Гүлжан РҮСТЕМОВА: «Өлеңдегі тұсауымды кесіп, батасын берген Фариза апай еді…»

«Көзіңде мұң, көңілің алабұртып,

Сен де білем, шаттанып жүрген жоқсың.

Жанарыңда жасыңды әрең іркіп,

Сәл жымиып суретте күлген бопсың.

Қайтсем сені бақытты етер екем?

«Аққа Құдай жақ» деген бекер екен.

Бар байлығы дүниенің менің үшін,

Сенің мұңсыз күлкіңе жете ме екен?!

Қайтсем сені бақытты етеді екем?!

Сен нәзік ең, аққудай, шағаладай,

Адастың тек қона алмай, жағаға жай.

Өңкей жаман анталап жан-жағыңнан,

Аяламай, қор қылды-ау бағаламай…

Қайтсем сені бақытты етеді екем?!».

Сағынышқа айналған студенттік жылдардан жадымызда жатталып қалған бұл өлең жолдарының авторы, ақын Гүлжан РҮСТЕМОВА. Кезінде жыр көгінде жұлдызы жарқырай жанып, жырға ғашық, өлеңге іңкәр тұтас бір буынның сүйікті ақынына айналған перизат поэзияның беделді өкілі еді. Кейінгі жылдары әдеби ортадан алшақ, оқырманнан оқшау ой кешкен ақынның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында арнайы іздеп барып, сұхбаттасқан едік. Назарларыңызға ұсынамыз.

– Қайырлы күн, Гүлжан ханым! Әңгімемізді айдардың дәстүрлі сұрағынан бастасақ. 1990-шы жылдардың аяғы 2000-шы жылдардың басында Арқа ақындарының алдыңғы легінен көрінген сыршыл поэзия иесі Гүлжан Рүстемова қазір қайда жүр?

– Алдымен, «Қайда жүрсіз?» деп іздеп жатқан газет ұжымына үлкен алғысымды білдіремін. Жасап жатқан жұмыстарыңызға толағай табыстар тілеймін. Осыдан 17 жыл бұрын әлемге әйгілі Мary Kay компаниясымен бірге өз кәсібімді бастадым. Себебі, компания ұсынған мүмкіндіктерден өзімнің тұлға ретінде қалыптасып, өмірімді өзгерте алатынымды сездім. Қолайлы жұмыс кестесінен отбасыма қалағанымша уақыт бөле алатынымды көрдім. Бұл менің сол уақыттағы бірінші қажеттілігім болатын. Сөйтіп, өзімді дамыту үшін батыл қадамдар жасауға бел будым. Бизнес тобымдағы әрбір адамның менімен бірге жеңіске жетуі, өсуі, дамуы, отбасының үйлесімін табуы мен үшін үлкен де қайырлы іс. Әрине, отбасында отағасының, әкенің орны бөлек, қашанда жоғары. Алайда, бала тәрбиесінде ананың алатын орны ерекше екені белгілі. Бала дұрыс шешім қабылдап, нақты істің көзін таба білетін іскер болуы анаға көбірек байланысты екен. Мен бала-шағама, отбасыма көбірек көңіл бөлу үшін осы жолды таңдадым. Екіншіден, ішкі потенциал, күш-қуатымды осындай жүйелі, мағыналы жұмысқа арнауым керек деп шештім. Бұл жұмыс мені шығармашылық тоқыраудан сақтап қана қалған жоқ, сонымен бірге кемелдене түсуіме көмектесті. Көптеген қыз-келіншектерге жол көрсету арқылы мен өзіме жол аштым. Тағдырыма жазылған шығар, гүлдедім. Бүгінде осы жерде кәсіби beauty-сарапшы, бизнес көшбасшысы болып жұмыс жасап жүрмін.

– «Мәртебе емес маған билік, байлығың, Жүрегімнің қанын жерге тамызып, Шабыт қысса – сол бақыт» деп жырлаған талантты ақынның өлеңді мансұқ етіп, өрісті өзге саладан іздеуі – поэзияға жасалған қиянат емес пе? Жоқ, әлде, «Сананы тұрмыс билейді» деп түсінейік пе мұны?

– Бұйрық деп түсінсеңіз, қателеспейсіз. Күн шыққан жерінде тұра бермейді ғой. Екіншіден, адам өз қалағанын болдыра алатын құдірет иесі емес. Орайы келген іс маған қайырлы деп санаймын. Таласу, тартысу болмысымда жоқ екен. Маған бұйырғанына қанағат еттім. Қолымда барды бағалап, сол істі барлық ынта-шынтаммен беріле жасауға тырыстым. Біреу біреудің халінде болмай, оны түсінуі мүмкін емес. Ақыры жоқ болып кететін барлық дүниелік материалдарды ұстап көре аласың. Олар өмір сүру құралы ғана. Шығармашылық адамы оны місе тұтпайды. Оған рух, жан жақын. Қолға ілінбейтін, көзге көріне бермейтін, әркім сезіне алмайтын ішкі рухтың күш-қуаты, қауқары, ішкі әлемінің жауһары жақын. Сондықтан, басқалар не десе, о десін, ал, ақынның ақын туралы осылай ойлауы мүлдем негізсіз.

Ақшалы компания екені рас, бірақ мені қызықтырғаны ақша емес, олар ұстанатын құндылықтар еді. Компанияның «Адамдардың өзімізге қалай қарым-қатынас жасағанын қаласақ, оларға да сондай қарым-қатынас жасау» алтын қағидасы. «Менің маңыздылығымды сезінуге мүмкіндік бер!» принципі. Осы жерге келген адамдардың үздіксіз дамуы. Дамудың бір дәлелі ретінде айта кетейін, компанияға дейін мен өзімді белгілі бір шеңберде ұстадым, жеткен жетістігімді қанағат тұтып, одан асу ойымда да болған жоқ. Себебі, мүмкіндіктерімізді өзіміз шектейміз. Мұнда келгелі сол шеңберден шықтым. Өмірге деген көзқарас көкжиегі кеңейе түсті.

Иә, жүрегімді кірлетіп алсам, онда поэзияға қиянат болар еді. Алайда, мен жүрегімді кірлетпей, керісінше оған жырымды құндақтап келе жатқан жанмын.

– Қалай дегенмен де, кейінгі кезде әдеби ортадан жырақ, өлең өлкесінен алыстап кеттіңіз. Тіпті, қазіргі оқырмандарды айтпағанда кейінгі жас ақындардың өзі шығармашылығыңыздан бейхабар сияқты…

– Бейхабарлығына себеп – өзіме және өлеңдеріме жарнама жасамауымда. Оның өзіндік себептері де бар. 2003 жылы облыстық бір мүшәйрада Бас жүлде алдым. Сол кезде осы мәселеге байланысты шу шықты. «Бөтен» екенімді сонда ғана білдім. Мені қойшы, өнер де, өлең де облысқа бөлінеді екен. Мүшәйраны ұйымдастырушылар қазылар алқасын шақырып алып, «Оңтүстіктің адамында нелерің бар, қолдау мен жүлделі орындар жергілікті жердің тумаларына берілсін» деген мағынада біраз ауыр сөздер айтып, бұйрық берді. Жер бетіне тарыдай шашылған қазақтың баласы әлемнің әр түпкірінде өмір сүруде. Ендеше, Қазақстанның қай түпкірі болса да менің жерім, менің Отаным, менің үйім деп санайтын, өнер ортақ деп білетін маған бұл өте ауыр тиді. Өткен өтті, мұның да бір қайыры болған шығар. «Түймедейді түйедей етіп айта берсе, ұлғая береді» дейтін анам. Осыдан кейін өз үйімде өзімнің әдеби ортам, өзімнің әдеби әлемімді құрып алған сияқтымын. «Уайым түбі – тұңғиық батасың да кетесің» деген. Ең бастысы тауым шағылмай, жүрекке басқа жұбаныш тауып, болмысымды жоғалтпағанымды, тәуекелге бел буып, өзімді-өзім алға сүйрегенімді ерлік деп санаймын.

– «Оңтүстіктің адамы» дегеннен шығады, Арқа жұртының қалам қуатыңызды бірден мойындап, жылы қабылдағанын жақсы білеміз. Жалпы, Қарағандыға қашан, қалай келдіңіз?

– Менің еңбек жолым 1990 жылы «Жас Алаш» газетінде басталды. Сол жылы ауылдан Алматыға оқуға келдім. Фариза апайды көру бала күнгі арманым болатын. Алдына бардым. Қолымдағы өлең дәптерімді оқып шыққан соң, Фариза апай маған оқи жүріп, редакцияда жұмыс істеуіме болатынын айтты. Содан мені «Жас Алаш» газетіне жұмысқа орналастырды. «Жас Алаш» газетінде машинистка, тілші одан соң «Ақ желкен» журналында тілші, бөлім редакторы қызметтерін атқардым. Мұның барлығы ұстазым Фариза апайдың маған жасаған үлкен қамқорлығы еді.

«Жырыңмен елітіп сыр әлеміне,

Жетелеп алып келгенің үшін,

Жайқалып өскен гүл әлеміме

Сәулелі шуақ бергенің үшін,

Мен саған, Апа, ризамын!» деген өлең жолдарымды апама алғысым ретінде арнаған едім. Сондай-ақ, өлеңдерім 90-шы жылдары «Жас Алаш», «Ақ желкен», «Жалын», «Жұлдыз» журналдарында жарық көрді. Ал, Қарағандыға 1993 жылы тұрмысқа шығуыма байланысты келдім.

– Демек, өлеңдегі тұсауыңызды кесіп, ақ батасын берген Фариза апай болды ғой?..

– Ия, Алматыда жүргенімде алғаш өлеңдегі тұсауымды кесіп, ақ батасын берген Фариза апай еді. Кейінірек Қарағанды жұртына таныстырған академик Ғабдолла Құлқыбаев болды. Ол кісіні алғаш көргенімде мейірлене қарап:

– «Томағаңды сыпырған мен боламын»,– деп еді. Мүшәйрадан кейін дастархан басында жиналған кісілерге: «Это – наша жемчужина, сохраните ее» дегені есімде. Содан соң 2013 жылы «Қасым» журналында бір топ өлеңдерім жарияланды. Оған мұрындық болған Серік Ақсұңқарұлы ағамыз.

Осындай ірі тұлғалар танып, батасын берді. «Қанағат, ынсап ойлап қой» деген ғой Абай атамыз. Ендеше, мен үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Алайда, бұл, «Болдымтолдым, енді өлең жазбаймын» деген сөз емес. Керісінше шығармашылығымның шыңы алдымдатұр. Жеңіске толы жаңа белестер, өмірімнің жаңа сапасы алдағы күндерде. Оның қандай формада болатыны уақыт еншісінде.

– Біздің «Орталықта» да жемісті еңбек етіп, корректорлықтан бөлім жетекшілігіне дейін көтерілген екенсіз…

– Ия, «Орталық Қазақстан» бір кезде өзім қызмет еткен өз газетім, өз ұжымым, өз қарашаңырағым.

2000 жылы «Орталық Қазақстан» газетіне жұмыс іздеп бардым. Газет редакторы марқұм Мағауия Сембай ағамыз болатын. Жылы қарсы алды. Танысып-біліскеннен кейін редакцияға жұмысқа қабылдады. Ынтымағы жарасқан үлкен ұжымның ұйымшылдығы, жанашырлық пен қолдауы, ыстық ықыластары әлі есімде. Сондай өздеріне жақын тартып, бауырмалдық танытқан аға-апаларыма алғысым шексіз.

Мәрия Алдажұманова, Дәмкен Көпжасарова, Марал Әйнекова апайларым мейірімді де сабырлы қалпынан айнымайтын. Аман Жанғожин, Серік Сексенұлы, Тілеуқабыл Байтұрсын, Сүйіндік Жанысбай сияқты ағаларымыз еңбекқорлығымен, жазу-сызуымен бізге үлгі, өнеге бола білді. Міне, осындай ынтымағы айрандай ұйыған ортада қызмет жасағанымды әрдайым үлкен құрметпен еске алып отырамын.

– Жырларыңыздың бірекі жинаққа жүк боларлық салмағы болса да жеке жинағыңыз әлі жарыққа шықпаған екен. Екі көлік сыйлаған компанияға кітабыңызды шығарып беру қиынға соқпаса керек еді ғой… Жоқ, өзіңіз құнттамай жүрсіз бе?

– Мұны келешектің еншісіне қалдырайық, бауырым. Біріншіден, өзімде де ынта жоқ, екіншіден, «сабақты ине сәтімен» деген ғой, оның да уақыты келер…

– Қазіргі жастар поэзиясынан қаншалықты хабардарсыз?

– Көбінесе көлікте жүргендіктен шығар, қазақ радиосынан тыңдап жүремін. Кейде әлеуметтік желіден жастар не жазып жатыр екен деп, қарайтыным бар. Тұщымды ой айтып, жақсы өлең жазатын жастар бар. Олардың өлеңдерінен еркіндік желі есіп, ақиқаттан алшақтамай, адалдықтың ақ жолынан адаспаған, таза жүректің лүпілі сезіледі.

Солардың ішінен атап айта кетсем, Бек Жылқыбаев қарапайым тілмен жүрекке жеткізе жырлайды. Көпшілікке танымал Саян Есжанның өлеңдері терең де мағыналы. Жас ақын Мейіржан Тұрғанбек маған жаңа жазған өлеңдерін жіберіп отырады. Өлеңдері көңілге қонымды. Жырларынан мейірімге толы жүректің ізгілікке ұмтылған құлшынысын байқайсыз. Алайда, мен «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» деп аталатын кезеңдегі поэзиямен тыныстаймын. Шығыс поэзиясын қатты ұнатамын. Онда бір жаныма жақын саз бар. Омар Һайям, Әлішер Науаи, Абай, Мағжан, Жұматай Жақыпбаев, Мұқағали, Фариза, Светқали, Гүлнәрларды сүйіп оқимын. Мысалы, Светқали «Ішіме жұтқан тамады жасым, жанымның күрең жапырағына» деп жазды. Өзіне ғана тән ерекшелік, өзіне тән тереңдік. Алайда, маған да өте таныс, өте жақын мұң. Біреу кеуде тұсыңа бір саптаяқ ыстық қанды құйып жібергендей. Жүрек қағысы оңалып, ішіңнен от шығарып, терең тыныс ала бастайсың…

– «Бір күнімді ғана шығармашылыққа арнамай жұмыссыз өткізсем, өзімді-өзім өлтірер едім» депті Л.Толстой. Әрине, сіз Толстой емессіз. Әйтсе де, жыр жазбаған күндеріңізге күйінетін боларсыз?

– Иә, біздің өмірімізде уақыт алтыннан да қымбат. Таң атса болды, күн батқан қарбалас заманда менің әр күнім шығармашылыққа толы. Себебі, маңызды жұмыстарымның бәрін шығармашылықпен үйлестіремін. Үнемі ізденісте жүрген адам, ізденген сайын, таныған сайын бұған дейінгі білдім, таныдым дегені түк білмеппін, түк танымаппын деген ойға ұласады екен. Болмысым консерватор емес, информатор болғандықтан да шығар, үнемі ізденіс үстінде екенмін. Қойын дәптеріме күніне тым болмағанда бір ауыз шүкіршілік деген сөзімді жазып отырамын.

Жалпы өлең күнде тумайды ғой. Өз басым жоспармен немесе арнайы тапсырыспен өлең жаза алмаймын.

Содан болар жыр жазбаған күніме күйінбеймін. Күнделікті өлең жазу парыз етілген жоқ. Егер парыз етілген амалдарым қолымнан келе тұра жасалмай жатса, соған күйінемін. Одан басқа нәрселерге сабырмен қараймын, қанағат, шүкіршілік етемін. Жүрегімді де тыңдауға тырысамын. Жүрек қалауы болмай жатса, Алланың қалауымен болып жатқанды махаббатпен қабылдаймын.

Қат-қабат іспен қатар келіп, кейде әдемі ойларым мен әдемі шумақтарым жалт етіп көрініп, оны жалғап алып кете алмай, ұмыт болып жатады. Өмірдің заңы шығар. Бақылау және жауапкершіліктің бәрін өз мойнымызға ала бермей, кейде Ұлы бақылаушы, реттеуші Аллаға тапсыру да абзал екен.

– Соңғы сұрақ. Айнаға қарағанда көзіңізге бірінші кім түседі? Белгілі кәсіпкер ме, белгісіз ақын ба?

– Шындығында өзіме белгілі кәсіпкер деп те, белгісіз ақын деп те айдар тақпаған екенмін. Қайсы болсам да маңызды емес. Мен үшін бәрінен адамдық болмысым, пейіл-ниетім мен жанарымның нұры, жүрегімнің мейірім-махаббаты жоғары тұр.

Әрине, өмірінде айнаға қарап өзіне «Мен кіммін осы?» деп сұрақ қоймаған адам кемде-кем шығар?! Бұл сұрақты мен де өзіме талай рет қойдым. Іле өмірге не үшін келдім деген сұрақ шыға келетін болды… Армандай білетін, мақсат қоя білетін, өмірден не қалайтыныны анық, сол қалауына амал жасап, нәтижесін Алладан күтетін қабілетті алайда жаны, жүрегі нәзік әйел заты екенім ақиқат. Балаларымның жарқын жүзін көргенде, жүрегінен төгілген мейірімді сезінгенде бүкіл әлем менің табанымның астында жатқандай бақытқа бөленемін. Қалай шүкір демеске? Бұл Жаратқан Иемнің маған жіберген сыйы, нығыметі деп білемін. Тереңірек үңіле түссем сынақ өмірге ғибадат үшін ғана келген бар болғаны Алланың сүйген құлдарының бірі екенімді көремін. Кәсіпкерлік 17 жылда оқып үйреніп, игеріп, меңгергенім. Ақындық – ананың сүті, атаның қанымен келген қасиет. Бірақ, екеуі де мәңгілік емес, екеуін де Алланың алдына алып бармайсың. Онда оның несіне масаттанасың?! Тек жазғанып күндердің күнінде біреудің игілігіне жарап, содан жаны жұбанып жатса құба-құп. Оған қоса шығармашылығыма арқау болар бірталай дүние жүрек түбінде жатыр.

Ізгілік еді іздеген мұратым, ісім,

Ғажайып әлем ішімде – қуатым, күшім.

Сыр-сандық жайым, ашып-ақ ақтарар едім,

Болса егер мұны көретін, ұғатын кісің.

Адамды айқындайтын үш нәрсе бар: еңбек, адалдық, жетістік. Мұның үшеуі де ақындық жолымда да кәсіптік жолымда да болды. Яғни, өзімнің екеуін де тең алып дұрыс жолда келе жатқаныма сенімдімін. Ақындығым белгісіз десең, белгілі болуға өзімнің ұмтылмағандығымнан.

– Ақтарыла айтқан ашық әңгімеңізге рахмет. Жұмысыңызда іркілістер аз болып, ілкімді істер көп болсын!

Әңгімелескен Ілияс МҰҚАЙ.

Суретті түсірген Р.ҚАЛИЕВ.