Халықаралық «АТОМ» жобасының Құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков: Жақсы адамдарды құшақтағым келеді
Үнсіз радиацияның зардабын сайын далада мұңсыз тірлік кешкен қазақ елі 40 жыл тартқан екен-ау! Иә, радиация үнсіз еді. Залалы уақыт өте келе замана запыранына айналып, қолсыз туған баласын қасіретке құндақтаған ананың зарына ұласты. Әскерилер әкеліп таратқан спиртке «бөгіп» алып, екі басты қозысы мен төрт көзді лағын өрістен қайырып келе жатқан қария күрсінгенде, жер сілкінгендей дүмпу сезілетін. Аспанға саңырауқұлақ пішінді қою қара бұлт көтерілгенде, Жер-Ана жөтелгендей болатын-ды. Сонда ғана үніміз шығып, ғасыр қасіретіне айналған сынақ алаңына наразылық білдіргенбіз.
Арқаның шығыс бөктерінде 1949-1989 жылдар аралығында 473 ядролық сынақ жасалыпты. Семей полигонындағы әрбір сынақ жай ғана әскери тәжірибе емес, миллиондаған адамның қанына у болып тарап, мыңдаған шаңырақтың шаттығын ұрлаған қасірет дүмпуі еді.
Биыл – сол қасірет алаңының жабылғанына 35 жыл. Сынақ алаңы жабылғанмен, миллиондаған адамның жүрегіндегі жара жазылған жоқ. Өмірге екі қолсыз келіп, полигон зардабын шеккен, Семей полигонының жабылуына белсенді атсалысқан Халықаралық «АТОМ» жобасының Құрметті елшісі, қоғам қайраткері, әлемге танымал суретші Кәріпбек Телтайұлы Күйіковтің әңгімесін тыңдағанда Семей даласындағы сол жарылыстар өз кеудеңе көшіп алғандай күйзелесің. Көз алдыңа алты аяқты бұзауының бас жібін тісімен тістеп алып, жетектеп келе жатқан екі қолы жоқ бала бейнесі келе қалады. Бұл – ғасырдың күйігі мен тағдырының батпан жүгін арқалап келе жатқан Кәріпбектің бейнесі еді. Олай болса, Кәріпбек аға сөйлесін…

«Мен Семей полигонының құпиясын әшкерелеп туғанмын»
– Кәріпбек аға, Сізді қазақ елі ғана емес, бүкіл әлем жұрты «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының белсендісі ретінде біледі. Дәл осылай кемтар болып тумағанда, осы қозғалысқа қатысар ма едіңіз?
– Әрине, қатысар едім. Өйткені, мен – сынақ алаңына өте жақын орналасқан ауылдың тумасымын. Полигонның зардабын көзіммен көріп өстім. Мендегі кемтарлық өзімнен бұрын ата-анама ауыр салмақ, өмірлік қасірет болғанын бала жүрегіммен сезіндім. Менің анамның жағдайын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Маған дейін екі баласы (бір ұл, бір қыз) белгісіз дертпен туып, бір жасқа толмай шетінеп кеткен. Менің жағдайым – мынау. Анамның таңертең төсегінен тұрып, менің көрпемді қымтап, үйден жылап шығып бара жатқанын талай көрдім. Маған аяушылық сезіммен қарайтын. Ештеңе айтпаса да, ойындағысын сезіп жатамын. Мүмкін, басқа қол-аяғы сау балалардың шешесі сияқты: «Тұр, балам. Қораны тазалап, сиырларға су бер», – дегісі келетін шығар. Бірақ, мен оны істей алмайтын болғандықтан, оның барлығын өзі атқарады. Әкем болса, күндіз-түні совхоздың жұмысында.
Мұндай ауыр жағдай тек біздің үйде ғана емес, бір Егіндібұлақ өңіріндегі әрбір екінші үйде болатын. Радиацияның таралу аумағына өте жақын орналасқандықтан болар, біздің Егіндібұлақ төңірегінде 250-ден астам отбасы полигон зардабын тартқан екен. Баласы дерттен аман туса, малы құбыжық болып туады. Малы кеселсіз төл туған үйдің баласы әртүрлі ауытқушылықпен туады. Біз өрістен алты аяқты бұзау, екі басты қозы, төрт көзді лақ қайырып өстік.
Біздің бір көршіміздің алты баласы болды. Алтауы да дертті болып туған. Кейбір ауылдастарымыздың туған балалары қырқынан шықпай шетінеп жатты. Талай ата-ана кемтар болып туған нәрестелерінен бас тартуға мәжбүр. Қаншама жас ана түсік тастап, бір шақалаққа зар болып, өмірлері өксумен өтті. Он бала туып, сол он баласы да түсініксіз дертке шалдыққан бір отбасын жақсы білемін.
Осының барлығын Семей полигоны салдарынан болған қасіретті жағдай екенін жан-тәніммен сезінген шақта білек сыбана алмасам да, белді бекем буып күреске шықтым. Сөйтіп, 1989 жылы қазақтың ұлы ақыны, қажырлы қайраткер Олжас Сүлейменов бастаған «Невада-Семей» қозғалысына белсене қатыстым.
– Дүниеге кемтар болып келген балаларды емдеуге, олардың диагнозын анықтап, тиісті шешім қабылдауға КСРО медицинасының қауқары жетпеді емес, жетті ғой. Неге әрекет етпеді?
– Емдегеніңіз не, кемтар болып туған баланың ата-анасын нәрестеден бас тартуға мәжбүрледі емес пе. Менің әке-шешеме де сондай ұсыныс болған екен. «Өмірлеріңізді өксітіп не қыласыздар? Балаға бауыр басып қалмай тұрғанда, бізге қалдырыңыздар», – депті дәрігерлер. Бірақ, әкем келіспеген. «Әр бала өз отбасында өссін» деген шешім қабылдап, мені анаммен бірге үйге алып келіпті.
Мұның барлығы не үшін? Полигон құпиясын бүркемелеу үшін, әрине. Науқас балалар тым көбейіп кетсе, әр ата-ана нәрестені емдетуге, диагнозын анықтауға әрекет етеді. Олар ресми есепке алынады. Есепке алынған соң, статистика өзгереді. Статистика сырды ашады. Осы тұрғыдан алғанда, мен – полигон құпиясын әшкерелеп туған баламын.
Мені бір екпемен «ұйықтата салу» туралы ұсыныс әкеме екі рет жасалған екен. Ол кезде мен есейіп қалғанмын. Ленинградтан оқу бітіріп келген кезім. Ол жақтағы протездеу орталығының бірде-бір протезін қолай көрмедім де, бәрінен бас тартып, елге оралдым. Әкей марқұм үмітін үзбей, мені жетектеп, тағы бір профессорға бармай ма… Көмек сұрап, үміт артып келген адамға әлгі профессор: «Өскен сайын жағдайы күрделене береді. Сіздерге ауыр болып, жандарыңызға батып жүрсе, мәселені бір екпемен шешуге болады», – деп кеңес беріпті.
Сөйтсек, олардың бар ойы полигонның ауыр салдарын әшкерелеп туған біз секілділердің санын бір-бірлеп азайта беру екен ғой…
– Олжас Сүлейменовпен қалай танысып, қашан кездестіңіз?
– Ең алғаш Олжас ағаның Семей полигоны туралы сөйлеген сөзін теледидардан көрдім. 1989 жыл. «Невада-Семей» қозғалысының енді құрылып, жаппай халық Горбачевтің «Жариялылық» науқанының жылымық сезіне бастаған кезі. Семей полигонының зардабы шектен шығып, ядролық сынақ құрбандарының көбейіп бара жатқанын айтар мінбе таппай жүрген қасірет «құрбанының» бірі ретінде Олжас Омарұлының өткір айтқан пікірін зор үмітпен қабылдадым.
Қозғалысқа мүше болуға ұмтылдым. Қарағандыда «Невада-Семей» қозғалысының бөлімшесі ашылды дегенді естіп, облыс орталығынан 300 шақырым жердегі Егіндібұлақтан арнайы келдім. Бөлімше төрағасы Марғұлан Хамиев деген азамат екен. Былтыр қайтыс болып кетті. Антиядролық қозғалыс бастамасын кеншілер, біршама белсенді азаматтар қолдап, бөлімше құрамы әжептәуір толығып қалған екен. Менің жағдайымды көріп, қозғалысқа бірден қабылдады.

Содан кейін өзім Олжас ағаны іздеп, Алматыға сапар шектім. Олжас Сүлейменов Қазақстан Жазушылар одағында отырады екен. Сол кезде одақтың хатшысы болды ма, есімде жоқ. Әйтеуір, сол ұлт руханиятының қарашаңырағында кездесіп, таныстық. Сол күннен бері замана зауалымен бірге күресіп, қаншама шетелдерге бірге сапарладық.
«Невада-Семей» қозғалысы мақсатына жетті»
– Белгілі бір іспен айналысқан адам ауыр ойдан арылып, бойы сергіп қалады ғой. «Невада-Семей» қозғалысына белсене қатысу денсаулығыңызға байланысты күйзелісіңізді жеңілдеткен болар?..
– Мен бұл қозғалысқа қайраткер атану үшін кірген жоқпын. Өз басымдағы күйзеліс те ештеңе емес еді. Туған халқымның басындағы ауыр ахуал, замандастарымның денсаулығы, туа салып шетінеп жатқан сәбилердің қасіреті, аналардың көз жасы, шөккен нардай әкелердің дәрменсіздігі көп ойландырды.
Мен осы «Невада-Семей» қозғалысының белсендісі болғандықтан, өзіміздің жағдайларды көріп, өз денсаулығым туралы ойлауға мұршам болмай қалды.
– «Невада-Семей» қозғалысы мақсатына жетті ме?
– Жетті! Иә, біз мақсатымызға жеттік. Олжас Омарұлының бастамасымен біздің елде басталған антиядролық қозғалысқа кейіннен Ресей, АҚШ, Жапония, Түркия және басқа да бірқатар мемлекеттер қосылды. Біз ұлы күшке айналдық. Біздің наразылық танытып жүргеніміз әскери саладағы алпауыт жоба болса да, елімізде, шетелдерде өткізген біздің бейбіт шерулеріміз барша адамзат игілігіне жол аша бастады.
Жасыратыны жоқ, ол уақытта Қазақстанды ешкім білмейді. Америка жұртшылығы бізді «Семей полигоны» деп таниды екен. Соны естігенде, қатты намыстандым.
Керісінше, Жапония өздерін «Атомнан зардап шеккен жалғыз мемлекетпіз» деп санайды екен. Семей сынақ алаңы туралы білгеннен кейін ғана, біздің елге құрметпен қарап, қозғалысқа белсенді қатыса бастады. Мына бір оқиға есіме түсіп отыр. Бір жылы жапондық журналист Семей полигонына келді. Бірге бардық. Бізбен бірге жолбасшы болып әкей марқұм барған. Әлгі журналист сынақ алаңындағы радиация мөлшерінің шамадан тыс екенін біліп, көліктен түспеді. Сұхбатын да, ақпаратын да көлікте отырып жазып алды. Сонда, Жапонияның Хиросима, Нагасаки қалаларында болған алапат жарылыс зардабы біздегі залалдан әлдеқайда жеңіл болған ба деп ойланып қалдым.
1990 жылы Нагасаки мен Хиросимадағы ядролық жарылыстың 45 жылдығына орай Алматы қаласында «Алматы-Хиросима» телекөпірі ұйымдастырылып, мен сол шараға өзім салған картиналарыммен қатыстым. Сол телекөпірден кейін біздің антиядролық бағыттағы бірлескен күресіміз жанданып, 1991 жылы 29 тамызда мақсатына жетті. Әрине, жаһандық сипат алған күрескер қозғалыстың жеңіске жетуінде Қазақстанның сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, ең алғаш 1989 жылы Семей полигонын жабу жөнінде дабыл қағып, Горбачевке хат жазған Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаевтың және «Невада-Семей» қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменовтің ерлікке пара-пар ерен еңбектері болғанын атап өтуіміз керек.
– «Невада-Семей» қозғалысының өз өміріңіздегі мән-маңызы туралы айта кетсеңіз…
– «Невада-Семей» қозғалысы менің өмірімді түбегейлі өзгертті деуге болады. Өмірімнің жаңа парағы, тағдырымның жаңа кезеңі осы қозғалыс арқылы ашылды. Бойымда күрескерлік рух оянды. Мен бұл қозғалыстың арқасында әлемге бейбітшілік жаршысы ретінде де, қылқалам шебері ретінде де танылдым.
АҚШ-тың Невада штатында болдық. Ол елдегі бастамашыл топты Қазақстанға шақырдық. Невада штатындағы жарылыс құрбаны болған отбасыларда болып, олардың жағдайын көзімізбен көрдік. Олар да кемтар балаларын көшеге шығара алмай, тура біздегідей шерменде күй кешіп отыр екен.
Картиналарымды арқалап, АҚШ, Франция, Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, Түркия, Жапония, Қытай, Германия мемлекеттерінде жеке көрмелерімді өткіздім. Осы «Невада-Семей» қозғалысының арқасында алмасам да, Нобель сыйлығына ұсынылдым. «Жарылыс» аталатын бір картинамды АҚШ-тың бұрынғы Президенті Барак Обамаға, қыран құс бейнеленген тағы бір картинамды Дубайда өткен «EXPO-2022» көрмесінде әлемнің аңыз актері Жан-Клод Ван Даммға сыйға тарттым. АҚШ Президентіне сыйға тартылған суретте мен өзімнің әкемді бейнелеген едім. Ядролық бомбаның жарылысын көріп, көзін жұмып тұрған бейнесі. Сурет менің идеямды ғана емес, Қазақстан халқының ұстанымын танытады.
Қандай жетістікке жетіп, қандай абыройға кенелсем, соның барлығы – бірінші менің өмірімді сақтап қалған ата-анамның, сосын осы қозғалыстың арқасы. Қозғалыс құрамындағы бірлескен жұмысымыздың және бізді қолдаған барша отандастарымның арқасы.
– Бүгінгідей геосаяси ахуал күрделеніп, әлем халқы үрей мен күдік құшағында отырған шақта ядролық қару мәселесі әлі де өзекті күйінде тұр. Осы орайда Қазақстан ұстанымы туралы пікіріңіз қандай?
– Қазақстан – әлемде бірінші болып ядролық қарудан бас тартқан ел. Қазір де сол ұстанымынан айныған жоқ. Кейбір мемлекеттер арасындағы қарулы қақтығыстардың соңы атом қаруын қолдануға дейін шиеленісіп кете ме деген қауіп қой – Сіздің айтып отырғаныңыз. Әбден мүмкін. Осындай күрделі ахуал кезінде біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық ұстанымы мен бітімгерлік саясаты Қазақстанның абыройын алты құрлықтың алдында асқақтатып отыр. Біздің бақытымыз – осы! Сондықтан да, ел болып Президент саясатын қолдауымыз керек.
«Анамды құшақтамаған адаммын»
– Кәріпбек аға, арманыңыз не?
– Арманым көп. Мен – анамды құшақтай алмаған адаммын. Қазір де жақсы адамдарды құшақтағым келеді. Оған еш мүмкіндігім жоқ. Қазірдің өзінде әлем жұртшылығын тамсандырып жүрген картиналарым қолмен салынғанда, бәлкім, алты құрлықтағы ең талантты суретші атанар едім…
Осының бәрі – арман.
– Қиналған, қорланған кездеріңіз болды ма?
– Қайсыбірін айтайын?.. 1996 жылы Егіндібұлақтан Қарағандыға қоныс аудардым. Рахмет, облыс басшылығы «Ардагерлер үйінен» пәтер берді. «Невада-Семей» қозғалысының жұмыстарымен жүріп-тұрамын. Дамыл таппаймын деуге де болады. Жеке көлігім жоқ болғандықтан, барар жеріме автобуспен қатынаймын. Көпшіліктің ортасында жүргеннен кейін әртүрлі жағдайларға душар боласың ғой.
Қыс мезгілінде қалың киінгендіктен, қолымның жоқ екені сырт көзге байқала бермейді. Бірде автобуста келе жатсам, ұлты орыс кондуктор жол ақысын төлеуімді талап етсін. Мен қалыпты дағдымен мүгедек екенімді, тегін жүруге құқылы екенімді айтып жатырмын. Әлгі кондуктор келіншек «Ендеше, құжатыңды көрсет», – деп дікіңдейді. Мен: «Мына қалтамнан алыңызшы», – деймін сыпайы ғана. Өзім алып көрсетуге қолым жоқ. Оған қарап жатқан кондуктор апай тағы жоқ. «Сенің қалтаңды ақтарып жататын уақытым жоқ», – деді де, келесі аялдамадан жұлқылап-жұлқылап түсіріп кетті. Сол жолғы қорланғаным әлі есімнен кетпейді.
– Бүгінгі қоғамның келбеті туралы қандай көзқарастасыз? Көңіліңіз толмайтын, жаныңызды жабырқататын көріністер бар ма?
– Мен өмірімнің 11 жылын елден жырақ, Ленинградта өткіздім. Сонда арнаулы мектепте оқыдым, училище бітірдім. Елге оралғанда, ана тілімде бір ауыз сөз айта алмайтынмын. Өзімнің жігерімнің, ұлтыма деген сүйіспеншілігім мен құрметімнің арқасында анамның сүтімен қаныма дарыған өз тілімді қайта меңгеріп алдым. Елден бір қадам сыртқа шықпай-ақ, өзінің ана тілінен жеріген жастардың тірлігі жанымды жабырқатады.
Иә, мен жастармен, оның ішінде студенттермен, мектеп оқушыларымен жиі кездесемін. Оларға өзі тағдырымды мысалға келтіре отырып, қиындық атаулыны өнер, спорт, басқа да рухани машықтар арқылы жеңуге болатыны туралы әңгімелеймін. Он екі мүшесі сау бола тұра, ата-анасына масыл болып отырған жастарға қарап, қынжыламын.
Сондай-ақ, қол-аяғы балғадай жігіттердің менде жоқ, менде мүлде болмаған қолдың бағасын білмей, сол сау қолдарымен қылмыс жасап, түрмеде отырғаны жүйкеме салмақ түсіріп, жүрегіме жүк артады.
– Керемет әсер құшағына еніп, рухани ләззатқа бөленген сәттеріңіз есіңізде ме?
– 1993 жылы тамыз айында Олжас аға екеуміз Жапонияда өткен Бүкіләлемдік антиядролық қозғалыстың митингісіне қатыстық. Маған сөз берді. Мен сонда: «Біздің «Невада-Семей» қозғалысының символы – көтерілген қол. Біз сол бейне, сол қозғалыс арқылы атом жарылысына қарсылық білдіреміз. Өкінішке қарай, мен ол қимылды жасай алмаймын. Семей полигонының салдарынан өмірге қолсыз келдім. Мен Сіздерден сол қимылды мен үшін жасауларыңызды сұраймын. Өйткені, Сіздер де жарылыс зардабын бастарыңыздан өткергенсіздер», – дедім. Сол сәтте алаңдағы үш мыңнан астам адам орындарынан өре түрегеліп, қолдарын көтерді. Сол сәттегі толқуды ешқашан ұмытпаймын.
– Жақын күндері Нью-Йоркке сапарлап бара жатыр деп естідік… Сапар оң болсын!
– Рахмет! Иә, 31 тамыз-1 қыркүйек күндері Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ-ның Бас ассамблеясында Ядролық сынақтарға қарсы Халықаралық қозғалыс күніне және Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай дүниежүзілік конференция өтеді. Соған шақырту алдым. БҰҰ мінберінде Қазақстан халқы атынан сөз сөйлеймін.
– Бәрекелді! Салмақты сапар алдында уақыт тауып, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан
Ерсін МҰСАБЕК
«Ortalyq Qazaqstan»



