Өңірде медицина қызметкерлері тапшы
Әкім сағаты барысында тікелей эфирде қоңырау шалып, сұрақ қойғандардың қатары көп болды. Солардың ішінде ауыл және аудан медицинасы жайында сұрақ қойған тұрғындар да бар.
Эфир барысында тұрғындардан:
– Аудан және ауыл тұрғындарын диагностикадан өтуі үшін облысқа жібереді. Неге сол диагностиканы аудан орталығынан өте алмаймыз? Облыс орталығына бару үшін жолға шығындаламыз, – деген сауал келіп түсті.
Аймақ басшысы болса:
– Диагностиканың түрі де бар. Егер, терең жасайтын диагностика болса, оны ауылда немесе ауданда өткізу мүмкін емес. Жалпы, бізде диагностика өткізуге арналған арнайы құрал-жабдықтар аз. Бірақ, біздің өңірдегі ең басты мәселе – кадр тапшылығы. Қазір осы кадр мәселесін шешу үшін қарқынды жұмыс жасап жатырмыз. Ауылға барып, жұмыс жасаймын деген мамандарға 8 млн. теңгеге дейін қаражат беріп жатырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен осы уақытқа дейін өңір бойынша 91 ФАП салдық. Енді сол жерлерге мамандарды тартып жатырмыз. Қажетті медициналық техникаларды да алып жатырмыз. Бірақ, терең диагностика жасау қажет болса, облыс орталығынан бөлек Теміртау мен Балқаш қаласынан өтуге болады. Күні кеше ғана Балқашқа іс-сапармен барып келген болатынмын. Қажетті мамандарды тартып, баспана кілтін табыстадық. Қазіргі таңда осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда, – деді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz