Еуропаға шашылған шашу
Қаламыздағы Қ.Аманжолов атындағы музыка мектебінің оқушылары Еуропаның төрінде «Наурыз-думан» әнін шырқап, қазақтың салт-дәстүрін бүкіл әлемге паш етті. Әлемнің 22 елінен келген кәсіби әншілермен бақ сынасқан бүлдіршіндер хоры ІІІ орынды иеленсе, жеке дауыста орындаған екі оқушы жүлделі ІІ орынға лайық деп танылды.
Бұдан бұрын аталмыш мектеп оқушылары Бурабай қаласында өткен байқаудан жеңімпаз атанып, Испанияның Ллорет де Мар қаласында өтетін «Монсераттың алтын дауыстары» атты халықаралық хор байқауына жолдама алған болатын. Қарбалас сол кезден басталды. Әлемдегі кәсіби және әуесқой хорлардың басын қосатын ірі байқауға жолдама алып, қазақ елінің өнерін паш етудің жауапкершілігімен қатар, қаржылық жағы да бар еді. Мектеп директоры Лаура Бейсембекова осы кезден бастап өңірдегі ірі кәсіпорындарға хат жазып, демеушілер іздей бастады. Бірнеше жерге жазған хатына жауап болмай, үміттері үзілген шақта «Қазақмыс» корпорациясынан «хордың Испанияға барып-келу шығынын толық көтереміз» деген хабар келді. Енді хор ұжымының алдында Еуропаны өнермен ғана емес, қазақтың ұлттық киімімен де таң қалдыру міндеті тұрды. Әуел баста хор жетекшісі әрі дирижері Ләззат Қожабаева сахналық көрініс ретінде Наурыз мерекесін көрсетуді ойластырған еді. Пианинода сүйемелдейтін концертмейстер Құралай Ибраеваға да, балаларға да ұлттық нақыштағы, ерекше сахналық киім үлгілері қажет болғанда, қарағандылық дизайнер Шаттық Битенованың сақ үлгісінің элементтері бар киімдеріне тоқтады.
– Балалар сахнаға көтерілгенде ерекше киім үлгісіне сүйсінген көрермендердің таңданыстарын көріп, өзіміз де қуандық. Ал, жарты жыл бойы әбден іріктеліп, ерекше дайындықтан өткен балалардың дауыстарын естігенде зал, тіпті, таң-тамаша болды, – дейді балалармен бірге Испанияға барып қайтқан ұстаздары Гүлнар Мерембаева.
Ересек «Рахмет» және кіші «Көктем» тобынан құралған хор Испанияның Ллорет де Мар қаласының сахнасына қазақтың киелі шаңырағымен шығып, «Наурыз-думан» әнін шырқады. Ал, өнер көрсеткеннен кейін залдағы көрермендерге шашу ретінде елімізде шығарылған кәмпиттер таратты. Әуел баста шашу жоралғысы ойластырылғанымен, бөтен елде басқаша түсінер деп, бұл ойларын өзгерткен екен.
Марапаттау рәсімі 27 наурызда Ллорет де Мардың Муниципалдық театрында өтті. 22 елдің кәсіби әншілерінің ішінен қазақстандық хор ІІІ орынға лайық деп танылса, вокалистер Ұлпан Әбдікерова мен Ақбота Өмірхан ІІ орынды иеленді.
Салтанат ІЛИЯШ.