Басты тақырыпСпорт

GGG: елдік һәм ерлік

«Қарағанды қабыланы» қазақ рухын тағы бір мәрте асқақтатты. Абыройымыз – аспанда. Ағылшынның астанасы – Лондондағы айқаста Геннадий ГОЛОВКИН британдық Келл БРУКТЫ тізе бүктірді.

Бұл жекпе-жекті «О2 Арена» сарайындағы 20 мың көрерменнен бөлек, әлем бойынша миллиондаған жанкүйер тамашалады. Түнгі тәтті ұйқысын қиған қазақстандықтар да ерекше тақым қысты осы жолы. Себебі, 36 кездесуінде жеңіліп көрмеген Брук – жаһандағы жойқын жұдырықтылардың бірі еді. Және бәске Генаның жылдар бойы өлшеусіз төгілген қаны мен терінің арқасында жиналған барлық атақтары тігілді.

Қарағандылық даңқты жігіт Ұлыбританияда алғаш рет шаршы алаңға шықты. Бұған дейінгі АҚШ, Германия, Дания, Панама, Украина, Монако мен Қазақстанда жұдырықтасқан-ды.

Гена сарайға, әдеттегідей, қазақы көк шапанмен келді. Көк Туымыз да Генаның алдында желбірей кірді. Алапат айқас басталмас бұрын Әнұранымыз шырқалды. Сөйтіп, салтанатты рәсімде қазақтың елдігін танытқан Гена келесі раундтарда ерлігін көрсетті.

Ә дегеннен жерлесіміз кездесу тізігінін қолға алды. Алғашқы раундта-ақ Головкиннің ауыр соққыларына ұрынған Брук сұлап түсе жаздады. Теңселіп барып, қашып құтылды.

Екінші раундта екі жақ алмакезек соққы алмасумен болды.

Ал, үшінші раундта Гена Брукты тықсыра жүріп төпелеумен айналысты. Раундтың басында Брук бір құлап алды. Бірақ, онысын өзі «сүрініп қалдымға» шығарды.

Қазақстандықтың келесі бір шабуылдарында Брук көзінің астынан жарақат алды. Генаның оң қолмен ұрған қысқа соққысы Бруктың бет сүйегін сындырып жіберді. Жерлесіміз осы көздің астын көздей жүріп, көздегеніне жетті. Арқан жағалай қашқан Брукты бесінші раундқа дейін қуалай ұрды. Шәкіртінің жағдайының мүшкіл екеніне бесінші раундта ғана көзі жеткен Бруктың бапкері раундтың орта шенінде ақ орамалын ортаға тастады.

Сөйтіп, британдық боксшы кәсіпқой мансабында алғаш рет ұтылды. Осы кездесуден кейін Брук дереу дәрігерлер көмегіне жүгінді. Ал, Гена өзінің жүлдеге қойылған барлық атақтарын кезекті мәрте қорғап қалды. IBF, IBO, WBC тұжырымдарының чемпиондығы – бұрынғыша жерлесіміздің еншісінде.

Қарағандылықтар аталған жекпе-жекті қаланың орталығында орналасқан алып экраннан тамашалады. Бұйыртса, келесі жеңісті сәтке де бірге куә боларымыз анық. Әзірге, Головкиннің ендігі қарсыласы белгісіз.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button