Саран

Әңгіме өзегі –Мемлекеттік рәміздер

Ел Тәуелсіздігі жарияланған 25 жылдан бері Қазақстанның Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны мемлекет егемендігі мен оның халқының мызғымас бірлігінің айнымас айғағы болып келеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев соған орай, «Өз еліне шексіз әрі терең сүйіспеншілік сезімі және шынайы патриоттығы болмайынша, нағыз азамат, нағыз адам болмайды. Сондай патриоттықтың жарқын көрінісі біз бүгін айқын айғақтап отырған өз еліміздің мемлекеттік рәміздеріне кіршіксіз құрмет болып табылады. Отанды сезіну, өз елің үшін мақтаныш оның рәміздеріне құрмет көрсетуден басталады» деп атап өткені белгілі.

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап, елімізде Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасына жаңа үлгідегі ұлттық стандарттар қолданылады. Бұрынғы бекітілген мемлекеттік Елтаңбаның стандарты 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін қолданылады, ал, алдағы жылдың 1 шілдесінен бастап, жаңа үлгідегі мемлекеттік Елтаңба пайдаланылады. Соған орай, өзгерістер мемлекеттік Елтаңба таңбаланатын плакаттар мен бланктер өнімдеріне, мөрлерге де енгізілуі тиіс.

Міне, Саран қаласында 14 қыркүйекте өткізілген семинар-тренингте осы мәселе – мемлекеттік рәміздерді қолдану және насихаттау жайы сөз болды. Іс-шараға білім беру, мәдениет мекемелерінің басшылары, прокуратура мен бюджеттік ұйымдардың өкілдері қатысты.

Семинардың ашылу рәсімінде «Саран қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ басшысы Ғ.Төртбаева сөз сөйлеп, мемлекеттік рәміздерге шынайы пейіл қойып, құрмет көрсету – ұлттың ұйысу сезімін қалыптастыруға негіз қалайтын азаматтық пен патриоттықтың шынайы көрінісі екендігін атап өтті.

Семинарға қатысушылардың алдында қолданыстағы заңнаманы түсіндіруге қатысты Қарағанды облысы әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның жұмыс тобының мүшелері, облыстық ішкі саясат басқармасы идеологиялық насихат және әдістемелік жұмыстар бөлімінің басшысы Ш.Кабулова және ҚР Инвестициялар және жаңа технологиялар министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті департаментінің бас маманы Н.Сатыбалдинов сөз сөйледі. Заңнама талаптарын түсіндіруші тұлғалар өз сөздерінде ұлттық стандартқа сай келмейтін мемлекеттік рәміздерді айырбастау және жою, жаңа үлгідегі рәміздерді орналастыру, олардың түн мерзімінде жарықтандырылуы жайына ерекше екпін берді. Ш.Кабулова ҚР мемлекеттік Туын пайдалануға қатысты жиі кездесетін кемшіліктерді нақты дәлелдер арқылы ашып көрсетсе, Н.Сатыбалдинов Қазақстан Республикасы мемлекеттік Елтаңбасының ескі және жаңа үлгілері арасындағы айырмашылықтарды қатысушылар назарына бейнекөрсетілім арқылы ұсынды.

Семинардың ұтымдылығы сол – оған қатысушылар өздерінің тарапынан туындаған сауалдарға тұщымды жауаптар алудың мол мүмкіндігін иеленді. Бұдан тысқары, семинар барысында №7 негізгі мектептің директоры, қалалық мәслихаттың депутаты К.Абзалиева, «Саран қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ басшысының міндетін атқарушы И.Гаршанова және «Саран қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ басшысы Н.Тәжібаева өздеріне қарасты мекемелерде мемлекеттік рәміздерді қолдану және насихаттау жөніндегі тәжірибелерімен бөлісті.

Қазіргі таңда Қарағанды аймағында мемлекеттік рәміздерді шығару ісімен 30-ға жуық фирмалар мен компаниялар шұғылданады. Олардың бәрінде осы тектес өнімдерді жасап шығарудың мол тәжірибесі мен лицензиялары бар. Семинар барысында оған қатысушылар өздерін қызықтыратын сауалдарға жауап алумен қатар, Мемлекеттік рәміздерді шығаруға тапсырыс беруге болатын фирмалар туралы ақпаратқа да қанықты.

Семинар соңында көп жайтты көңілдеріне тоқыған қатысушылар оны ұйымдастырушыларға өздерінің ризашылықтарын бүгіп қалмады.

И.ГАРШАНОВА, «Саран қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ басшысының міндетін атқарушы:

Осындай семинар-тренингтер тек мемлекеттік мекемелердің басшылары үшін ғана емес, басқалар үшін де тиімді деп есептеймін. Бұл мәселе қашанда тереңірек зерделеуді қажетсінеді. Сондықтан да, білікті мамандардың кеңес беруі, мемлекеттік рәміздерді талапқа сай реттілікпен қолдану жайын үйретуі – аса құптарлық жайт.

М.МАМЫРОВА, «Саран техникалық колледжі» КММ директоры:

Бүгінгі семинардың маған бергені өте мол, оны бүкпесіз айтуымыз керек. Мемлекеттік рәміздерді қолдануға қатысты көптеген қатпарлы мәселелерге қанықтық. Ең бастысы, осындай іс-шараларды ұйымдастырудың маңыздылығына көзімізді жеткіздік. Нақты сауалдарымызға көңілге қонымды жауаптар алдық. Әрине, сұраныстан туындайтын осындай семинарлардың жиі өткізіліп тұруы – өмірдің өз қажеттілігі. Ұйымдастырушы тарапқа ризамыз.

Надежда ЦХАЙ.

САРАН қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button