Бас тақырып

ӘЙЕЛ БАҚЫТЫНЫҢ формуласы неде?

Алла әйелді жаратқанда оның болмысын тек алтыншы күннің кешінде бітіріпті…

* * *

Періште әйелге жақындап келіп, оны саусағымен түртіп көреді…

Аллам, сен мұны сонша нәзік етіп жаратқан екенсің!

Иә, ол – өте нәзік. Сонымен бірге, ол – өте күшті! Сен, тіпті, оның нені көтеріп, нені бағындыра алатынын

көз алдыңа елестете де алмайсың.

Ол ойлана ала ма? – деп сұрады Періште.

Ол тек ойланып қана қоймайды. Ол сендіре де, келісімге де келе алады.

Періште әйелдің бетін сыйпады…

Бұл жаратылыс терлеп тұр ғой! Шамасы, сен оған көп ауыртпалық берген сияқтысың.

Ол терлеп тұрған жоқ. Бұл – көз жасы ғой, – деп дұрыстады Алла Тағала Періште сөзін.

Бұл не үшін? – деп сұрады Періште.

‘– Ол – қайғысын, күдігін, махаббатын, жалғыздығын, қасіреті мен қуанышын осы көз жасымен білдіреді.

Періште қатты әсерленді…

Осы тәмсілден соң бірдеңе деу артық, иә? Адам атаға серік етіп, Жасағанның қалауымен жаратылған Хауа анамыздың үрім-бұтағының бар болмысы емес пе? Зер салсаңыз, тәмсілде бәрі бар. Әйелдің мұңы, қуанышы, қайғысы, күйзелісі, күлкісі, көз жасы. Бәрі… Бәрі! Осының баршасы жиылып, әйел затының тұтас Бақытын құрайтынын білесіз бе?! Бақыт деген жекелеген сәттерден ғана тұрады десек, әйел жаратылысына сол сәттерді сезінуді бұйыртқанының өзінде үлкен мән жатыр.

«Әйелдердің ерлерден артықшылығы Алла оларды сезімтал етіп жаратқан. (Еркектерге қарағанда 99 есе сезімтал келеді). Дегенмен, Алла оларды ұялшақ қылып жаратқан» (Пайғамбарымыз с.ғ.а. Хадисінен). Содан ғой, сірә, әйелдің не нәрсені көз жасымен жуатыны. Әйелдің көз жасы көлдей. Сол көз жасты сыртқы күштің сарқып алуы, қуыс кеудеге айналдыруы – қорқынышты. Бұдан қорқу керек…

***

Мына әлем – математика. Демек, әйел бақытының жазылмаған теңдеуі, формуласы да бары сөзсіз. Оны жасаушы кім? Өмір ме, әйелдің өзі ме? Әлде, ғұмыр жолында кездесетіндер ме? Бұл формула мәндерінің сан алуандығы ықтимал. Әйткенмен, нәтижесі, барша әйел қауымы үшін түптеп келгенде, сөзсіз бірдей, сөзсіз ортақ. Әйтеуір, түбі соған жуықтайды…. Ол… Ол – сәби, отбасы екен. Әйел бақытының қайнар бұлағы осы екен. Анамның жастайымнан санамда жатталған сөзі жаңғырады… «Алла, алты құлынымның садағасы жүрейін. Алла, алты құлынымды аман қыл!».

Әжемнің сөзі есіме түседі… «Атам кәмпескеден соң елден жырақ кетіп бара жатып, «Ақырым сенде қалсын. Отымның отын өшірме» деп кісесін мойныма салып кеткен. Отын өшірмеуге тиіспін».

…Аяғын апыл-тапыл басқан кішкентай балдырған тас жолда сүрініп кетті. Шар ете қалды. Соңында бір-ақ қадам кейін келе жатқан анасы құстай ұшты. Көз ілеспес шапшаңдықпен

баланы бауырына басты. Ананың көзінде мөлтілдеген жас. Баланың сырылған тізесін үрлеп, сәбиін жұбатып жатыр… Баланың тізесі емес. Өзінің жүрегі жыртылып кеткендей…

…Ана!

***

Қазақ «Әйелдің қырық жаны бар» дейді. Басқа елде дәл осындай мәтел кездесеріне және күмәндіміз. Өйткені, тап қазақтың әйеліндей шыдамды, төзімдіні жер бетінен іздеп табу

қиын секілді көрінеді маған. Қанша бейнет тартса да, Құдайын қарғамайтын жалғыз әлемдегі әйел – қазақтың ғана әйелі сияқты маған.

Әйелдің Алла маңдайына жазып берген тағдырында сынақ көп. Морт сынбайтын болғасын солай ма деймін. Майысуы, иілуі мүмкін. Бірақ,шарт ете түспейді. Әйелдің бұл тағдырында зор сый бар Алланың өзі берген. Ол – әйел бақыты… Ол – ананың бақыты..

***

…Қасынан өтіп бара жатқан Періште:

– Сен неге бұл үшін ұзақ жұмыс жасадың? – деп сұрайды. Сонда Алла Тағала:

– Ал сен бұл жаратылыстың бүкіл болмысын көрдің бе? Ол екі жүзден астам қимыл әрекетін білуі керек. Кез келген тағамның дәмі мен иісін ажырата білу, бір мезетте бірнеше баланы құшағына басу, өзінің ыстық құшағымен жарылған тізеден, жараланған жүрекке дейін емдеп жаза алатындай болуы керек және осының бәрін тек екі қолымен ғана жасай алады, – дегенде, Періште таңданып:

– Бар болғаны екі қолымен бе?! Мүмкін емес! Бір күнге тым көп жұмыс екен? Қалғанын ертең бітіресің, – дейді.

– Жоқ. Мен өзімнің ең сүйікті жаратылысымды бітіруге аз қалдым. Егер ауыра қалса, бұл өз-өзін емдейді…

… – Я Алла, сен, шынында да данасың! Сен бәрін ойлағансың. Әйел, шынында да, керемет жаратылыс екен!

– Иа, шынында да, солай! Әйелде еркекті бағындыра алатындай күш бар. Ол – өмір тауқыметімен күресіп, қасіретін көтере алады. Ол – бақыт, махаббат, қуаныш алып келеді. Ол айқайлағысы келсе – күледі, жылағысы келсе – ән айтады. Бақытты кезінде – жылайды, қорыққанда – күледі. Сенгені үшін күреседі, әділетсіздікке қарсы тұрады. Жақындары үшін жанын береді. Өз шешімінің дұрыстығына бәрін сендіреді. Махаббаты – шексіз. Балаларының бақытына қуаныштан жылайды. Достарының табысына қуанады. Жүрегі қайғыдан қақ айырылса да, өмір сүру үшін өз бойынан қуат таба алады.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button