Іс тетігі – ілкімділік

    Облыстық деңгейде бекітілген жоспарға сәйкес, бүгінгі күнге Ұлытау ауданында 2 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің ашылуы көзделсе, қазір 7 өндірістік кооператив құрылып, өз жұмыстарын дөңгелету үстінде. Олар мемлекет тарапынан 90 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып отыр.

Ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатындағы мемлекеттік қолдау шаралары, әсіресе, несиелендіру бағытындағы жұмыстар істің ілгері басуына септігін тигізуде. Соның нәтижесінде биылғы жылдың басынан бергі кезеңде ірі қара – 101,8  пайызға, ұсақ малдың басы 105,2 пайызға өскен. Ал, жылқы санының өсім деңгейі 110,1 пайыздық көрсеткішті құрады.

Жарасымды жұмыстың жарқын нәтижесі – ауданда асыл тұқымды ірі қара өсіретін 4 шаруашылық, 1 асыл тұқымды қой шаруашылығы, сондай-ақ, 1 асыл тұқымды жылқы шаруашылығы қалыптасып, іскерліктің үлгісін танытуда. Жыл басынан бері малды асылдандыру жұмыстары мен асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан 103,1 млн. теңге бюджеттік субсидия бөлінді. Салыстырмалы түрде алғанда, бұл – айтарлықтай көлемді көрсеткіш.

Бұдан тысқары, аудан әкімдігі мен тиісті салалық құрылымдар жеке шаруашылықтардың жетекшілерімен тиімді әрекеттесе отырып, қаржы институттарымен жұмыс жүргізуге жіті ден қойып келеді. Шаруашылықтар игілігіне жаратылған жалпы сомасы 379,7 млн. теңгені құрайтын төмендетілген пайыздағы несие қаражаты – соның айғағы.

Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі аудан аумағындағы шаруа қожалықтарының техникалық тұрғыда қамтамасыз етілу жағдайына да жағымды ықпал ете бастады. Жоғарыда аталған жайттар, әрине, іс тетігі – ілкімділік екендігінің дәлелі. Қысқасы, келісті қимыл-қарекеттер, түптеп келгенде, аудандағы ауыл шаруашылығы кешенінде жағымды жаңалықтардың жиі орын алуының дәнекері болуы тиіс деп тұжырымдауға толық негіз бар.

ҰЛЫТАУ ауданы.

Құқықтық сала – жіті назарда

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.