Тарих

Ерлік көрсеткендер ерте озды

Ерлік көрсеткендер ерте озды

(тірі қалғаны – бесеу-ақ)

   Атом бомбасын естігенде, бүкіл әлемнің төбе шашы тік тұрады. Америка 1945 жылы Жапонияға бомба тастады. Содан 72 жыл-бір ғасырға жуық уақыт зардап шегуде.  2011 жылы Жапонияда атом станциясы жарылды. Ол Чернобыль апатын тағы бір еске салды.

Чернобыль апаты 30 жыл толғанда ғана ашық жарияланды. Бұған дейін бұрынғы ТМД елдері құпия ұстады. Біздің бұл опатта боламыз, қатысамыз деген ойымыз болған емес! Себебі, біз 2 жылдық әскери міндетімізді әлдеқашан орындап қайтқанбыз. Жігіттердің көбі отбасын құрып үлгерген. Чернобыль опатына қатысқандар – әр түрлі жастағы азаматтар. Бұрынғы ТМД кезінде Қорғаныс Министрі Маршал Язевтың №045 бұйрығы бойынша 35 пен 45 жас аралығындағы әскерилерді шақырту керек болған. Соған қарамастан, Қазақстаннан 20 мен 30 жас аралығындағылар шақыртылды, 2 жылдық әскери қызметтерін өтеп жүрген азаматтарды 4-ші энергоблогқа жіберген жоқ. Олар 20, 30, 40 шақырым қашықтықта болды. Екінші рет әскерге шақырған азаматтар орманда, алыс деревняларда болды, олар – қазіргі тірі жүргендер. Біз сол кезде 250 адам, Жезқазған қаласынан 1987 жылдың шілде айында Чернобыль ауданындағы 4-ші энергоблокты залалсыздандыруға патриоттық сезіммен аттандық. 3 тамыз күні Украина мемлекетіндегі Чернобыль ауданындағы 4-ші энергоблогқа өзіміздің әскери бөлімшелерден (в/ч 93605) таңертеңгі сағат 7.00-де автобусқа 30 шақты сарбаз отырамыз да, Чернобыль ауданына келеміз. Сол жерден кір автобусқа отырып, 10 шақырым жерде тұрған 4-ші энергоблогқа барамызда, радиация өтпейтін киімдерімізді ауыстырып, жұмысқа кірісеміз. Шашылған радиактивті қалдықтар, уран, тағы басқа заттардан тазарттық. Жұмыс уақыты – 2-3 минут. Бізді сол уақыттарда «биоробот» деп атаған. Жапониядан арнайы алдыртқан роботтың өзі шыдас бермеді, істен шықты. Бізді ескі автобуспен тасыды. 1-ші бөлімнен (в/ч 93605) Чернобыль аумағына апарады, автобусты таза деп сендірді. Чернобыль ауданынан 10 шақырым жердегі 4-ші энергоблогқа екінші автобуспен (радиация сіңген) апарады.

Қарағанды облысы бойынша 2015 жылға дейін Чернобыль опатында болған жалпы азаматтар саны – 666. Нақты 4-ші энергоблогтың басында ерлік көрсеткен азаматтар өмірден ерте озды. Әйелдері жесір, балалары жастай жетім қалды. Біз осы уақытқа дейін ортақ чернобыльшілердің ортасынан көрінбей келдік. Азаматтардың онда болғандығын растайтын Ресейден, Украинадан келген құжаттар бар. Себебі, ерлік жасаған азаматтар ешқашан көзге түскісі келмейді. Бізбен бірге қиындықта болған азаматтар 1995-2006 жылдар аралығында өмірден ерте өтті. 20 мен 30 жас аралығында.

Біз бұл ерлігімізді 31 жыл өткенде жария етіп отырмыз. Қазір оттың ортасында болып, тірі қалғандар саны – 5 адам. Қиындықта бірге болып, бір бөлімде (Ленинградский военный округ в/ч 93605) бір нанды бөліп жеген 250 адамнан қалғанымыз осы-ақ. Атап айтқанда, Жезқазған қаласынан Марат Нарбаев, Серік Кәкімов, Нұрқанат Бұхарбеков, Дәуренбек Мыңжасаров. Қазір Қарағанды қаласында тұратын және Шет ауданы бойынша тірі жүрген жалғыз азамат – Мейрамбек Баекенов. Бұл оқиғаны мақтаныш үшін айтып отырған жоқпыз. Себебі, біз Чернобыльге барғандардың ортасында қалып қойдық. 31 жыл өтті. Осындай жантөзгісіз ерлік есте қалмайтыны – өкінішті. Енді қанша ғұмырлары қалды, оны бір Құдай ғана біледі. Қазір денсаулықтары күн сайын әлсіреп барады… «Домбыра тартқанның бәрі ақын емес, мылтық ұстағанның бәрі батыр емес» деп тегін айтылмаған. Сөзімді қорыта келе, «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайда?». Чернобыль опатын залалсыздандыруға қатысып, оттың ортасынан аман қалған саусақпен санарлықтай батырларымыз аман болсын! Отбасыларына бақыт тілеймін.

Марат НАРБАЕВ,

Чернобыль ардагері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button