Қиямет-қайыммен келген жеңіс

«Мың өліп, мың тірілген» қазақтың өткен ғасырда басына түскен ауыртпашылықтар мен қиындықтарды бір кісідей көтере білген, елінің азаттығы мен халқының амандығы үшін жанын шүберекке түйіп, жанқиярлықпен ерлік көрсеткен, артына өшпес із қалдырған аға ұрпақтың өкілі, Сарыарқаға аты мәшһүр Кәмәли ДҮЙСЕНБЕКОВТІҢ мәңгілік мекеніне тұрақтағанына да жүз күннің жүзі болды.

Өмір жолында маған қамқаршы, ұстаз болған Ұлы Отан соғысының ардагері «Даңқ» орденінің 3 мәрте иегері, Шет, Жаңаарқа аудандарының, Қарағанды қаласының, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Кәмәли Жұматайұлы туралы бұрын да қалам тартқанмын. Бірақ, ол кездегі ақ қағаздың бетіне түскен ой-пайымдарым мен ішкі сезімдерім бүгінгіден басқаша бағытта – қуаныш легімен баяндалған болатын. Кәмәли ағаны өлді деуге тілім бармайды. Тау тұлғалы бейнесі көз алдымда.
Кәмекең жалындаған жастық шағын зұлмат соғысқа беріп, ерте есейді. Алғашқыда ІІІ атқыштар дивизиясы құрамына қабылданып, Москва маңындағы Нокинский ауданында үш айға жуық уақыт әскери жаттығуға қатысқан. Жаттығу ойдағыдай өткен соң ағаны 4-ші Украина майданындағы 13 корпусқа қарасты 2-екпінді гвардиялық армияның ІІІ атқыштар дивизиясының 77-ші полкіндегі неміс ауыр танкілеріне қарсы тұратын арнайы ротаға жібереді. Онда Кәмекең ауыр танкілерді талқандайтын қаруды қолына алып, үздік жауынгер ретінде алғашқы ұрыстарға қатысады. Бұл жолғы шайқас аса ауыр, сұрапыл жағдайда өтеді. Ол Ұлы Отан соғысының тарихында қалған Сталинград үшін шайқас еді. Жоғарыда аталған атқыштар дивизиясы Тамбов, Пенза облыстары және Рузаевка, Калаш станциялары арқылы 1942 жылы қараша айында Сталинград түбінен бір-ақ шығады. Соғыстың осындай ауыр қаһарлы күнінде Бас қолбасшы И.Сталиннің «Ни шагу назад!» деген бұйрығы қабылданды.
Барлық әскери стратегиялық орындарға мықтап бекінген жаудың алапат горнизондары оңайшылықпен алдыртпайды. Жаудың минометтері, әуеден соққылаған жау ұшақтары, жаяу әскері, ауыр артеллериясы Совет армиясына бас көтертпеді, ес жиғызбады.
Дегенмен, Кәмәли ағамыздың есінде қалғаны – мына жайт. Қар қалың жауып, аяғы боранға ұласып, даланың бәрі ақ қар, көк мұзға айналды. Осының әсерінен жау әскерлерінің соғысу қабілеті төмендеп, аспандағы, жердегі шайқастарына үлкен кедергі келтіреді. Осы кезде құрамында жауынгер К.Дүйсенбеков бар ауыр артиллериямыздың шабуылы өте маңызды болған. Сонымен қатар, көбі жау қолынан қаза тауып жатса да, қайталап шабуылға шықты. Қиян-кескі ұрыстардан кейін стратегиялық «Шеңбер» әскери операциясы бойынша фашистердің Сталинградтағы қорғаныс шебін бұзып-жарып, оларды қаладан қуып шығарады.
Әрі қарай Кәмекең Дон өзеніне бет алып, жолда көптеген елді мекендерді Аксай, Новочеркасск қалаларын басқыншылардан азат етеді.
1943 жылы қаңтар айында қайтадан толықтырылған ІІІ атқыштар дивизиясы Ростов қаласына табан тірейді. Кескілескен ұрыстардың нәтижесінде, қаланы жау қолынан азат етеді. Әрі қарай Украинаның бірнеше қалалары мен елді мекендерін жаудан азат етіп, ауыр ұрыстар мен шайқастарды бастарынан өткізіп, отқа оранып, суға малшынған сарбаздардың қатарында Кәмәли аға да жүреді.
№2 екпінді армия құрамындағы ІІІ атқыштар дивизиясын 1944 жылдың басында Қырымды азат етуге бағыттайды. Дивизия жау мықтап бекінген «Турецкий вал» (ұзындығы 30-40 шақырым, ені мен тереңдігі 25 метрге созылған ор), Евпатория, Симферополь, Севостополь секілді ірі қалалар мен елді мекендерді азат етті. Гвардия аға сержанты Кәмәли Жұматайұлының осы шайқастарда көрсеткен ерлігі ерекше болды. Ол туралы архив құжаттары сөйлейді.

«Наградной лист (форма бойынша наградаға ұсынылған жауынгерлердің деректері көрсетілген) 31 июля 1943 года в бою под селом Степановка при отражении контратаки танков противника огнем из ружья ПТР уничтожил танк противника и из винтовки истребил 8 солдат и офицеров противника.
14 января 1944 года в бою в районе Б-Лепешихи умело командовал отделением при отражениии контратаки противника лично сам из ружья ПТР уничтожил пулеметную точку противника и огнем из винтовки уничтожил 4 гитлеровца.
В период боевой учебы с 21 января 1944 года его отделение занимает первое место в подрозделении по боевой и политической подготовке, хорошо знает материальную часть вверенного оружия и сбережения его.
Достоен предоставлению к правительственной награде Орденом Отечественной войны ІІ степени.
Командир 72 Гвардейского полка Гвардии майор Шепелев от 23 марта 1944 года.
Приказ МО 13 Гвардейскому стрелковому Корпусу.
25 марта 1944 года № 014 Действующая армия.
От имени Президиума Верховного Совет ССР за образцовое исполнение боевых заданий Командования фронта борьбы с немецкими захватчиками и проявленные при этом доблесть и мужества НАГРАЖДАЮ:
Орденом Отечественной войны второй степени: 4. Гвардии старшего сержанта Дюсенбекова Камали Джуматаевича командира отделении ПТР-72 Гвардейского стр.полка 24 Гвардейской стрелковой девизии.
Командир:….».

1944 жылдың сәуір айының басында майданның алғы шебінде жүруге арналған майор Бузанов басқарған екі үлкен штрумдық отряд құрылды (отряд құрамында бес катюша, 76 зеңбірек, он шақты соғыс машинасы және екі жүздей сарбаз бар). Осы құрамға өз еркімен сұранып кірген Кәмекең ауыр шайқастарда талай фашисті жойды. Осы шайқастың бірінде Кәмәли ағамыз оң жақ иығынан ауыр жарақаттанады. Бұл 1944 жылдың 6 мамыры болатын. Кәмекең Иркутск қаласындағы үлкен госпитальда 6 айдай емделеді. Оңалған соң, 1944 жылы қыркүйекте туған елге аман-есен оралады. 1945 жылы Марфуға Түсіпбекқызымен отбасын құрады.
Кәмәлидей даңқты ағаларымыз бен әкелеріміз жанқиярлық ерліктерінің нәтижесінде, неміс-фашист басқыншыларынан Отанымыздың азаттығын қорғап қалды. Олардың алдында кейінгі ұрпақ, біз және бүгінгі жастар, әрқашан тік тұрып, басымызды иіп, тағзым етуіміз қажет.
Кәмекең бейбіт еңбек жолын соғыстың алдында өзі еңбек еткен №1 кірпіш зауытының директорынан бастады. 1946-1964 жылдар аралығында Қарсақбай қалалық, Жезқазған аудандық партия комитеттерінде бөлім меңгерушісі, Ворошилов аудандық парткомитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, Алматыдағы партия жоғары мектебінің тыңдаушысы, Жаңаарқа аупарткомының хатшысы және осы ауданның атқару комитетінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды.
Кәмекең қайтадан құрылған Шет ауданын басқаруға 1964 жылдың қарашасында тура азаматтың қамал алатын жасында құлшына кіріседі. Осы кезеңде жергілікті жұрттың әл-ауқаты артып, кеңшар орталықтарында, елді мекендерде, бөлімшелер мен қыстақтарда, өндірістік бағытта және мәдени-әлеуметтік салада құрылыс жұмыстары қарқынды жүрізілді. Аудан орталығында Ақсу-Аюлы селосында аудандық аупарткомның 2 қабатты әкімшілік үйі, 32 пәтерлі 16 тұрғын үй, 8 пәтерлі 5 үй салынды. Мәдениет және почта ғимараттары бой көтерді. Ақсу-Аюлы, Бұрма, Просторный, Красная Поляна, Талды, Кеншоқы елді мекендерінде орта мектеп пен мәдениет үйлері салынып, халықтың пайдалануына берілді.
Кәмекең отбасында балаларының қамқоршысы, немере-шөберелерінің сүйікті атасы, жылы жүректі, кең пейілді, салиқалы-сабырлы мінезімен отбасының асқар тауы болды. Есімі аңызға айналған абзал аға, қоғам қайраткері Кәмәли Жұматайұлының жарқын бейнесі тарих парақтарынан өшпес орын алды, ұрпақ санасынан мәңгі ұмытылмақ емес.

 

Боранбай ЖУМКИН,
Шет ауданының
Құрметті азаматы,
«Құрмет» орденінің иегері.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.