Бас тақырып

«Зертхана» залалы

Атом бәсекесі – екінші дүниежүзілік соғыстан кейін алып державалар арасындағы бір-бірінен асып түсу үшін басталған текетірес еді. Өздерінің әлділігін көрсету үшін түрлі қаруларды шығарған мемлекеттердің сол уақыттағы зерттеулерінің зардабын қарапайым халық әлі күнге дейін тартуда. Биыл – Семей сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толады. Алайда, жердің асты-үстінде жасалған ядролық сынақтардың залалынан арылар емеспіз.

Ажал сепкен тажал

1949 жылы 29 тамызда Қазақстанда 22 килотонна ядролық жарылысы болды. 18 311 шаршы шақырымды алып жатқан Кеңес Одағының зертханасындағы басқаларға қыр көрсету тарихы осылай басталды. 1949-1989 жылдар аралығында 40 жылға ұласқан ядролық сынақта совет әскерилері мен ғалымдары Семей ядролық полигонында 460 ядролық, термоядролық және сутегі қаруларды жерде, әуеде, жер астында және суда сынақтан өткізді. Полигон аумағынан 55 әуе және жерүсті жарылыстың радиоактивті бұлттары, 169 жерасты сынақтың газ сығындылары таралды. Дәл осы 224 жарылыс Қазақстан шығысының радиацияға орануына тікелей әсер етті. Сынақтар Шығыс және СолтүстікШығыс Қазақстандағы елдімекендерге жақын жерде жүргізілді. Сол себепті полигон маңайындағы тұрғындардың бірнеше буынының денсаулығына үлкен зардап келіп, өлім санының артуына түрткі болды. Ядролық сынақтардан Шығыс Қазақстан халқының өмірі мен денсаулығына орасан залал келетінін кеңес әскерилері мен ғалымдары сонау 1950 жылдан білді. Соған қарамастан, 1989 жылға дейін сынақтарды жүргізу жалғаса берді. 1 милионнан астам қазақстандық ажал сепкен тажалдың құрбанына айналды. Семей полигонына жақын маңайдағы елдімекен тұрғындары айықпас дертке шалдықты. Қатерлі ісік, жүйке жүйесі, аққан ауруы меңдеп, Шығыс және Солтүстік-Шығыс Қазақстанда радиацияның әсерінен құбыжық кейпіндегі сәбилер дүниеге келді. Полигондағы ядролық жарылыстар мыңдаған азаматтың ерте өлім құшуына себеп болып, ел ішінде өлім-жітімді көбейтті. Семей полигонының ауқымды бөлігі мен оған іргелес жатқан Павлодар, Семей, Шығыс-Қазақстан және Қарағанды облыстары экологиялық апатты аймақтарға жатқызылды. Полигонның кейбір зақымданған аймақтары адам өміріне қауіпті, мыңдаған жылдар өтсе де, тіршілікке жарамсыз болып қала бермек.

АҚШ авиациясы 1945 жылы 6 тамызда таң ата Жапонияның Хиросима қаласына атом бомбасын тастады. Жарылыс салдарынан 70 мыңнан 100 мың адамға дейін қаза тапты. Жапа шеккендердің жалпы саны 140 мыңнан асты. Ал, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының жоғарғы энергия институты Семей полигонында жер асты және әуеде сыналған ядролық зарядтардың жиынтық қуатын Хиросимаға тасталған бомбадан 2,5 мың есе күшті деп бағалаған…

«Невада – Семей»…

Семей полигоны – XX ғасырдағы ең ірі ядролық полигон. Сонымен қатар, аумағында адамдар тіршілік ететін әлемдегі жалғыз ядролық полигон болды.

Ажалдың зәрін төккен Семей полигоны тек 40 жылдан кейін жабылды. Бұл туралы: «Біз қозғалысты Семей деп жай атамадық, «Невада – Семей» деп атадық. Бұл жеріміздегі ең басты екі негізгі полигон. Олар сиамдық егіздер сияқты. Егер олардың біреуі ауырып қалса, екіншісі де сол ауруға ұшырайды. Біз осылай қаулы етіп, өзімізден бастауға шешім қабылдадық: егер, біз Семей полигонын тоқтатсақ, онда Невада да жабылады. «Невада-Семей» қозғалысын құрып, мен Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестім, біз осы тақырыпта сөйлестік. Ол кезде Премьер-министр еді және ресми тұлға ретінде біздің ереуілдерге, акцияларға қатыса алмады. Бірақ, Нұрсұлтан Назарбаев біздің қозғалысымызды қолдап, Семей полигонының жұмысын тоқтатуына бар күшін салды. Біз оның әрекеттерін жарияламадық, себебі, жариялайтын болсақ, зияны тиер еді. 1989 жылдың қазан айында біздің акцияларымыз Семей полигонындағы сынақтарды тоқтатты, 1989 жылы жоспарланған 18 акцияның 11-і жойылды. Ал, 1991 жылы тамызда Семей полигоны Нұрсұлтан Әбішұлының Жарлығымен ресми түрде жабылды. Елестетіп көріңізші, біз әлемдегі ең қуатты әскери-өнеркәсіптік кешенге қарсы шығып, жеңдік! Бұл – Тәуелсіздікке деген маңызды қадамдардың, халықтық демократияның алғашқы көріністерінің бірі болды. Бұл біздің дұрыс пайдалана алған демократиямыздың сәті. Біз ғана емес, Кеңес Одағының барлық демократиялық күштері. Бірақ біз бірінші болдық!», – деді ақын, жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов.

ТҮЙІН

Қазақстанда 2021 жылы бұрынғы полигонның бүкіл аумағын кешенді экологиялық зерттеу жұмыстары толығымен аяқталады. Зерттеумен қамтылған жалпы аудан 18 311 шаршы шақырымды құрайды.

«Зерттеу нәтижесінде бұрынғы сынақ алаңының барлық аумағының радиоэкологиялық жағдайы анықталады», – деді Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев халық алдында есеп беру кездесуінде.

Сонымен қатар, Семей сынақ полигонының жабылуының 30 жылдығына полигонның ластанған жерлерінде ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау жоспарлануда.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button