Мәселе

Иттердің дәурені жүріп тұр

Мемлекет деңгейінде қазақы тазы мен төбетті сақтаудың заңы шықты. Жөн-ақ. Ал бұқара бұралқы иттерден құтылудан амал-айла таба алмай пұшайман. Заң негізінде. Қазір бұратылған ит атаулының қала ортасында «көш» түзеп бара жатқаны ешкімге таңсық емес. «Кет!» деуге де дәрмен жоқ жұртта. Өйткені, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң олай дегізбейді. 2022 жылдың 1 қаңтарынан кәріне мінген зәкүн қаңғыған иттердің әмірін «үргізіп» тұр. Заң жануарларға жауапкершілікпен қарауға үндейді. Әйткенмен, иттен қалай қорғану туралы үндемейді. Қарағанды қаласының басында бұралқы, егесі жоқ иттер қар түскеннен бері құтырып алғаны жаңалық емес. Олардың үйірімен адамға шабуылы әлеужеліде жиі жарияланады. Бірақ заңнан аса алмай қараусыз итпен «итшілеп» алысып жүрген жұрт қайтерін білмей дал. Былтырдан бері Қарағанды аймағында итке таланған көп қайғылы оқиға болды. Ескі жараның аузын тырнамайық. Алайда, бүгінгі сөз заңмен қорғалған иттің емес, иттен зәрезап болған адамның ахуалы хақында…

Адаммен теңестіре қоймадық абырой болғанда әзірге. Дегенмен, оларға «әй!» дегізбейтін қоғамдық ұйымдар бар. Ит атаулыны атып салсын деп отырған жоқпыз. Бірақ, иттің де иттігі барын ұмытпаған абзал. Адамды қауып, талап жатса, сонда кімнің өмірі құнды? Конституцияда айтылған «мемлекеттің басты байлығы – адамның» ба, әлде қаңғыған иттің бе? Сонымен, біздің аса мәртебелі заң шығарушы ұйым қабылдаған заң не дейді?

Жан-жануарды қорғаушы қоғамдық ұйымдар ұлардай шулап жүріп шығартқан заң лағып жүрген итке тас лақтыруға да тыйым салады. Заңға сүйенсек, онсыз да «тағдырдың тәлкегін тартып, «бұралқы» болуға «мәжбүрленген» иттердің басына пана беруге, алдына ас қоюға тиіс қоғам. Ит түгілі 18 млн. қазақтың пәлен миллионы шаһарларда үйсіз-күйсіз босып жүр. Сөйте тұра, бұралқы иттерге панажай керек екен.

Басқаны қайдам, Қарағандыда иттің «иттігін» дәлелдейтін оқиға баршылық. Амал жоқ, қазір оны дәлелдеу керек. Әйтпесе, онсыз «жануарға» қастандық тілеген қастақысыз. Қастақы атанбас үшін, қолымызды «қанға» малмай тұрып, Қарағандыдағы бірер оқиғаны атап өтейік.

Мысалы, Қарағандыда қараша айында 16 жастағы баланы ит талап тастады. Одан беріде мектеп, үй ауласында өріп жүрген иттер бірнеше рет үлкен-кішіге шабуылдады. Ол туралы бейнежазбалар көп.

Күні кеше Қарағандыдағы Білім және инновия лицейінің мұғалім, ата-ана, оқушылары бұралқы иттерден көрген зәбірін жергілікті пабликтерге жария етті. Лайф 09 ақпарат агенттігінің хабарлауынша, дәл осы лицейдің бір оқушысын ит қауып алған. Оқушы тұрмақ, ересек адамға атылып жатқан иттерден қайтіп қорғануды білмей ғаріп халық. Құзырлы орындардың қолын жайғаннан басқа әрекеті жоқ. Себебі, заңнан аттай алмайды. Заң Адаматаның ұрпағын «итке «иттік» жасап көр осыдан!» деп қорқытады. Егер алда-жалда қауіп төндірсе, «109 сенім» бірыңғай байланыс орталығына шағым түсіру керек. Содан соң тиісті ұйым қызметкерлерімен бірге жаңағы «зәбір» көрсеткен қаңғыған, я иесі бар итке баруы тиіс. Сол арада заңға сәйкес қажетті шаралар жүзеге асады. Заң осындай. Қай бұралқының адамды талап кеткен соң қаланың қай қуысында жүргенін анықтау қалай мүмкін?

– Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы шығуына байланысты егер қаңғыбас жануарлар қауіп төндірсе, «109 сенімге» өтінім білдіреді. Ол өтінім полиция басқармасына, медициналық орталыққа және ветеринария станциясына келіп түседі. Сол арқылы аталған органдар бірлесе отырып, қызмет атқарады. Оған өтініш берген адам да қатысуы тиіс, – дейді ақпараттық агенттікке берген сұхбатында Қарағанды облысының ветеринария басқармасы ветеринарлық-санитариялық шараларды ұйымдастыру және ТЖ бөлімінің басшысы Ерлік Мақашев.

Құзырлы орындар бұған дейін бұралқыларды аулап, оларға тиісті шара жүргізуге тиісті панажайдың жоқтығы кедергі екенін мәлімдеген-ді. Мұндай панажай салуға «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң мүмкіндік береді. Заңның 26-бабының 2-тармағына сәйкес «Жануарларға арналған панажайлар мемлекеттік және жекеше болуы мүмкін». Яғни, итке үйді бюджет есебінен, не жекеменшік тарапынан салуға рұқсат. Байлығы – адамы баспана таппай, бес баласы тірідей өртеніп кеткен елдің итке арнап панажай салып беретіні біртүрлілеу негізі. Қатыгез, тасжүрек атандырып, жануарларды қорғаушылар осы қазір бізге неше дүркін тас атса да, жекеменшік пікіріміз осы екен. Десек те, заң басқаша сөйлейді.

Енді қайтпек керек? Бір амалы – заңға сәйкес бюджет қаржысын қиып, панажай салуды жеделдетуі тиіс. Екінші амалы – заңға өзгеріс қажет. Өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын жол қайсы?! Ал, әзірге иттердің әмірі жүріп тұр. Тура және ауыспалы мағынада да…

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button