Заң үстемдігі басты өлшем
Қоғамның дамуы қабылданған заңдардың санымен емес, сол заңдардың адам өміріне қаншалықты әсер ететінімен бағаланады. Азаматтың құқығы қорғалып, еңбегі әділ бағаланып, мемлекеттік органның шешімі заңға сүйенгенде ғана құқықтық мемлекеттің іргесі нығаяды. Конституцияның басты міндеті – құқықтық нормаларды белгілеумен шектелмей, қоғамдағы әділеттіліктің берік тетігіне айналу.

Жаңа Конституцияда заң үстемдігі, адам құқықтарын қорғау, мемлекеттік органдардың жауапкершілігі және азаматтардың әл-ауқатын арттыру секілді бағыттарға айрықша мән берілген. Ата Заңның 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енуі осы қағидаттарды жүзеге асыруға қатысты жаңа міндеттерді де алға шығарды.
Заң үстемдігі туралы сөз қозғағанда, ең алдымен, азамат пен мемлекет арасындағы қарым-қатынасқа назар аудару қажет. Мемлекеттік органның әр шешімі заң талаптарына сай қабылданып, азаматтың өтініші уақтылы қаралып, оның құқығы бұзылған жағдайда қалпына келтіру тетіктері тиімді жұмыс істеуге тиіс. Құқықтық мемлекеттің сапасы осындай нақты жағдайлардан көрінеді. Заңның беделі оның мәтінінде ғана емес, орындалуында. Бұл талап қоғамның барлық саласына ортақ. Білім беру жүйесінде әр баланың сапалы білім алуына жағдай жасалып, оның қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі маңызды. Еңбек қатынастарында қызметкердің құқығы сақталып, жұмыс беруші мен жұмыскердің міндеттері айқын болуы керек. Әлеуметтік салада көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету кезінде әділдік пен ашықтық қағидаттары басшылыққа алынуға тиіс. Осындай күнделікті мәселелердің шешілуі азаматтардың заңға деген сенімін арттырады.
Жаңа Конституцияда дербес деректерді қорғау мен цифрлық қауіпсіздікке қатысты кепілдіктердің бекітілуі де қазіргі қоғам үшін маңызды. Электронды қызметтер, онлайн төлемдер, цифрлық құжаттар мен әлеуметтік желілер адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Технологиялық мүмкіндіктер артқан сайын жеке ақпараттың қорғалуы да өзекті бола түседі. Цифрлық кеңістікте азаматтардың құқықтарын сақтау – тек техникалық мәселе емес, құқықтық мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі.
Құқықтық мәдениет тек мемлекеттік органдардың жұмысына тәуелді емес. Азаматтардың өз міндеттерін білуі, өзгенің құқығына құрметпен қарауы, қоғамдық тәртіпті сақтауы да маңызды. Заңға бағыну қорқыныштан емес, оның қоғам өмірін реттейтін ортақ ереже екенін түсінуден туындағанда ғана тұрақты құқықтық мәдениет қалыптасады. Бұл бағытта отбасы, мектеп, жоғары оқу орындары және бұқаралық ақпарат құралдары бірлесе жұмыс істеуі қажет.
Конституциялық қағидаттарды іске асыруда жергілікті деңгейдегі жауапкершіліктің де орны бөлек. Тұрғындарды толғандырған мәселелердің шешілуі, қоғамдық пікірдің ескерілуі, жергілікті басқару органдары қызметінің ашықтығы – мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтатын факторлар. Азаматтардың өз ортасындағы мәселелерді шешуге қатысуы қоғамдық жауапкершілікті арттырып, ортақ іске деген сенімді қалыптастырады.
Түптеп келгенде, Конституцияның өміршеңдігі оның қағидаттарының нақты іспен бекітілуіне байланысты. Заң талаптары бірізді орындалып, азаматтардың құқықтары қорғалып, мемлекеттік шешімдер қоғам мүддесіне қызмет еткенде ғана Ата Заңның мәні тереңдей түседі. Құқықтық мемлекеттің шынайы өлшемі – азаматтың заңға сенуі, ал, сол сенімнің негізі – әділдік пен жауапкершілік.
Жамал АКПАРОВА
Ortalyq.kz

