Бас тақырыпЖаңалықтар

Шахтинскіде «Үздік аула» байқауының жеңімпазы анықталды

Шахтинск қаласында «Үздік аула» қалалық байқауының қорытындысы шығарылды. Байқау аулаларды абаттандыруға тұрғындарды тартып, олардың өз аумағын көркейтуге деген бастамаларын қолдауға бағытталған.

Суреттер облыс әкімдігінен

Жоба аясында көпқабатты үйлердің тұрғындары аулаларын бірге тазалап, гүлзарлар мен жасыл желек аумақтарын ретке келтірді. Тұрғындар ортақ кеңістікті күтіп ұстауға атсалысып, аулаларды жайлы етуге үлес қосты.

Жеңімпаздарды анықтау кезінде аула аумағының тазалығы, абаттандырылу деңгейі және тұрғындардың жұмыстарға белсенді қатысуы ескерілді.

Бірінші орынды Индустриялық көшесі, 77-үйдің ауласы иеленді. Жеңімпаздарға 250 мың теңгеге сертификат табысталды.

– Ауламыздың таза, жинақы әрі барлық тұрғынға жайлы болғанын қалаймыз. Еңбегіміздің еленіп, бағаланғаны біз үшін ерекше қуаныш. Ауланы абаттандыру жұмыстарына тұрғындардың өздері белсенді атсалысады: бірі тазалық жұмыстарына көмектессе, енді бірі көгалдандырумен айналысады, тәртіпті сақтауға үлес қосып, өз ұсыныстарын айтады. Соның арқасында арамызда ауызбіршілік қалыптасып, көршілердің арасында жақсы қарым-қатынас орнады. Бұл – бәрімізге ортақ жеңіс. Жеңісіміз алдағы уақытта да ауланың тазалығы мен тәртібін сақтап, оны одан әрі көркейтуге жаңа серпін береді деп сенемін, – деді МИБ төрайымы Оксана Памаранова.

Екінші орын Жеңістің 40 жылдығы көшесі, 63А-үйдің ауласына берілді. Тұрғындар 150 мың теңгеге сертификат алды.

Үшінші орын Молодежная көшесі, 81-мекенжайындағы аулаға бұйырды. Оларға 100 мың теңге көлеміндегі сертификат табысталды.

Байқау тұрғындардың өз аумағын абаттандыруға белсенді араласуы қалалық ортаның тазалығы мен жайлылығына оң әсер ететінін көрсетті. Бірлескен жұмыстар көршілер арасындағы байланысты нығайтып, ортақ кеңістікке жауапкершілікті арттыруға ықпал етті.

Бастама «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының тазалық мәдениетін қалыптастыру және тұрғындарды қоршаған ортаны күтіп ұстауға тарту бағыттарымен үндеседі.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button