Бас тақырып

Іскерлік пен ізгілік үйлескенде…

Бүгінгі әйел бейнесі – іскер, басшы, қызметкер сынды лауазыммен толыққан. Талай-талай асудан асып, белесті бағындыруға білімі мен білігі, қарымы мен қабілеті жетерлік жан көп. Сондай нәзік жанның бірі – Іскер әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы, қалалық Қоғамдық Кеңестің мүшесі, жас кәсіпкер, «Labibа» брендінің авторы Индира Жабаева. Өз еңбегіне сеніп, сонысына өзгені тәнті еткен, мұқтаж жандарға жақсылық жасауға бейіл, өне бойы нәзіктікпен үйлескен Индира Нұржанқызының игі ісіне үңілдік.

Суретті түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК

– 2018 жылы наурыз кезінде Ақтау қаласында болдым. Үш ай бойы жұмыс істедім. Міне, сол жақта қазақтың беташар, үйлену тойына қатысқанымда қазақтың ұлттық киімін көріп, осыншама сұлулыққа тәнті болдым. Ол кезде қыздарға арналған заманауи қазақтың ұлттық киімін тойда кию Қарағандыда танымал емес-тін. Қазір ғой сәнге айнала бастағаны. Ақтаудағы сапарым маған «Қарағандыда осындай тамаша киімдерді неге тігіп, сатпасқа» деген ой салды.

Қазақтың ұлттық әшекей-бұйымдарымен, қымбат бағалы тастарымен тігілген сапалы ұлттық киімдерге қызыға бастадым. Сұлу дүниені қолдан жасау оңай емес. Осылайша, ойымда «Labibа» бренді пайда болды. Менің ең алғашқы қызметкерім «Labibа» атауын ұсынды. Ол кезде кәсіп көзіне айналдыру ойымда болмады. Қазақтың қыздары көрші елдің тіккенін кигеннен гөрі әдемі әрі сапалы ұлттық киім кисе екен деген ой ғана болды. Мұндай өнім жаман көрінбейді әрине, дегенмен сапасыз тігілгені айқындалып тұрады. Қазақ қыздары қолмен тігілген сапалы әрі заманауи ұлттық киімді бар ықыласымен кие алады деп ойладым. Біздің кәсібіміз осылай басталды. Қазіргі кезде ұлттық өніміміз арқылы қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптеу – басты мақсатымызға айналды, – деді Индира Нұржанқызы.

«Labibа» атауының өзі – қыздардың сұлулығын, нәзіктігін айқындап тұратын атау екен. Кәсіпкердің айтуынша, «Labibа» сөзін араб тілінен аударғанда нәзік деген мағынаны, латын тілінде байлық мағынасындағы «нан» дегенді білдіреді.

Қазіргі уақытта «Labibа» ЖШС-де 18 адам жұмыс істейді. Алғаш ашылған 2018 жылы 20 шаршы метр аумақты ғана қамтитын шағын цехта үш тігін машинасы және екі қызметкер болыпты. Қызметкерлерді тауар сату, киім тігу секілді курстардан өткізген. Одан кейін карантиннің кедергісін көріп, жұмыс бір жарым жылға тұралап қалған. Дегенмен, кәсіпкердің алға қойған мақсаты мен өз ісіне адалдығы, мойынға жүктеген жауапкершілігі «Labibа» брендінің қалыптасуына, танылуына әсер еткен, кездескен қиындықтар еш кедергі болмаған.

– Алғашында жалақы мәселесі өткір тұрды. Дегенмен, табандылық танытуға тура келді. Біздің өнімімізге қызыққандардың көп болғаны соншалық – карантин кезінде жайнамазға сұраныс артты. Әсіресе, әрбір клиент өнімнің сапасына мән береді. Дизайнын жасап, қымбат матадан тіктік. Мақсатың айқын болса, бұл да жетістікке жетуге себеп болады, – деді Индира Жабаева.

Кәсіпкердің айтуынша, «Labibа» бренді аз уақыттың ішінде көп жетістікке қол жеткізген. «Осындай қысқа уақытта тек Қарағанды ғана емес, Қазақстан бойынша «Labibа» бренді танылды. Жақында Үндістаннан қазақтың ұлттық киіміне тапсырыс алдық. Қаражат біз үшін – екінші дәрежеде. Бізге ең маңыздысы – сатып алушының көңілінен шығуы. Тапсырыс беруші: «Сіздерден басқа ешкім жақсылап тігіп бере алмайды» деген соң, аз уақыт қалса да, келістім. Клиенттердің бізге деген сенімі – білекті түріп, бойдағы күш-жігерді жиып, жұмысқа құлшына кірісуге ықпал етеді. Сондықтан біз үшін ең жақсы жетістік – біздің танымалдығымыз, сатып алушыны өз жұмысымыздың сапасымен мойындата білгеніміз. «Ең лайықты әрі бағалы киім үшін «Labibа»-ны таңдадық» деуі бойға қанат бітіреді, – дейді кейіпкер.

Жүзі жылы Индира Нұржанқызы әйел бойындағы нәзіктікті, сұлулықты өзінше бағалайды. «Қаншама сұлу әйелді көрдім, бірақ білімі жеткіліксіз. Қаншама ақылды әйелді көрдім, бірақ күтімсіз. Іскер әйел үшін сыртқы бейне жеткіліксіз. Клиенттің назарын өзіне аударту, аудиторияны баурау – кез келген кәсіпкерге керек қасиеттер. Әйел ең алдымен білімді болуы тиіс, кейінгі кезекте гүлдей құлпырып жүруі керек. Себебі, оның аты да, заты да – нәзіктік. Мен үшін бірінші кезекте әйелді сұлу ететін – оның білімі. Ол білінбейтін, көрінбейтін болуы мүмкін, бірақ білім барлық жағынан керемет имидж қалыптастырады. Білімді әйелдің баласы – тәрбиелі, өмірлік серігі – бақытты», – деген ой айтты ол.

Кейіпкеріміз 20 адамды жұмысқа қамтыған, сонымен қоса кәсіби дамуды мақсат еткен студенттерді де жұмыспен қамтып отыр. Одан бөлек, мүмкіндігі шектелген жандарға көмек қолын созады.

– Өмірде әйелдің де, ердің де қолынан келмейтіні жоқ. Тек тетігін таппауы мүмкін. Кәсіп бастайтындар да бар, бірақ тәртіп болмағаннан, көп ұзамай жабылып қалады. Аллаға шүкір, ойға алғанымның бәрі орындалды. «Labibа» брендін дамыту үшін ғана емес, ауыл-аймақтардағы, өңірлердегі үйде отырған 300-ден астам тігінші нәзік жандардың басын қосатын сән үйін ашқым келеді, – деген арманын да айтып қалды.

Индира Нұржанқызының жақсы көретін ісі мен жеке өмірі әрқашан үйлеседі. «Уақыт өзі емес, сен уақытты өзіңе ыңғайлауың, реттеуің қажет» дейді кейіпкер. 

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button