Гидролог пен гидротехник қайда?

       «Вся история науки доказывает на каждом шагу, что в конце концов постоянно бывает прав ученый, видящий то, что другие своевременно осознать и оценить не были в состоянии».

Академик В.ВЕРНАДСКИЙ.

Темірғали Көкетаев көкеммен өткен бейсенбіде тіл жөніндегі комиссия отырысында жолықтым. Көптен көрмеген ағатайыммен қауқылдасып жатырмын. Әңгіме ауаны дес бермей жатқан тасқынға ойысты.

– 1939 жылы тудым. Біз де талай қарлы қысты көрдік. Үйдің төбесінен қар жүріп кеткен қыстар болды. Еритін, сәл таситын. Сабасына түсетін. Мынадай тасқын қайдан келіп жатыр? – деп әйгілі физик көкем шарасыздана маған қарады.

– Аға, Сіз – физик, мен – лирик. Оксфордта лекция оқитын Сіз білмесеңіз, менің миым жетпей тұр, – деп әзілдедім.

Көкеммен бірге көкке қарадық. Көк Тәңірісінің бір пәрмені болар деп. Бір Алламыз қос пендесін ашығып қалмасын, жемісін теріп жесін деп Жер, шөлдеп қалмасын деп Су, тұншығып қалмасын деп Ауа беріпті. Бұл енді көне тәмсіл.

♦ ♦ ♦

Ұлы Абайдың Шыңғыстауынан Мұғалжар тауларына шейін созылып жатқан ұланғайыр сауырлы жерге Сақ па, Ғұн ба, Түркілер ме, әлде Қазақтар ма, «САРЫАРҚА» деген атау берген. Арқа болған соң синонимі көп-ақ. Жон, бел, қыр, жота… Тізе берсең, көп-ақ.

Осы атауларды алған жерлерге су тұрмайды негізі. Екі жағына ағып кетеді. Оңтүстікте Бетпақдала мен Балқашқа, Солтүстікте Сібірге қарай ағады өзендеріміз. Бабаларымыз космосқа ұшпай-ақ ат үстінде тұрып Арқаның бел екенін жағырапияның кәнігі ғалымындай айырған. Ойпатқа су жиылатыны белгілі. Ал Арқаны неге жылда су басады, тасқын толастамайды? Тылсым ба?

♦ ♦ ♦

Өткен ғасырдың сексенші жылдарының басы. Ғайыптан-тайып аяқ астынан облыстық партия комитеті осы «Орталық Қазақстанға» ауыл шаруашылық бөлімінің меңгерушілігіне тағайындады. Орда бұзар отызға да толмаған кезім. Жазу қолдан келеді. Оның үстіне, ауыл баласы болған соң, ауыл шаруашылығының бүге-шігесіне шейін білемін ғой деген жастық максимализм тағы бар. Олай болмады. Бұл саланың қыры мен ойы, сай мен саласы жетерлік екен.

«Ертіс – Қарағанды» каналы бойында жаңадан Молодежный ауданы ашылған. (Қазір Осакаров ауданына қарайды). Совхоздарының дені канал бойында. Картоп, көкөніс өндіреді. Су іргеде. Ет те, сүт те береді. «Қазақстан», «Мирный», «Звезда» деген совхоздар картоптан рекордтық өнім жинап, үш шаруашылықты Қазақстан Компартиясының съезінде Д.Қонаев керемет мақтаған. Содан да болар бұл ауданға іссапарға жиі жібереді. Бір жолы барсам, аупартком бірінші хатшысы Л.Мукин директорды ма, әлде парторгты ма, телефонмен жерден алып, жерге салып, шаңын қағып жатыр. Алдында отырған соң, еріксіз құлақ түресің ғой. Әңгіме ауаны каналға ең таяу орналасқан совхоздағы бірталай үйдің погребтері дымқылданып, тұрғындар шағымданған бірінші хатшыға.

Леонид Петрович ашуы қатты болғанмен, қайтымы тез адам еді. Тасыған судай бұрқылдап алып, сабасына түскенде таңданысымды жеткіздім.

– Онда тұрған не бар? Сәл дымқылданса, жазда погребінің қақпағын ашып кептіріп алады ғой, – деп сөз қостым.

– Бүгін погребі дымқылданады, ертең суға толады, үшінші күні еденін су алады. Үй құлайды. Адам астында қалса, өлуі мүмкін ғой. Жамбылдың гидро-мелиоративтік институтын бітіріп келген жас гидротехник соны білмейді. Үйренеді ғой, – деп басқа әңгімеге көшіп кетті.

Сонда білдім, әр совхозда гидротехник штаты барын. Жылда қайталанатын тасқындардан кейін осы әңгіме ойға оралды.

♦ ♦ ♦

Т.Көкетаев көкеммен әңгімеден кейін қолымда бар суға байланысты кітаптарды біраз ақтардым. Қазақ Совет Энцеклопедиясында сайрап тұр екен. Содан үзінділер оқып көріңіз.

Гидрогеология – жер асты суының пайда болуын, таралуын, алмасуын, оның қасиеттерін, химиялық құрамын және жер бетіне шығу жолдарын зерттейтін ғылым. Гидрогеология – жалпы геологияның бір тарауы. Сондықтан, ол жер асты суы бар қабаттарды құрайтын тау жыныстарын Жердің өзінің қалыптасуы, өзгеру тарихымен байланысты алып қарайды. Гидрогеология жер асты суларын кәсіпорындар мен қалаларды, басқа елді мекендерді, курорт-емдеу орындарын, мал жайылымдарын сумен қамтамасыз етуге, жер суаруға, суландыруға пайдаланудың, судан әр түрлі тұздарды және техникаға қажетті химиялық элементтерді ажыратып алудың жолдарын белгілейді. Күрделі гидротехникалық және мелиорациялық құрылыстар салғанда, кен өндіруде, шахта қазғанда жер асты суының тигізетін әсерін, пайда-зиянын анықтайды. Гидрогеология қазіргі даму сатысында ғылымның геологиядан басқа көптеген тарауларымен гидрология, океанология, метеорология, климатология, бальнеология, физика, химия, математика, тағы басқалармен тығыз байланысты.

Гидрология – табиғи суларды, олардағы құбылыстар мен процестерді, олардың даму заңдылықтарын зерттейтін географиялық ғылым. Гидрология мұхит, теңіз, өзен, көл, бөген, батпақ сияқты су объектілерін, қар, мұздақ, топырақ және жер асты суы күйінде кездесетін ылғал жиынтығын зерттейді. Қазіргі Гидрологияның негізгі проблемалары – табиғаттағы су айналымы, оған адам әрекетінің тигізетін әсері, су объектілері мен территорияның су режимін реттеп отыру, жеке территория мен тұтас Жер шары үшін гидрологиялық элементтерге (су деңгейі, шығыны, температурасы, т.б.) кеңістік пен уақыт тұрғысынан анализ жасау және бұл элементтердің ауытқуындағы заңдылықты ашу. Гидрологияның практикалық маңызы – су ресурстарының қазіргі жайын бағалау және келешектегі жайын болжаумен қатар оларды тиімді пайдаланудың жолын көрсету.

Құрлық гидрологиясы су балансы мен ағынның қалыптасуын өзен тасқындарының құрылымын, арналық және жағалық процестерді, судың температурасын, мұздың қатуы мен еруі сияқты көптеген физикалық құбылыстарды, судың химиялық құрамын зерттеп, гидрологиялық аспаптардың конструкциясын жасаумен шұғылданады.

Гидротехника – су ресурсын зерттеу, суды халық шаруашылығының әр түрлі мақсаттарына пайдалану, су тасқынынан қорғайтын инженерлік құрылыс салу мәселесімен шұғылданатын ғылым мен техника саласы. Гидротехниканың негізгі су шаруашылық салалары, бағыттары төмендегідей: су энергиясын пайдалану (қ. Гидроэнергетика); кеме қатынасын және сумен ағаш ағызуды қамтамасыз ету; мелиорация, суару және құрғату, елді мекендерді, транспорт және өнеркәсіп орындарын сумен жабдықтау, пайдаланылған суды қала-село сыртына ағызып жіберу, балық шаруашылығына қолайлы жағдайлар туғызу, елді мекендерді, өнеркәсіп орындарын, транспорт жолдарын, байланыс желілерін тағы басқа әр түрлі құрылыстарды су апатынан қорғау.

Бізден де көбірек ғұмыр кешіп жатқан үлкендерден сұрасаңыз, көбі «жер асты суы көтеріліп жатыр» деп болжамдайды. Жаны бар сияқты. Семей атом полигонында жер астында 352 атом жарылысы жасалғаны мәлім. Жер дірілі осы Қарағандыға шейін жететін. Полигон аумағындағы жер қыртысы қозғалып, көшуі мүмкін ғой. Жердің астындағы судың да өз жүлгесі, саласы, арнасы бар шығар. Өйткені, бала күнімізде әкелеріміз «ғұмыры су атқылап жататын бұлақтардың көзі бітелді, суы таусылмайтын құдықтар суалды» деп отыратын. Әйтеуір, Елбасы Н.Назарбаев полигонды жауып, елдің де, жердің де алғысын алды. Міне, осының бәрін зерттейтін Қ.Сәтбаев негізін салып кеткен гидрогеология ғылымы қайда?

Бірталай аудан басшыларымен хабарластым. Ауыл түгілі аудандарда гидротехник жоқ. Маман да жоқ болу керек. Жамбылдағы гидро-мелиоративтік институт баяғыда жабылып, су шаруашылығы факультеті ғана қалған. Әр ауылға емес, әр ауданға суландыруға, су тасқынына жауап беретін бір гидротехник штатын ашу керек шығар.

Облыстың жағырафиялық аумағын шөл және жартылай шөлейт аймағы деп атайды. Солай бола тұра, Самарқан, Ынтымақ, Топар, Кеңгір су қоймалары, үлкен канал, шағын тоғандар бар. Ең бастысы Самарқан, Ынтымақ сияқты үлкен су қоймаларын зерттейтін ешкім жоқ. Әсіресе, табанын. Ағын су әкелмейтін нәрсе жоқ. Топырақ, құм дегендей. Су қоймаларының табаны көтеріліп, су ернеуінен асып кетсе, не болады? Қауіптің алдын алатын гидрологтар осы тұста қажет.

♦ ♦ ♦

«Алла сақтансаң ғана сақтайды» деген сөз бар қазақта. Осыны қаперге алмайтын болдық. Мәселен, былтыр жол апатынан облыста 130 адам көз жұмды. Кім кінәлі? Осы тасқында да солай. Бүкіл ақпарат құралдары, басқа мемлекеттік органдар жұртқа ескертудей ескертеді. Құлақтарына ілмейді. «Әй, Сырдың суы сирағымнан келмейдінің» кері. Адам әуелі өз жанын өзі сақтау керек. Алла адамға жанды аманатқа берген.

От пен суға ерлік жүрмейді. Осыны ұмытпайық.

Мағауия СЕМБАЙ

One thought on “Гидролог пен гидротехник қайда?

  1. Өте дұрыс айтылған. Нағыз өзекті мəселе. Нағыз керек мамандық. Біраз мағлұмат беріпсіз, рахмет.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.