Бас тақырып

Этикалық цензура қалыптасса…

Ертең – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Сөз жоқ, қастерлі күн. Бірақ, біздің қоғам тарихымыздың ақтаңдақ жылдарының құрбандарын сәт сайын еске алып, рухына тағзым етуден еш жаңылған емес. Ендеше, неге біз 31 мамырды ғана «Еске алу күні» деп айдарлап, нәубет пен қуғын-сүргін құрбандарын осы күні ғана еске алатындай даурығамыз?

Негізі, бұл күнді «Ұлттық аза тұту күні» деп атау керектігі туралы қоғамдық пікір әлдеқашан бой көтерген. Өкінішке қарай, шешімталдық таныта алмай жүрміз.

Жасыратыны жоқ, осы атаулы күн ресми түрде белгіленген уақыттан (1997 ж.) бері біз тек «еске алумен» келеміз. Есімізде не қалды сонда? Арыстар мен аштық құрбандары көмілген жерге көрме ұйымдастырдық. Қалам ұстаған әріптестеріміз кеңестік жүйе кемеңгерлері кеңесе отырып, келтелеп берген қаралы статистиканы қайталап, бірдеңе жазған болады. Осы тақырыпты қаузап жүрген тарихшыларымыз сол күні эфирге шығып, бір жасап қалады. Спасскіге барып, гүл шоқтарын қоямыз. Осымен бұл күннің де баяны тәмам.

Шүкір етейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылы жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы Алаш арыстарының тағдыры, ашаршылық құрбандары және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты жаңа көзқарас, парасатты пайымдары мүлгіп кеткен қоғамға серпіліс әкелді. Президент Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, құрамына белгілі тарихшылар мен сарапшылар енген комиссияның екі жылғы көз майының нәтижесінде жинақталған материалдар көптомдық болып жалғанның жарығына шықты. Сең қозғалды, яғни.

Жалпы, осы тақырыпқа ой жүгірте қалсам, ойыма белгілі ақын Бекжан Әшірбаевтың:

«Біздің тарих моншаға түсіп жатыр,
Арқасын ақиқатқа ысқылатып», – деген жыр жолдары оралады. Әлгі біздің тарихтың арқасын ысқылап жатқан ақиқатымыз осы өлеңнің өзегінде тұр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының ақиқатқа жақтасқан азаматтық ұстанымы сол кәрі тарихымыздың моншадан шығатын мезгілі жеткенін аңдатты. Әбден тазарған, барынша «буланған» біздің тарих жақын уақытта мұнтаздай болып төрімізге жайғасып қалар. Бүгінгі Тәуелсіздіктің тамырында да, кешегі Алаш көсемдерінің арманында да тарихи тәуекел жатыр. Сонау бір жылы бір тарихшы көкем айтып еді. «Алаш идеясы, Алаш көсемдері тарихтың жертөлесінен енді шықпайды» деп. Қоғамда қызу пікірталас туған. Көбіміз қарсы дау айтқанбыз: «Мезгілі жетеді. Экономиканы еңселендіріп, саясатты салмақтап алған соң, бұған бет бұрады ресми билік» деп. Бетбұрыс бар. Әліптің артын бағып отырмыз.

Ашаршылық. Біздің буын бұл нәубетті табиғи апат деп танып келді. Тарихшыларымыздың өзі осы бір зұлматты жылдардың лайықты бағасын беріп, құрбандарын санай алмай келген. Бір жазбамда: «ХХ ғасыр – қып-қызыл қиянаттың ғасыры. Алдындағы жаугершілік аласапыранын қоспағанның өзінде, бір ғана 1926-1959 жылдары қазақ халқының саны 27,1%-ға кеміген. Дала қазағының үштен бірі. Барлығы – қиянаттың құрбаны. 1931-1933 жылдардағы ашаршылық 3 миллионнан астам адамды жалмаса, 1937-1938 жылдардағы сталиндік репрессия 25 мыңнан астам асылымыздың тағдырын оққа байлады. Мұның барлығы – Кеңес заманы тарихшыларының кеңесіп, келтелеген статистикасы. Тәуелсіздік алғалы өз тарихшыларымыз да осы статистиканы шиырлап, шынайы дерек, тың көзқарастан көз жазып қалып жүргені жасырын емес. Голощекиннің «Кіші Қазан» төңкерісі қазанымызды төңкеріп, қазақ даласындағы мал санын 40,5 миллионнан 4,5 миллионға кеміткенін (10 есеге) қалай ұмытармыз? Ендеше, ХХ ғасыр – қазақтың барын алып, бағын ұрлаған қанқұйлы ғасыр», – деп жазғаным бар-ды. «Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады» деді Президентіміздің өзі. Ендеше, ұлт тарихының академиялық үлгідегі жаңа жинағын әзірлеуді міндеттеген Мемлекет басшысының тың мақсаты кешегі Желтоқсан ақиқатын да, Семей полигонының зардабын да, Тәуелсіздік шежіресін де тамырландырады. Бұл – әзірге үміт сәулесі. Үмітіміз ақталса екен!

Осы орайда қатты ескеретін бір жағдай бар. Ол – этикалық цензура. Бізде ақиқатын айтамыз деп, ұлы тұлғалар рухын «бәйгеге қосып» жіберетін үрдіс қалыптасқан. «Ананың түбіне мынау жетіпті», «Пәленшеевтің атылуына Түгеншеевтің жазған арызы себеп болыпты» деген сияқты. Қолыңызға түскен әлдебір құжатты жариялап жіберіп, ел ішінде қып-қызыл дау тудырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Ана бір жылы Омбының архивінде болып келген бір ұстазым мен туған ауылдағы елге сыйлы екі қария туралы құжатты көлегейлеп көрсетіп, сырын сыбырлап айтқан еді. Бұл екі ақсақалды көзім көрді. Елге қадірлі, дуалы ауыз қариялар еді, иманды болғырлар. Ұстазымның қолындағы құжат – осы екі кісінің өз бауырларының 1937 жылы ұсталып кетуіне себеп болған арызының көшірмесі. Жағамды ұстадым, жағымды ашпадым. Ұстазым да: «Ұрпақтары бар ғой, әкенің пендешілігі үшін олар қорланбасын. Тісіңнен шығарма» деген. Бұл әңгіме сол күйі құпия болып қалды. Ақтаңдақ жылдар ақиқатын саралау, сараптау барысында осындай бір этикалық цензура қалыптасса екен деймін…

Тек қана кеңестік жүйенің масыл идеологиясының мұрагері болудан арылсақ екен!

Ерсін МҰСАБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button