоғары дайындық деңгейі мен шеберлігін көрсетеді. Олар еңбектері мен ісіне деген адалдықтарын дәлелдеді. Халықаралық танымалдылықпен қатар, 600 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықпен де марапатталды.
Сонымен қатар, команда Al-Khwarizmi Award for Engineering Design аталымы бойынша екінші орынға көтерілді. Бұл олардың инженерлік дизайндағы ерекше дағдыларын айқындайды, – деп атап өтті облыстың білім басқармасының бас маманы Гүлдана Нұрсұлтан.
FGC – бұл бүкіл әлемнің жас инженерлері мен бағдарламашыларын жинайтын жыл сайынғы халықаралық робототехника байқауы. Осы чемпионат аясында қатысушылар күрделі тапсырмаларды орындау үшін роботтарды құрастырып, бағдарламалап, әлемнің үздік командаларымен жарысады.
FGC сияқты халықаралық жарыстарға қатысу жастардың техникалық шығармашылығын дамытуда маңызды.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»