Руханият

Гүл шоқтары – пәк пейіл үшін

Алғыс айту күні мерекесіне орай Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы каскад алаңында «Қазақ еліне мың алғыс» ескерткіш белгісіне гүл шоқтары қойылды. Көктемнің алғашқы күніндегі ерекше мейрамға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері, ҚХА құрылымдарының, этномәдени бірлестіктердің, Жаңғыру жолы жастар қозғалысының өкілдері және еріктілер жиналды.

Қиын-қыстау жылдары депортацияланған этнос өкілдерін құшақ жая қарсы алған қазақ жері мен халқына алғыс белгісін білдіретін ерекше мүсіндік композиция облыста екі жыл бұрын корей этномәдени бірлестігінің бастамасымен пайда болған еді. 
– Бұл мерекенің басты идеясы – ортақ тарихи жады негізінде Қоғамдық келісім мен азаматтық бірегейлікті, жалпыұлттық бірлікті нығайту. 1995 жылы дәл осы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Осы мерекеде мейірімділік танытып, түрлі этностарды өз туыстары ретінде қабылдаған қазақ халқына алғыс айтамыз. Қиындықтарға қарамастан, қазақтардың қонақжайлығы арқасында жер аударылғандар мұнда баспана тауып, жаңа өмір бастады. Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл біздің өткеніміз бен тағдырымыз, тұтас ұрпақтың орындалған арманы. Өйткені, Тәуелсіздік пен теңдік, егемендік пен мемлекеттілік кез-келген халық үшін құнды ұғымдар. Бір шаңырақ астында, бейбітшілік пен келісімде біз жаңа биіктерге жетеміз, – деді облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, “Вайнах” шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Увайс Джанаев.


Жиында үлкендер түрлі естеліктерімен бөліссе, жас буын өкілдері өлең-жырларын оқып, ризашылықтарын білдірді.
Облыстық корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Лилия Кимнің айтуынша, «Қазақ еліне мың алғыс» мүсіндік композициясы қазақстандық кәрістердің бес ұрпағының сабақтастығын бейнелейді. «Тас мүсін – депортация жылдарында кәрістер бастан кешкен қиындықтардың белгісіндей. Лотосқа келсек, бұл гүл кәрістердің ерекше сүйіспеншілігіне ие, өмірдің жаратылуын, азаптан босаудың, қайта тірілудің белгісі. Бүгінде Қазақстанда тұратын этностар оның бір бөлігіне айналды. Біз мықты және тұрақты ел құрып жатырмыз», – деді.
Қазірде барлық этносты Қазақстанға деген сүйіспеншілік біріктіреді және олардың тең мүмкіндіктері бар, бейбітшілік пен келісімде өмір сүретін ошаққа айналып үлгерді. Қазақстанды әлемнің жүзден астам елі бейбітсүйгіш мемлекет ретінде таныды. Бұған Қазақстан халқы Ассамблеясының үлесі айрықша екенін атап өткен жөн.
Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button