Халықаралық айтыс өтеді
Қарағандыда даламның ділмәр шешені, Ұлы Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойына арналған халықаралық айтыс өтеді. Аламан айтысқа наркескен тілмен жыр етер 16 ақын қатысады. Айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін ЕРМАН жүргізеді.
Сөз сайысына қатысатын ақындардың аты-жөндері белгілі болды. Қытайдан – Ұларбек Минатхан, Моңғолиядан – Серік Қуанған, Қырғызстаннан – Баян Акматов және Қазақстаннан 12 танымал ақын бар. Олардың төртеуі қарағандылық Аманжол Әлтай, Айтбай Жұмағұлов, Мақсат Ақанов, Дидар Қамиев. Сондай-ақ, Астанадан – Серікзат Дүйсенғазы, Арқалықтан – Айбек Қалиев, Оралдан – Жансая Мусина, Алматыдан – Рүстем Қайыртай, Ержан Әміров, Түркістаннан – Еркебұлан Қайназаров, Қызылордадан – Мұхтар Ниязов, Мейірбек Сұлтанхан, Семейден – Сара Тоқтамысова сынды ақындар сөз сайыстырады.
Халықаралық ақындар айтысын 20 тамыз күні сағат 11.00-де Кеншілер мәдениет сарайында тамашалай аласыздар.
Нұрдос КӘРІМ