АймақБалқаш

«Феникс» сауда орталығы ашылды

Қазіргі таңда Балқаш қаласында тұрақты қолдаулардың арқасында кәсіпкерлікке бетбұрыс жасағандар қатары көбейіп келеді. Осындай оңды істердің жалғасы ретінде жақында қалада «Феникс» сауда орталығы ашылды.

Суреттер автордан

105 адамды тұрақты жұмыспен қамтылған сауда үйінің ашылу салтанатына қатысқан қала әкімінің орынбасары Руслан Сыздықов шаһар тұрғындарын кезекті ауқымды жобаның жүзеге асуымен құттықтап, кәсіп иесіне жылы лебізін білдірді.

– Бүгін қаламызда тұңғыш рет заманауи үлгідегі сауда орталығы ашылып отыр. Жыл сайын кәсіпкерлеріміз өз кәсібін ашуда. Сондықтан, біз осындай азаматтарды қолдауымыз керек. Кәсіпкер сауда үйіне қомақты инвестиция салды. Туризм саласын дамытып жатқан қаламыз үшін мұндай сауда кешені өте қажет. Алдағы уақытта жаңа орталық халық игілігіне қызмет етеді деп сенеміз,– деді Руслан Сыздықов.

«Феникс» сауда орталығы иесінің айтуынша, орталық ауданы 5000 шаршы метрді құрайды. Үш қабатты жеке ғимарат қажетті заттармен қамтылған. Бірінші қабатта бөлшек сауда бутиктері мен азықтүлік өнімдерін сатады. Екінші және үшінші қабаттар өнеркәсіптік тауарлар мен тұрмыстық химияға арналған. Сонымен бірге, үшінші қабатта дәмханалар мен балаларға арналған ойын алаңдары бар.

Сауда орталығының құрылысына «Халық банкі» АҚ несие берген. Кәсіпкер «Даму» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша субсидия алып, өзі қосымша қомақты қаражат салған.Тапсырысқа сәйкес 2023 жылдың 1 ақпанынан бастап, мердігер «ПромТехСтройМонтаж 2011» ЖШС жекеменшік жер телімінде ауданы 6306 шаршы метр жаңа сауда үйінің құрылысы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын бастаған. Нысанға қызмет көрсету және алаңы 513 шаршы метрі автотұрақ ұйымдастыру үшін мемлекеттен жекеменшікке қосымша жер телімі сатып алынған.

Бүгінгі есігін айқара ашқан «Феникс» сауда орталығы тұтынушылар көңілінен шығып отыр.

Сауда орталығының бірінші қабатында жаңа піскен жемістер, көкөністер, ет өнімдері, кондитерлік өнімдер орналасқан. Ет өнімдерін саудалаған жеке кәсіпкер Мамыр Қияшева сауда орталығында қолайлы жағдай жасалғандығын жеткізді.

– Бүгін 224 келі сиыр етін саудаға шығардым. Базар бағасымен бірдей ұстап, тұтынушыларға ұсынып жатырмыз. Етіңді бөлшектейтін және сақтайтын мұздатқыштар қарастырылған. Қаламызда ос­ын­дай халық үшін ашылған сауда орталығына көңіліміз толып, шын қуандық, – дейді Мамыр Қияшева.

Байқағанымыздай екінші қабатта ұлттық нақыштағы киімдер, ерекше сәнмен тігілген киімдер де бар. Бір-біріне ұқсамайтын камзол мен кәжекейлерге нәзікжандардың сұранысы да жоғары екен.  Сонымен қатар, Дубай, Түркия, Египет елдерінен тапсырыспен  алынып, дайындалған киімдер сапалылығымен де ерекше көзге түседі.

Жеке кәсіпкер Жандос Өнербекұлының бизнесте жүргеніне 5 жыл болыпты. Оның бүгінде қаламызға танымал бір сауда орталығы бар. Ал, мына сауда орны осымен екіншісі. Мұнда екі сатушы жұмыс істейді. Барлығы да аталмыш салада біраз жүр. Олардың жақсы жұмыс істеуі үшін дүкен иесі барлық жағдайды жасаған. Әсіресе, тұтынушының талғамын қанағаттандыру қамында тауардың уақытылы келуі де қарастырылған.

– Бұл – фирмалық сауда орны болғандықтан, тауарды тікелей Дубай, Түркия, Египет елдерінен алдырамыз. Бағасы да сәйкестендірілген. Біз тұтынушы талғамына және келісімімен жұмыс істейміз. Бұл сауда нүктесінің бірқалыпты жақсы жұмыс істеуі үшін тиімді. Біздің сауда орнынан әртүрлі жастағы қыз-келіншектер өздеріне керекті заттарын таба алады. Сонымен қатар, сауда орнында балалар мен ерлердің киімдері де бар. Бұл жерден жылдың төрт мезгілінде киетін киім-кешекті сатып алуға болады, – дейді Жандос Көкеев.

Үшінші қабатта балалар үшін ойын-сауық кешені жасалуда. Бұл жерді балдырғандарға арналған жабық ойын-сауық бағы деуге болады. Балалар ойын алаңының әкімшісі Гүлбағила Шамғынованың айтуынша, аталмыш ойын-сауық алаңы таңғы 8-ден, кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. Мұнда жүз балаға дейін ойнауға мүмкіндік қарастырылған.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button