Руханият

ЕСКІ мен ЖАҢАНЫҢ шарпысы… (немесе балалар әдебиетінің бүгінгі жайы)

Адам өмірінен ақыл-ес, жанның әрекеті алыстаған сайын өркениет пен мәдениет те жаңаша өріс алып барады. Бұрынғы ұрпақ пен бүгінгі ұрпақтың көзқарасы бір жерден шыға бермейді көбіне. Балаңызға бар жағдайды жасадыңыз, материалдық жағынан тарықпай өсті делік. Бірақ, о баста рухани жетілдіруді ойладыңыз ба, жоқ па, мәселе – сонда. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген Фарабиден әулие емессіз. Мың жерден мықты маман, білікті кадр ретінде қалыптасқан жас бала кезінде ұлттық уызына жарып өспесе, ол адам болып жарыта ма? Әңгіме тағы әдебиет пен кітап ауанына алмасып сала береді. Бүгінгі балалар әдебиетінің ахуалы әрісі Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ өзі, берісі Парламент сенатының депутаты, белгілі қаламгер Нұртөре ЖҮСІП көтерген күрделі мәселе.

СҮТКЕ ТИГЕН «КҮШІКТЕЙ» БОЛМАЙЫҚ…

«Бүгінгі балалар кітап оқымайды» дейді. Анығы солай ма? Мысалы, менің 5 жасар қызым «тамақ іш» деп шақырсаң, «қандай тамақ?» деп қарайды әуелі. Ұнамаса мұрнын шүйіріп кетіп қалады. Мәжбүрлеп жегізе алмайсың, алдап бірнәрсе қыласың. Сосын еріксіз қалаған дәмін әзірлейді шешесі. Баланың рухани ахуалы да сол шамалас емес пе? Тамақта тәбеті тартқанын іздесе, бос уақытында жанының қалауына құлайды көңілі. Баланы әдебиетке қызықтырып, махаббатын ояту керек шығар бірінші? Күнделікті сабақтан бөлек, оқушылардың қызығушылығын тудыратын әдеби кітаптар ұсына алмасақ, балаға неге кінә артамыз? Бас сап бүгінгі заман балалар әдебиетін жасаймыз дегеннен гөрі, әуелі олардың психологиясын жіті білген маңызды. Қазіргі қазақ қоғамында жекелеген психолог мамандардың пікірі бар десек те, жалпы балалар психологиясын түсіндіріп беретін зерттеу орталықтары жоқ. Бүгінгі жастар арасында жақсы мойындалып жүрген жазушы Өміржан Әбдіхалықтың мына пікірі әңгімемізден алшақ кете қоймайды: «Біз әлі күнге соғыс кезінде өткен балалық шақ туралы жазылған “Жусан иісі” секілді шығармаларды оқймыз. Демек, біздің әдеби санамыз 60-70 жылдарда қалып қойған. Балаларымыздың ой-қиялы, фантазиясы содан дамымай қалған. Оларды батырлар жырымен қызықтыру мүмкін емес. Біз қазір тек көз өлшемдерімен өмір сүріп жатырмыз. Қолымыздағы мына телефонды керемет жақсы көреміз, соған қолымыз жетсе дейміз. Бұл – көздің өлшемі. Бізде ойдың, қиялдың өлшемі жоқ. Баяғыда радиодан кітап оқушы еді ғой, бұдан шығудың бір жолы ретінде енді соның теленұсқасын жасау керек пе, білмеймін. Адамдарға көздің ар жағында да көз бар екенін түсіндірсек дейміз».

Бұл аз десеңіз, филология ғылымдарының докторы, белгілі қаламгер, балалар жазушысы Нұрдәулет Ақыш: «Балалар өмірінен шығарма жазам деген адам бүгінгі өмірді, өздері өмір сүріп отырған ортаны жақсы зерттей білуі қажет. Әдеби дайындығы, таланттық деңгейі өз алдына, оны зерттеу керек.

Балалар тақырыбына қалам тартып жүрген қазіргі аға буын жазушылар, яғни, біздер ескі қормен жүрміз. Ертеде болған оқиғаларды тірілту жақсы-ақ, бірақ қазіргі заманның сұранысын да ескеру қажет» – дейді. Балалар әдебиетімен айналысып жүрген қаламгер бүйдеген соң, шыны керек бұл тақырыпқа барғанда тосылып қаласыз. Жазушы қанша жерден талант болғанымен, жазғанын балалар оқымай жатса, шығарманың құны көк тиын. Жеткіншектер сана-сезімін терең зерттеп, біліп бармайынша еңбек зая кетпесіне кім кепіл? Сондықтан, мәселенің бәрін тек жекелеген жазушылардың мойнына іле салуға болмайды. Жазушылар одағынан тек балалар әдебиетімен ғана айналысатын бөлім ашылуы керек шығар мүмкін. Қайткен күнде де, «бала – оның психологиясын зерттеу орталығы – балалар жазушысы» арасында жүйелі байланыс орнауы керек сияқты.

«БАЛАЛАР КІТАП ОҚЫМАЙДЫ» ДЕГЕН БОС СӨЗ

Гимназияда жоғары сыныптарға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Асылбек Сүлеймен атты досым бар. Ол «бүгінгі балалар кітап оқымайды» деп кесіп айтуға болмайтынын айтады. «Мектепте кітап оқитын оқушылар жетерлік. Көбісі, бірақ шет ел кітаптарын оқиды. Арасында төл әдебиетімізді оқитындар да ептеп кездеседі» дейді ол. Демек, біз бүгінгі балалар сүйіп оқитын әдебиет жасай алмай отырмыз деген сөз. Отандық шығармалардың олқылығынан немесе таңдаулы туындылар қолға тимегендігінен олар рухани шөлін шетел кітаптарынан қандыра береді де, болашақта басқа мәдениеттің сойылын ұстап шықса кімге өкпелейсіз? Әрине, өзіңе. Әуелі оқушыны қызықтыратын заманауи ұлттық шығарма ұсыну жағы қылаң ұрады осы тұста. Тәуелсіз Қазақстанда туған ұрпаққа заманауи ұлттық әдебиет керек-ақ. Онсыз да күн көтерілген уақытта ояна бастаған біз мына түрімізбен жүре берсек, мүлде кеш қаламыз…

Бір қарағанда орта мектептегі әдебиет оқулықтары жаман құрастырылмаған. Сонау түрік дәуірінен бастап, бүгінгі шығармаларға дейін бар. Атап айтқанда, Бердібек Соқпақбаев пен Сайын Мұратбековтен кейін Тынымбай Нұрмағанбет, Асқар Алтай сынды жазушылармен қатар, Қалқаман Сарин, Ерлан Жүніс ақындардың шығармалары еніпті. Бірақ, бұларды оқып, әдебиетке ден қойған ұрпақ болса, қане?! Кез келген ата-ана өмірінің көрсеткіші бағып-қаққан баласы десек, таяқтың бір ұшы тағы өзіңізге тиерін сезетін шығарсыз?

БАРДЫ ҰҚСАТЫП БОЛДЫҚ ПА?

Бүгінде балалар әдебиетін өлтіріп алдық дегеннен аулақпыз. Әдебиет тоқырауы мүмкін, бірақ тоқтап қалмайды. Тіпті, іздестіре келгенде, жеткіншектерге арналған шығармалар жазып жүрген ақын-жазушылардың көбін біз біле де бермейді екенбіз. Мәселен, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Қош бол, балалық», «Жетім құлын», «Махаббаттың ақ жауыны», «Роботтар отбасы» кітаптарының авторы, жазушы Ділдар Мамырбаеваның мына пікірін беруді жөн көрдік. «Қазіргі балаларға сюжеті жеңіл, моралі аздау, пафосы көбірек «Маша мен аю», «Настя», «Кекшілдер» («Мстители») секілді дүниелер ұнайды. Мысалы, екі әңгімені алайық. Біріншісі, тәрбиелік мәні зор да, екіншісі, дүниеге қызықтырғыш әсері мол, жеңіл жазылған қысқа шығарма дейікші. Олар екіншісіне алтын тапқандай жабысады. Қыздар жағына махаббат тақырыбы ұнайды. Өтірік айтпай-ақ қояйық, кездесулердің көбінде олар сырт келбеттерімен монтиып отырғандарымен, өткен тарихымыз туралы әңгімелерді, қазақы салт-дәстүр мен тыйымдарды онша қабылдай қоймайды. Олардың бойына соны сіңіре алмай отырған ата-ана, мектеп, ұлттық идеологияға басымдық бермеген қоғам кінәлі» дейді жазушы.

«Жалғыз саусақ тіпті де, ұстай алмас жіпті де. Екі саусақ бірікті, ине қолға ілікті» демеуші ме еді Мұзафар Әлімбаев?! Бұл әрине, тозып, ескірмейтін классикалық үлгі. Қазіргі үлгі қандай болуы керек екендігін тап басып тағы айта алмаймыз. Сөйтсе де, әр түрлі сайттар мен әлеуметтік желілерден ақындар Мирас Асан, Серікбол Хасанның балаларға арналған шығармаларын аракідік оқып қаламыз.

Бүгінгі жастар арасында оқта-текте балаларға арнап жазып жүрген Мирас Асан:

«Қамшы жайлы сұрадың,
Дұрыс сауал, шырағым.
Қамшы қолда болған жөн,
Мінсең жылқы пырағын.
Ұланына даланың,
Қамшы серік, қарағым.
Қамшы – алдымен ат-әбзел,
Сосын қару-жарағың» (үзінді) дейді.
Серікбол Хасан:
«Береке жоқ ісімде,
Сырласам тек түсімде.
Күндіз-түні анашым,
Интернеттің ішінде.
Шын жанашыр жан мұнда,
Отырмын ғой алдыңда.
Өміріңде жан анам,
Жоқпын ба, әлде бармын ба?..» (үзінді). Бұларды ешкім жаман дей алмайды. Мүмкін барды көрсете алмай, жақсыны елші ете алмай отырған өзіміздің немқұрайды, енжарлығымыз ба деген ой да жоқ емес.

***

Біздіңше, балалар әдебиетіне қалам тартып жүрген аға буын өкілдері мен кейінгі толқынның басын тоқайластырып, ең таңдаулы шығармалар електен бір өтсе, нұр үстіне нұр. Таңдаулылары іріктеліп, түрлі форматта жарық көріп жатса… Оның сыртында кітаптың жоғары деңгейде безендірілуі мен оқырман қолына тиюінің өзі қыруар жұмыс. Түптің түбінде техниканың жетегінде кеткен ұрпақ айналып адами қазығын іздері анық. Сонда әлем еріксіз кітапқа жүгінері сөзсіз. Бірақ, әдеттегідей, қайтадан кеш қалмаса болғаны.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button