Әйелдерге арналған орталық

Бұқар жырау ауданына қарасты Қушоқы кентінде қиын жағдайға тап болған әйелдерді қолдау орталығы ашылды. Жоба облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ тапсырмасымен жүзеге асқан. Облыс аудандары арасында алғаш рет ашылған бұл орталыққа аудандық қазынадан 8 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі орталықты ашуға тапсырыс берген. Тағдыр теперішін көрген, отбасынан, ерінен зәбір көрген нәзік жандар осы орталық мамандарына жүгіне алады. Әуелі, мұнда келген пациенттерді толық медициналық тексерістен өткізіп, психолог маманның қабылдауына жібереді. Мамандар әр адаммен жеке жұмыс істейді.

– Басты мақсат – қыз-келіншектердің өмірге деген құлшынысын қайта ояту. Зорлық-зомбылық салдарынан қиын жағдайға тап болғандарға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық кеңес береміз. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған аналар, мүмкіндігі шектеулі немесе мүмкіндігі шектеулі балалары бар әйелдер де жүгіне алады. Орталық оларды жайлы төсек-орынмен қамтамасыз етеді. Ішер асы да мемлекет есебінен. Болашақта әлеуметтік қолдау барысы да қарастырылмақ, – дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлжан Абжанова.

Бұл ғимарат бұған дейін Қушоқы қонақжайы болған. 5 қабатты ғимараттың тек 1-ші қабаты қолданысқа берілген. 120 шаршы метрді құрайтын 5 бөлмеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жатын бөлме, ас үй мен медициналық пунктерге керек жабдықтар, жиһаздар қойылған. Әзірге орталық 5 адам ғана қабылдай алады. Алдағы уақытта жұмыстар ауқымы арта түспек.

Ербол ЕРБОЛАТ.

БҰҚАР ЖЫРАУ ауданы.