Өңір шежіресі – өнеге өрісі

    Тарихы тамырлы Ұлы Дала Елінің көнеден жеткен шежірелі сырлары мен мемлекеттің бүгінгі даму үдерісі кезеңіндегі деректерін мұқият сақтау және келер ұрпаққа «мұртын бұзбай» табыстау – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ұсынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында басымдық берілген талаптардың басты өзегі. Дәл осы орайда, ұлт мұрасының алтын ордасы іспетті архивтерге жүктелер міндет жауапкершілігі орасан.

Биылғы жылы Қарағанды облыстық архив қызметі 80 жылдық мерейтойын атап өтсе, Ұлытау ауданының мемлекеттік архивіне 25 жыл толып отыр. Ұлытау өңірінде дәуірлердің үнін дәуірлерге жалғастыру дәнекеріне айналған аудандық мемлекеттік архиві алғашында Ұлытау ауданы әкімінің 1992 жылғы 18 наурыздағы №116/2 шешімімен жеке отау көтерді. Осынау уақыт аралығында мекемені басқару тізгінін Сәуле Төлеуова және Хамит Бимағанбетов секілді өз ісінің білікті мамандары абыройлы ұстай білді. Ыждағаттылық пен төзімділікті қажет ететін қызметтің қыр-сырын жете меңгеріп, еселі еңбегімен ерекшеленген, оған қоса ізбасар шәкірттер буынын тәрбиелеп өсірген зейнет жасындағы ардагерлеріміздің саны да жетіп артылады.

Мекеменің сақтау қорында Ұлт ұясындағы бүгінгі таңдағы қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтитын құнды құжаттар шоғырланған.  Бұлардан тысқары, Кеңес дәуіріндегі колхоздар мен совхоздардың кеңсе құжаттарынан аудан аумағындағы ауыл шаруашылығының даму тарихын айқын бағамдауға болады. Тағылымы мол тарихтың қайнары іспетті мекемеде Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қорын толықтыру көзі болып табылатын ұйымдар мен кәсіпорындардың 55 жиынтық тізімі бар. Жалпы алғанда Ұлытау аудандық мемлекеттік архивіндегі 146 қордан 25 мыңға тарта сақтау бірлігі жинақталған.

Архив мамандарының білімі мен біліктілік өресі бәсекелі орталарда сан мәрте айғақталып келеді. «Мыңын айт та, бірін айт» демекші, аудандық архивте жұмыс істейтін жас қызметкерлер командасының ҚР «Архивтердегі Ұлттық қор туралы» Заңының 15 жылдық мерейтойына орай, 2013 жылы Астанада ұйымдастырылған «Мұрағат – тарих айнасы» атты республикалық конкурста жүлделі ІІ орынды жеңіп алуы – соның даусыз дәлелі.

Біздің ұжым мемлекеттік тұрғыда маңызға ие қоғамдық-саяси сипаттағы іргелі істерден де тысқары қалып көрген емес. Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесе ұйымдастырған «Латын қарпіне көшу – болашақтың бағдары» атты дөңгелек үстел отырысы – солардың бірегейі. Мазмұнды жиынға аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Әнуар Омар, мекеме-кәсіп­орындар басшылары, қоғамдық бірлестіктер жетекшілері және жас буын өкілдері қатысып, ортақ түйіндер жасалды. Қазір Алаш қозғалысының мерейлі тойына қатысты ғылыми конференция ұйымдастыру бойынша дайындық шаралары ширай түсуде. Ел мүддесі жолында ерекше жағымды қайтарымы бар осындай жұмыстарды жүргізуге ден қою – басты мақсаттардың бірі.

Иә, өңір шежіресі – өнеге өрісі. Сондықтан, тарихи деректер құндылығының мәні арта түскен замана талабына сай міндеттер аясын кеңейте отырып, істі ілкімді ұйымдастыру талабы аудандық архив ұжымының басты ұстанымы болып қала бермекші.

 

Гүлмира РЫСБАЕВА,

«Ұлытау ауданының

мемлекеттік архиві»

КММ директоры.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.