Жаңалықтар

Халықаралық «Қарағанды көктемі» поззия фестивалі өтті

Кеншілер шаһарында Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен екі күнге созылған «Қарағанды көктемі» атты халықаралық поэзия фестивалі өтті.

Суреттер : ұйымдастырушылардан

Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры, ақын Жанат Жаңқашұлы мен ақын Асхат Қажытайдың идеясын Алаштың адуынды ақыны Серік Ақсұңқарұлы бастаған әдеби орта қолдап, жұдырықтай жұмылып, ауқымды шараны дүркіретіп өткізді.

Фестивальдің алғашқы күні таңертең ашылу салтанаты мен аймақтардағы әдеби ахуал хақында келелі мәселелер ортаға салынған дөңгелек үстел Достық үйінде өтті. Онда қарағандылық ақын Ерқанат Кеңесбекұлы мен керекулік шайыр Серік Елікбай тұщымды баяндама жасады. Шаһизада Әбдікәрімов, Светқали Нұржан, Сұраған Рахметұлы, Маралтай Райымбекұлы, Бауыржан Бабажанулы, Ғазиз Ештанаев, Дәулеткерей Кәпұлы, Қалқаман Сарин, Сағыныш Намазшамова қатарлы ақындар сөз сөйлеп, жас қаламгерлердің әлеуметтік жағдайы мен шығармашылық жетілуін басты назарға алды.

Түстен кейін Түркия мен Әзірбайжаннан келген Ekber Qoşalı, Yılmaz Okuklu, Selim Yuxai секілді құрметті қонақтарға Қарағандыны таныстырып, қасіретті ҚарЛаг саяси-тұтқындар лагерінің мұражайымен таныстырып, мұнда жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым етілді.

Ал, кешке Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Студенттер сарайында дүркіреп поэзия кеші өтті. Қазақ һәм түрік жұртының белгілі ақындары арқырап өлең оқып, дүлдүл әншілер әуелете ән шырқады.

Сонымен қатар, Ербол Алшынбай, Руза Алдашева, Салтанат Қайырбек, Жоламан Айткен, Әлия Іңкәрбек секілді ақындар Жазушылар одағына мүшелікке өтті.

Екінші күні Қарағандыдағы «Қасым үйіне» экскурсия жасалып, жас ақындарды екі секцияға бөліп, аға буын оларға дәріс оқып, өлеңдерімен танысып, арасынан жырларының бәсі биік деген екі ақын таңдалды. Олар – Абзал Мақаш пен Роза Аспанқызы. Алдағы уақытта ҚарУ-дың ректоры, меценат Нұрлан Дулатбековтің қолдауымен таңдалған екі ақынның кітабы жарыққа шығады.

Айтулы шара қарсаңында Арқаға ат басын бұрған ақындардың топтама жыры «Орталық Қазақстан» газетіне «Қонақ кәде» айдарымен «Қарағанды – қара өлеңнің қағбасы» тақырыбында жарияланды. Топтаманы газеттің «Оrtalyq.kz» сайтынан оқуға болатынын айта кеткен жөн.

– Ауқымды шараның өтуіне қолдау көрсеткен қала әкімінің орынбасары Ләззат Төкен ханым мен Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Баян Сейітбекқызы зор алғыс айтамыз. Идеяларымыз толық жүзеге асты. Барлығы жоғары деңгейде өтті, – дейді Жанат Жаңқашұлы.

«Қарағанды көктемі» фестивалі жайлы толығырақ «Орталық Қазақстан» газетінің алдағы сандарынан оқып, таныса аласыздар.

Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button