Хайуанаттар бағы жаңа ғимаратқа көшпек

Биылғы жылы 85 жылдығын атап өткелі отырған Қарағанды хайуанаттар бағы жаңа ғимаратқа көшпек.


Ішкі безендіру мен абаттандыру жұмыстары аяқталысымен қызметкерлер мен жануарлар асыға күткен қоныс тойын тойламақ. Жаңа нысан осы айдың аяғына дейін тапсырылады деп жоспарланып отыр.

Аталмыш нысанның жай-күйімен танысып қайтқан аймақ басшысы:

– Жобаны іске асыру үшін біраз уақыт жұмсауға тура келді. Бастапқыда ескерілмеген жайттарды түзеттік. Барлық кемшіліктерді жоюға және барынша қолайлы жағдай жасауға тырыстық, – деп атап өтті.

Жаңа ғимаратта мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барлық жағдай жасалған: пандустар мен арнайы лифт бар.

Бірінші қабатында тасбақалар мен қолтырауындар, сондай-ақ жыртқыштар мен приматтар орналасса, екінші қабатында балықтары бар аквариумдар мен құстары бар қоршаулар болмақ. Үшінші қабатында көрме және конференц-залдар орналасқан.

– Хайуанаттар бағында 2000-нан астам жануарлар, соның ішінде Халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген аң-құстар бар. Биыл зооколлекцияны толықтыруды жоспарлап отырмыз, атап айтар болсақ Израильден бірнеше зебра сатып алмақпыз. Бізге келушілердің қатары күн сайын артуда, тіпті кей күндері 1500 адамға дейін келеді, – дейді хайуанаттар бағының директоры Гүлнара Адамбекова.

Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ,

ortalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.