Жаңалықтар

«Федоровка» қосалқы станциясында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр

1974 жылы пайдалануға берілген «Федоровка» қосалқы станциясында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы қызмет еткен жабдықтар ескіріп, қазіргі талаптарға сай келмейтіндіктен, олар сенімді әрі қауіпсіз жаңа құрылғылармен алмастырылуда. Бұл жұмыстар елдің Негізгі заңы – Конституцияда бекітілген азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, қауіпсіз орта қалыптастыру және инфрақұрылымды дамыту қағидаттарымен үндеседі.

Суреттер Қарағанды қаласы әкімдігінен

Қайта жаңғырту жұмыстарын «Қарағанды Жарық» ЖШС 2024–2027 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында жүзеге асыруда.

Бүгінгі күні жабық тарату құрылғысының жаңа ғимараты салынып, 110 кВ ашық тарату құрылғысы қайта жаңғыртылды, күштік трансформаторлар мен қажетті қосалқы жабдықтар орнатылды. Сондай-ақ аумақты жоспарлау жұмыстары орындалды.

Қазіргі уақытта «Қарағанды Жарық» ЖШС мамандары кабельдік науалар мен қоршауларды монтаждау жұмыстарын жалғастырып, қорғаныс және басқару жүйелерін қосуда.

Қайта жаңғырту жұмыстарының соңғы кезеңі 2027 жылға жоспарланған. Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін тұтынушыларды жаңартылған қосалқы станцияға кезең-кезеңімен көшіру басталады.

Бүгінде «Федоровка» қосалқы станциясы төрт мыңнан астам жеке тұлға мен екі жүзден астам заңды тұлғаны электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Сондықтан станцияны жаңғырту барлық қосылған тұтынушыларды сенімді әрі үздіксіз электрмен жабдықтау үшін аса маңызды.

Қайта жаңғыртудың басты мақсаты – апаттық ажыратулар қаупін азайтып, тұтынушыларға электр энергиясының тұрақты әрі қауіпсіз берілуін қамтамасыз ету.

Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button