Руханият

«Халық – менің шын атым…»

«Жамбылдың жасын берсін!» деген сөз бар. Бұл кез келген 100 жасаған адамға қатысты айтылатын теңеу емес. Осы сөзден-ақ, Жамбылдың қазақ үшін қандай қадір-қасиеті бар екенін аңғаруға болады. «Ұлтты ұлы тұлғалар жасайды» десек, Жамбыл атамыз солардың бірі һәм бірегейі. Оның жұдырықтай жүрегіне Құдай сарқылмайтын жыр өзенінің арнасын бұрып жіберген. Бірақ, оны «биліктің сойылын соқты» деушілер де бар. Бұл датқа оның өміршең өлеңдері жауап беріп тұрғандай.

Жамбыл ақынның өмірбаянын қарап отырсақ, саналы ғұмыры күреске толы. Оның тұлғалық бейнесін зерделеп, түйсіну үшін мол мұрасына көз жүгіртеміз.

Өкінішке орай, кейбіреулер өзін танымай жатып, ұлттың біртуар тұлғаларына күйе жағып жатады. Мұнымен қоймай, оларды келеке қылатындар да жоқ емес. Арзан әзілдеріне оларды құрал ретінде пайдаланып, сол арқылы атаққа, пайдаға жетуді қалайтындар көбейіп барады. «Жақсы адамның соңынан түрлі аңыз еріп жүреді» демекші, ақын жайлы да көп аңыз бар.

Осындай маусымдық шолақ белсенділерге жауапты Жамбыл ақынның ұлттық рухқа суарылған туындыларынан таптық. Мына бір жырын:

«Еріксіз он сегіз жас мінгізді атқа,

Бір Жамбыл бөлінгендей екі жаққа.

Бір жағы қайнап өскен қалың елім,

Бір жағы атқа мінген бай мен датқа» деп бастап,

«Келгенде жеме-жемге, елде қалдым,

Шалшыққа шатылмадым, көлде қалдым.

Шалқардың шалқып жүзген мен аққуы,

Келмеді сасық, шалшық жерде қалғым» деп түйіндейді.

Осы өлең жолдарынан-ақ, ақынның өмірлік ұстанымы көрініп тұр. Жамбылдың өмір сүрген кезеңі көптеген тарихи оқиғаға толы. Бұл әр шығармасында көрінеді. Ол негізінен төкпе ақын. Өлең өзегін өртеп шығып, ағылып жатады. Нағыз табиғи талант. Аумалы-төкпелі кезеңде өмір сүргендіктен, қолына домбырасын алып, түрлі айтыста елдің намысын қорғады. Қомағай байды даттады, қанағатшыл кедейді жақтады. Ақиқат үшін жан алысып, жан берісті.

Оның жырлары көбіне арнау, толғау, дастан түрінде құйылып түсе берген. Әу бастан өзіне дейінгі төл әдебиеті мен тарихын, мәдениетін тұтастай бойына сіңіргені көрініп тұр. Оның тартысқа толы ұзақ шығармашылық жолы Сүйінбайдан бата алатын кезінен басталса керек.

Шығармаларынан бойына біткен табиғи дарын мен терең білімнің тамаша үйлесімі байқалады. Сүйінбайдан бата алуы оның өмірі мен шығармашылығына қатты әсер еткен. Сондықтан да, ол «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп, Сүйінбай ақынды өле-өлгенше пір тұтып, ұлы тұлғаларды қалай қастерлеу керектігін де дәлелдеп берді.

Соңындағы ұшан-теңіз еңбегін зерделей алмай жатып, ұсақ-түйек пендешілігіне шүйлігеміз. Биік тау туралы бірдеңе деу үшін алдымен оның шыңына шыға алмасақ та жанына бару керек қой.

Ал, енді осы Сүйінбайға бата сұрап келуінде де үлкен мән жатыр емес пе?!. «Батамен ел көгерер» деген қазақтың қанатты сөзін шындыққа айналдырып отыр.

Шындығында, бұрын да үлкен тұлғалардың батасын алуға баса назар аударған бабалар. «Сол бата берген тұлғаның бойындағы ұлттық рухтың, адамгершілік болмысының ұшқыны бойыма дарысын» деп шынайы ниетпен, ізгі оймен келген.

Ол кездің бата берушілері де соған лайық болғаны сөзсіз. Бұл қазір бата беретін пәтуалы тұлғалар жоқ деген сөз емес. Тек қана батаның киесін ұмытып бара жатқанымызға қынжыламыз.

– Бұрынғының баталары сай-сүйегіңді сырқыратып, жүрегіңді елжірететін болған. Ол батаны алған бала да оған лайық болмауға ұялған. Бұл батаның өткірлігі және оның жүрекпен берілуі. Қол жайып отырғандар көздеріне жас алып отырып, «әумин» дейді екен, – депті бір сөзінде ғалым Омар Жәлел.

Қазіргі баталардың ондай әсерлі, құнарлы еместігі өтірік емес. Тіпті, кей жиында бата беретін адам таппай қиналамыз. Бала Жамбыл сол батаның өміріне азық боларын жүрегімен ұқты. Сүйінбай да баланың ниетін байқап, бар ықыласымен берген болса керек. Ал, сол батаның Жамбыл жыраудың өміріне қалай әсер еткенін қазір айтып жату артық шығар.

Оның Қатағанмен айтысып, ойсырата жеңуі, Кремльде намаз оқуы, «Ленинградтық өренім» деп төкпелете жырлап, солдаттарға рух беруінің барлығы – ұлтқа, елге-жерге деген үлкен махаббатынан, қайсарлық қасиеттен туғаны сөзсіз. Қара басының қамын ойлайтын өлеңшілердің мұндай өміршең өлеңдер тудыра алмасы анық.

Онсыз: «Жамбыл деген жай атым, Халық менің шын атым» деп жырлай алар ма еді?..

«Халық менің шын атым» деуінің өзі халық пен тобырдың аражігін соқырға таяқ ұстатқандай ажыратып беріп тұр. Өйткені, халықтың бойында жаратушылық қасиет бары анық. Мұны «Халық – Құдайдың бір аты» деп те айтады. Жамбыл сол халықтың бойындағы жаратушылық қасиеттен жаратылған төл перзенті. Халықтың бойындағы асыл киеден жаратылып, тобырға жол көрсетуші. Оны тура жолға, әділдік, адалдық жолына бастаушы ұлттың ұлы күрескері.

Ол жыраулық дәстүрдің жазба поэзияға ауысар дәуірінде өмір сүрген суырыпсалма, төкпе ақын. Оны «XX ғасырдағы қазақтың Гомері» деп те атайды.

Өлеңдерінен әр кездегі тарихи оқиғаларға деген азаматтық үнін көреміз. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдағы тарихи оқиғалар Жамбыл шығармаларынан көрініс тапқан. Қазан төңкерісіне дейінгі жыраулық үлгідегі мұралары нағыз дала дәстүріне сай суырыпсалмалық өнер жемісі десек, Кеңес дәуірі тұсындағы арнау өлеңдерінің өзінде төкпелік бар. Жамбылдың барлық мұраларында қазақылықтың исі аңқып тұрады. Өйткені, жырау толғауларындағы ойлар табан асты түйдектеле құйылып, ұйқастың қалыпты сақталуына үлкен мән бере бермейді. Бірақ, ішкі ұйқас, ой бірізділігі сақталады. Ұйқасқа салып, матап қою оған жат. Оның жырлары да өз болмысындай еркіндікке құмар. Ойлары байтақ далада самғаған қыран сияқты азат. Бұл оның ұлттық рухты жырлаған нағыз табиғи дарын екенін дәлелдейді.

Шығармашылық ұлы сапарын Сүйінбайдан бата алудан бастаған Жамбыл ақын бір сөзінде: «Мен өзімнің барлық өмірімде қыр қожайындарының бетіне шындықты қорықпай айтып, шайқасумен өттім» деген екен.

Ендеше, оның жырларын жаңа заман сұранысына сай зерделеп, бір жүйеге түсіру – жас әдебиетшілердің парызы. Ал, өлеңдерін балаларымызға жаттатып, ұлттық рухқа баулып өсіру – біздің міндетіміз.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button