Руханият

Ізгілік иірімдері

Достық… Осы сөзді естісем немесе оқысам есіме халқымыздың мына бір нақылы оралады. «Бір дос бар алдыңнан мал кеткенше, бір дос бар кеудеңнен жан кеткенше…» Ее солай екен ғой дейтін жәй сөз емес, астары терең, тағылымы мол тәмсіл. Таяуда «Үш қиян» баспасынан жарық көрген танымал қаламгер, публицист Сәулебек Жәмкеновтің «Жеті бел асқан жетеу» деген кітабын оқығанда осы сөз тағы да есіме оралғаны. Кітапқа арқау болған жеті азамат өмірінің жарқын тұстары жүрекке жылылық, санаңа сәуле шашқандай болады.

Жеті азамат. Жеті тұлға. Барлығының есім, сойы қазаққа мәшһүр. Әрқайсының өмірі өнеге-үлгіге толы. Кітабы көп, баспасы одан да көп мына заманда көп нәрсеге таң қалудан қалғанбыз. «Шөпте өлең, шөңге де өлеңнің» кері келген оспадарлау уақыт болып тұр ғой. Шөлейтті, құмды жерде аңқаң кеуіп келе жатып, кенет мөлдір бұлаққа тап келсеңіз қандай күй кешер едіңіз. Сүйсініп оқып, рухыңыз ләззаттанар жақсы кітапты да тура солай іздеріңіз, аңсарыңыз сөзсіз. Сәулебек ағамыздың «Жеті бел асқан жетеу» деген кітабын оқығанда сондай әсерді бастан кешкеніміз рас.

Әрине, кітапқа арқау болған тұлғалар туралы осы уақытқа дейін аз жазылған жоқ. Азаматтардың өмірдегі сәулелі тұстары мен мерейтойлық белестерінде Қазақстанның барлық газет-журналдары мен теле-радиосында тағылымдықтанымдық мақала-эсселер, мақтау, марапатқа құрылған арнау, ода жырлардың шыққаны белгілі. Оның көбін өзіміз оқып, естіп те жүрдік. Дегенмен, жастық шақтары сонау жер жәннаты Алатаудың бөктерінде, думаны мен дүрмегі мол студенттік жылдардан бірге өсіп, бірге жасасып келе жатқан достар арасындағы риясыз пейілдің ақ қағазға ақтарылуының жөні тіптен бөлек екен… Оған осы кітапты оқу барысында көзіміз жетті. Сонымен, танымы мен тағылымы мол кітапқа келейік.

«Буырқанған баспасөз баһадүрі». Жанболат Аупбаев! Отандық журналистиканың оғыланы. Қаламы қарымды, байламы байсалды, аңсары асқақ осы азамат туралы автор былай деп ой түйіндейді: «…Иә, Аупбаевтың арқалағаны тек қана алғыс. Ол біреудің жолын кесіпті, яки, тіл тигізіпті дегенді естіген емеспіз. Кіммен тілдессең де оған деген көл-көсір көңілін, риясыз ризалығын білдіріп тұрғаны. Біз білетін Жанболаттың тұлғасы тұтастай жақсылықтан құйылған. Ерен еңбек пен таудай талап Жанболаттың талант тұлпарының екі үзеңгісі, ал мақсат жолындағы қайтпас қайсарлығы – құйысқаны. Сондықтан да, оның ері ешқашан ат мойнына кетіп көрген емес. Оның шығармасы неліктен әрқашан шып-шымыр болып шығады? Өйткені, олардың бәрі авторының терімен суарылған…». Бұл ойларды автордың досқа деген пейілі ғана емес, Алашқа ортақ қаламгердің азаматтық бейнесін шынайы көрсете білген бағасы деп қабылдаған жөн.

Кітап жүгін көтеріп тұрған жеті эссенің құндылығы да осында жатса керек. Қиындық пен қызыққа толы жеті белес, жетпіс жыл аз уақыт емес. Тұтас дәуір десе де болады. Тұлғалық қасиет ел алдында қалыптасып, биіктейді. Ал, сол тұлғаның қарапайым адам ретіндегі ішкі-әлемін, күнделікті іс-әрекетін, өмірінің кейбір иірімін былайғы жұрттың біле бермейтіні рас. Қазақта жақсы адам туралы сөз болса «отырыс-тұрысының өзі ғибрат еді», деп айтылып жатады. Бұл кітаптан елі сыйлаған, ұлтының ұлықтысына айналған азаматтардың сондай адами болмысын, тіршілік талқысындағы іс-әрекеттері арқылы одан сайын жақынырақ танысуға мүмкіндік аласыз.

«Бозала таңның бозторғайы». Несіпбек Айтов! Осы эссені оқығанда неліктен екені санама «Азаттық таңының бозторғайы» деген сөз оралды. Ол бәлкім эссе мазмұнының әсерінен болса керек. Шын мәнінде Несіпбек Айтов есімі, шығармашылық мұраты халқымыздың тағдыр-талайымен тамырлас, сабақтас екені ақиқат. Қазақ тілінің нәрін, шымыр ойдың қуатын Айтов жырларынан табатынымыз, сондықтан. Бұл туралы кітап авторы дөп басып, турасын айтқан. «Жалпы, тәуелсіздік тақырыбы Несіпбек ақынның талантының, керек десеңіз бүкіл рухани дүниесінің алтын тамыры. Отаршылдықтың оты лаулап жанып, қою түтін бүкіл ұлтымыздың бойын буып тұрғанда-ақ ол бозторғайдай шырылдап, ішіндегі буырқанған бұлқыныстарының буын шығарып, азаттық аңсарын, тіпті, ішкі запыран-зарын ишаралап болса да басын бәйгеге тігіп айта бастады». Жәмкенов таныған, сыйласқан Несіпбек дос, Несіпбек ақынның азаматтық, адами болмысы эссе барысында осындай толағай ойлармен толысып, әзілге толы әдептермен астасып, оқырман көңіліне рухани қуаныш ұялатады.

«Алашта ат оздырған Мәшһүр Жүрсін». Жүрсін Ерманов! Ақындардың ішінде аңызға айналған есімнің бірі. Айтыстың Асан қайғысы атанған аптал тұлға. Жүкең тапқырлығы, шешендігі туралы аңызға бергісіз, ауызекі, жазба әңгімелер өте көп. Сондықтан да, бозбала шақтан бірге өсіп, біте қайнасып келе жатқан Сәулебек досының жазбасына құныға бас қойдық. Әрине, Жүрсін ақын өзінің поэзиясымен бағасын әлдеқашан алып қойған талант. Ал қазақтың төл өнері айтысқа сіңірген еңбегі ұшантеңіз. Жүрсін ақынның айтысқа төккен маңдай терінің қаншалықты қымбат екендігін автор былайша бағалайды: «…Ұлтымызбен ғасырлар бойы бірге ілесіп келе жатқан рухани дүниесінің, баға жетпес байлығының, ешбір елде жоқ ерекше өнерінің бірі – айтысты көрнеу ажалдан арашалап, халқымызға қайтарып әперген, жаңғыртқан, жаңартқан, тіпті, оны бүкілхалықтық қозғалысқа айналдырған Жүрсін екендігі айдай анық қой». Уақыт төреші. Бүгінгі күн ертең тарихқа айналады. Жәмкенов жазып көрсеткендей азамат еңбегінің өтеуі, әйтеуір бір қайтатыны белгілі. «Жеті бел асқан жетеу» кітабын оқи отырып, қиялың әр тарапқа кетеді. Автор өз достарының өмірінен ғана сыр шертіп қоймайды, Уақыт, Кеңістік, Адамзат төңірегінде ежелден келе жатқан тіршілік талқысының кейбір күрделі сауалдарына күйзеле отырып жауап іздейді…

«Тұрсынның тұлпары». Тұрсын Жұртпай! Алаш арманының жоқшысы. Халқымыздың талайлы тағдырын қаз-қалпында бүгінгі ұрпаққа жариялап, Қазақ қасыретін жалғанның жалпақ жұртына көрсетіп берген осы Тұрсын Жұртпай баһадүр. «Темір етігі теңгедей, темір қаламы инедей» болғанша еңбек етіп, маңдайы тау мен тасқа тиген табанды, тегеурінді, терең ғалым, жазушы, тарихшы Тұрсынның азаматтық ұстанымы, адами келбеті Сәулебек ағамыздың жазбасында айқын көрініс тапқан. Қазір жиі айтылып жүрген Әлихан бабамыздың: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзіне осы эссені оқу барысында тағы да көзіміз жеткендей…

«Дара біткен дарақ». Намазалы Омашев! Ұлттық журналистика тарихындағы айтулы тұлға. Ұлағатты ұстаз. Достар арасындағы беделі мен парасаты биігі де осы ағамыз. Оған әркез баспасөз бетінде жарияланып жүрген өз достарының жазбалары куә. Достар арасындағы риясыз даудың, шешілер түйіннің төрелігін айтушы да осы Намазалы ағамыз. Бұл туралы автордың өзі жақсы айтып өткен. «…Біз Астанада курстас жетеуміз. Жетеуміз қарсылассақ жеті бөріміз, салғылассақ жеті серіміз, ал енді қызып алсақ жетеуміз де жын-періміз. Не кереметі бар екенін білмеймін, осы жетеуміздің де жығылар жеріміз Намазалының алды. Оның мысы да, пысы да басым. Арқаның ай мүйізді арқары емес пе, Жүрсін ғана біраз шарпысатыны рас. Бірақ, шаңырақтай мүйізін шайқап-шайқап ол да қояды ақыры». Жұптары жазылмай келе жатқан достардың аңызға бергісіз баянын әрі қарай қызыға оқи түсесіз…

«Еңсегей бойлы Есағаң». Есенқұл Сафуани! Аудармашы, публицист. Алғашқыда журналистика мамандығы бойынша білім алып, кейіннен ресми аударма саласына біржолата ауысқан Есенқұл аға досы туралы эссе авторы бірталай әсерлі деректер келтірген. «…Жалпы, Қарақалпақ елі жырдың елі ғой. Бұлардың ауылында Нарызбек деген жырау болған. Біздің әдебиет мектебіміз Наурызбек жырау болды» деп жиі еске алады, Есағаң. Осындай ортада өскен оның өзінің де көкірегі жырға толы еді. Әсіресе, «Айға сапар» деген жырға бәріміз құмар едік. Оны курсымыз ғана емес, басқа факультеттің студенттері де арнайы іздеп келіп қолқалап жататын». Осылай басталатын баянның нағыз қызықты, тағылымды тұстарын оқырманның еншісіне қалдыра тұрғанды жөн көрдік.

«Киіктіден биіктерге самғаған». Сәулебек Жәмкенов! Талантты публицист. Республикалық қоғамдықтанымдық «Дәуір» журналының Бас редакторы, Халықаралық Ақпарат Академиясының академигі, Әділет полковнигі. «Жеті бел асқан жетеу» кітабының авторы. Кітап соңына өзі туралы рухани інісі, белгілі журналист Қайрат Әбілданың эссесі беріліпті. Әрине, бұл қаламгер этикасы. Ақсу-Аюлы топырағының тумасы, жырласа теңіздей тебіреніп, дариядай толқитын әйгілі Тілеген жырау Сәулебек ағасына тамаша жыр арнапты.

…Жан аға, ұлтым деген ұлан едің,

Жарқ еткен құба белден қыран едің.

Жетпістің тұғырына қондың аға,

Саңқ еткен Бұғылының қыраны едің.

Аспаны асқақ еді арманы ұлдың,

Талабы таудан биік алғамы ұлдың.

Сазанбай найзасымен жауға кірсе,

Сен, аға қаламыңмен дауға кірдің… Жалпы, «Жеті бел асқан жетеу» кітабын оқи отырып, алған әсер, көңілге түйер тағылымның мол екенін сезіндік. Негізгі желісі достар арасындағы алғаусыз адалдық пен ізгілік иірімдеріне құрылған. Дерек пен дәйекке сүйеніп, оқырманын жалықтырмай жетелеп отыру, әрине қаламгер шеберлігі. Оның үстіне эссе кейіпкерлері ұлтымыздың айтулы тұлғалары болса, кітап мазмұны одан сайын салмақтана түсері табиғи заңдылық. Бұл кітап бозбала шақтан бүгінге дейінгі жеті достың жүріп өткен жолдарын шолып шығу емес. Жеті тараудан тұратын жеті ғұмырдың ғибратты баяны. Оқып шыққан адам бірден Адамгершілік, Ізгілік, Достық атты ұлы ұғымдарды тағы бір ой елегінен өткізері сөзсіз.

Қойлыбай Асанұлы,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері.

Басқа материалдар

Back to top button