Байқау

Гүл құшағындағы сәби

Нұргүл ӘБДІРАХМАНОВАНЫҢ аздап өлең жазатыны бар. Мәселен, сәби жайлы жазылған өлеңі жаңа қол туындыны жасауға ықпал етіпті. Гофра қағазынан жасалған қызғалдақ гүлінің ортасында ұйықтап жатқан сәби бейнесі. Табиғат пен адамзаттың бір-біріне деген махаббаты суреттелген. Жүрегіңе ерекше жылылық береді. Автордың бұл дүниесі облыстық мәдениет архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық бейнелеу өнері музейі ұйымдастырған «Гүл патшасы – қызғалдақ» атты қалалық байқауда топ жарды.

Нұргүл Жабағықызы мұндай іске мектеп жасынан бері әуес көрінеді. Қолынан келмейтіні жоқ. Жасаған туындылары республикалық, халықаралық байқаулардан жүлде алған. Тіпті, кез келген техникамен сурет салып, мүсін жасаудан алдына жан салмайды.

– Қазір баламен үйдемін. Дизайн саласына жақынмын. Қол туындымды байқауға гофра қағазынан арнайы жасадым. Ал, мұндай дүниені жасауға сәбиін тастаған ана себеп болды. Сол күйзелістен өлең туды. Өлеңім – қол туындымды жасауға ықпал етті. Адам мен табиғат бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Осыны көпшілікке өлеңмен емес, қол туындым арқылы жеткізгім келді, – дейді туынды авторы.

Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында ұйымдастырылған байқауға 25-45 жас аралығындағы қала тұрғындарынан 30-дан астам жұмыс түсіпті. Үміткерлер қиялына қарай қызғалдақ гүлін түрлі техникада бейнелеуі керек-ті. Ұсынылған туындылар музейдің әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеліп, дауысқа салынған. Көрермен таңдауы мен музей басшылығының шешіміне сәйкес ІІ орынды Елена Тимершаихова, ал, ІІІ орынды Анастасия Селезень иеленді. Сондай-ақ, Мария Скорикованың «Дала қызғалдақтары» туындысын музей қызметкерлерінен құрылған комиссия музей қорына сатып алды.

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button