ЕСКІ АВТОКӨЛІКТЕР ҚАЙТА ӨҢДЕЛЕДІ
Сәрсенбі күні облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ қатысуымен «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында бой көтерген ескі автокөліктерді қайта өңдейтін «RecyclingCompany» зауытының бірінші кезеңі іске қосылды. Бұл жоба 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асуда.
Жасыратын несі бар, кейінгі жылдары елімізді ескі көлік қаңқаларының үйіндісіне айналып бара жатыр деген қауесетті жиі еститінбіз. Әрине, тозығы жеткен тұлпарды темір қабылдау пункттеріне де өткізуге болады. Дегенмен, одан түскен ақшаға ескіден құтылып, ер-тұрманы бүтін тұлпар тақымдай қою қиын-ақ. Бұл ретте, тиімді шарттары бар ескі көлік өңдеу зауыты қазақстандықтарға ауадай қажет екені айтпаса да белгілі еді. Мәскеу бірден салынбады демекші, Егемендікке қолымыз жеткелі азды-көпті ширек ғасыр мерзім өткенімен, мемлекетімізде көптеген тың жобалар қолға алынуда. Бұған дейін Алматы қаласында көлік шиналарын өңдейтін зауыт салынса енді, көлікті толығымен жілігін шағып, майын алар жауапкершілігі шектеулі серіктестік пайда болды. Ол жоғарыда аты аталған – «RecyclingCompany» зауыты.
Сонымен, Сарыарқадағы салтанатты шараға аймақ басшысымен қатар, ҚР Инвестиция және даму бірінші вице-министрі Алик Айдарбаев, ҚР Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков және отандық автоөндірушілер мен экологиялық ұйым өкілдері қатысты.
А.Айдарбаев өз сөзінде жобаның маңыздылығына тоқталып, ИИДМБ екінші бесжылдығының негізгі мақсаты еңбек өнімділігін арттыру мен өңделген тауар экспортының көлемін ұлғайтуға бағытталған өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыруға баса назар аудару керектігін еске салды. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан қолдаудың көптеген түрлері мен тәсілдері ұсынылады. Атап айтсақ, нақты жобалардың инфрақұрылымы, ұзақ мерзімді лизинг пен несиелеу, жобалау компанияларының жарғылық капиталына кіру.
– Елімізде бүгінгі таңда 5 миллионнан аса көлік бар. Соның үштен бірі жарамсыз саналады. Ал, олардың қоршаған ортаға тигізетін кері әсері бұған дейін кезек күттірмес мәселе болатын. Осы тұрғыда, оны шешу жолының бірі – бүгінгі біз ашып отырған зауыт деп есептейміз. Өндірістің «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында құрылғандығы да бізді қатты қуантады. Бұл жоба халықтың денсаулығын сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға, қалдықтардың кері әсер етуін қысқарту мен алдын алуға бағытталған, – деді облыс әкімі.
Істен шыққан көліктерді өңдейтін зауытқа Орталық Азияда тең келер кәсіпорын жоқ. Сондай-ақ, бұл бастама – Қазақстанның қайта өңдеу саласындағы ірі жобаларының бірі болып саналады.
Жаңа зауыт Индустрия 4.0 және цифрландыру талаптарына жауап беретін заманауи италиялық қондырғылармен жабдықталған. Кешеннің барлық жұмысын компьютерлік жүйе бақылайды. Ғаламтордың көмегімен Ing. BONFIGLIOLI (Италия) компаниясының диспетчерлік қызметіне жүгінсеңіз, орын алған келеңсіз жағдайларды ретке келтіру жөнінде кеңес береді. Италияның «Bonfiglioli» өндірушісі шығарған шредерлік құрылғы тозығы жеткен көлікті жойып, металл ретінде қайта өңдейді. Шредерлік кешеннің өндірістік қуаты жылына 50 мың ескі көлікті қайта өңдеуге қауқарлы. Құрылғы бір сағатта 20 автокөлікті металға айналдыра алатын мүмкіндігі бар. Дәл осындай заманауи құрылғыны бүгінгі таңда АҚШ, Италия және Еуропаның басқада да елдерінде кеңінен қолданады.
Қазақстанда ескі автокөліктерді өңдейтін алғашқы зауыт құрылысын толық аяқтау биылғы желтоқсан айына жоспарланып отыр. Екінші кезең аясында пирролиздеу құрылғыларын орнатып, өңдеу мүмкіндігін 98%-ға дейін жеткізу көзделуде. Қалдықтан алынған түсті және қара металл қорытпасы аймақтағы мыс қорыту кәсіпорнына жеткізіледі. Осылайша, экономиканың өзара байланысты салалары арасында мультипликативті ықпалы арта түседі. Жобаның жалпы құны шамамен 3,4 млрд. теңге (1, 2 кезең). Сонымен бірге, жаңадан 70-тен астам жұмыс орны ашылады.
Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»