Әңгіме өзегі – тиімді тәсілдер

    Жуырда Жезқазған қалалық сотында жекелеген дауларды реттеудің тың тәсілі – медиация институтын дамыту шараларына қатысты дөңгелек үстел отырысы өткізілді. Елбасы жария еткен «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары аясындағы қоғамдық-әлеуметтік маңызы зор мәселені қаузаған жиынның тізгінін қалалық соттың судьясы Арғын КУТЫШЕВ ұстады.

Іс-шара барысында Қарағанды облысы бойынша кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі №2 мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Жангелді Ахметов, «Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жезқазған аймағы бойынша өкілі, кәсіби медиатор Жұлдыз Есмурзина, сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бө­лімнің басшысы Рүстем Оралбаев және қалалық ІІБ анықтау бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Біржан Базарбаев жүр­гізілген жұмыстарға шолу жасап, істі ілгерілету бағытындағы қадамдарға сипаттама берді. Сонымен қатар, «Мейірімді жүрек» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Эльвира Алпанбаева, қалалық соттың кеңсе меңгерушісі Жанна Құрманғалиева, Қарағанды облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті пробация бөлімінің басшысы Жанғазы Жанділдин пилоттық жобаның қанатын кең жаюына ықпал ету мәселесіне орайлас, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды.

Өзекті жайтты жан-жақты тал­қылау нәтижесінде оралымды ша­ра­ларды оңтайлы жүргізудің жол­дары белгіленіп, мүдделі тарап­тардың өзара тиімді әрекетінің ал­ғышарттары айқындалды.

Жезқазған қаласы бойынша кәсіби медиатор Жұлдыз Есмурзина медиация тәсілін қолдану мәселесі бойынша атқарылған жұмыс көлемі туралы хабарлама жасап, жиылған қауымның назарына бейнежазба үлгісіндегі кең көлемді ақпарат ұсынды.

Дөңгелек үстел отырысына дауды реттеудің жаңаша мазмұндағы жобасына қызығушылық та­нытушы тараптар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.