Бас тақырып

Жалған ақпарат жұқпалы індеттен де жылдам

Әр эпидемиологиялық маусым басталған сайын әлеуметтік желілерде жұқпалы ауруларға қатысты түрлі қауесет тарайтыны жасырын емес. Биыл да бұл үрдіс қайталанып, ел арасында «белгісіз вирус пайда болды», «дене қызуы 40 градусқа дейін көтеріліп, дәрілер көмектеспейді», «ауруханалар науқастарға толып кетті» деген мазмұндағы хабарламалар көбейді. Тіпті, кейбір жазбаларда мектептер қашықтан оқыту форматына көшіп, жаңа жылдық мерекелік шаралар тоқтатылатыны айтылған. Алайда, мұндай ақпараттардың барлығы бірдей шындыққа жанаспайды. Осыған орай ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы әлеуметтік желіде тараған мәліметтерге талдау жасап, бірқатар қауесеттің шын мән-жайын түсіндірді.

Сурет JAQ.OrtCom.kz

«Белгісіз әрі қауіпті вирус анықталды» деген ақпарат расталмады

Әлеуметтік желілерде инфекционист дәрігердің жаңа әрі қауіпті вирустың пайда болғанын растағаны туралы жазбалар тарады. Алайда, маманның сұхбаттағы сөздері контекстен үзіліп алынған. Дәрігер шын мәнінде маусымдық вирустар, соның ішінде А(H1N1) тұмауы туралы айтқан. Яғни, елімізде бұрын белгісіз болған жаңа инфекция анықталды деген ақпаратқа негіз жоқ.

Тағы бір кең тараған қауесет – балалар инфекциялық ауруханаларының науқастарға лық толғаны және оның белгісіз вирустың таралуымен байланысты екені. Әлеуметтік желіде медициналық мекемелердегі кезектер түсірілген бейнежазбалар жарияланып, жұртшылық арасында алаңдаушылық туғызды.

Денсаулық сақтау министрлігі мұны маусымдық ЖРВИ мен тұмау жағдайларының көбеюімен түсіндірді. Мәселен, Алматыда бір апта ішінде 16 841 жедел респираторлық вирустық инфекция жағдайы тіркелген. Дегенмен, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 есе төмен.

Мектептер жабыла ма?

Қоғамда алаңдаушылық туғызған тағы бір ақпарат – оқушылардың қашықтан оқыту форматына көшіріліп, мектептердегі жаңа жылдық ертеңгіліктердің тоқтатылуы мүмкін екені. Мұндай қауесет сырқаттану көрсеткіштері өскен жағдайда енгізілуі ықтимал шектеулер туралы хабарламалардан кейін тараған. Алайда, Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, елдегі бірде-бір мектепте қашықтан оқытуға көшуге негіз болатын сырқаттану шегінен асу тіркелмеген. Сондықтан, мерекелік шараларды тоқтатуға да ешқандай негіз болмаған.

Ал, Қазақстанда «гонконг тұмауының» ауыр түрі тарап жатқаны туралы ақпарат қыркүйек айында әлеуметтік желіде кеңінен талқыланды. Кейбір қолданушылар аурудың ерекше белгілерін сипаттап, жаңа штамм пайда болуы мүмкін деген болжам жасады. Бірақ, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұрын белгісіз болған жаңа вирустардың анықталмағанын мәлімдеді.

Денсаулық сақтау министрлігі не дейді?

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі эпидемиологиялық жағдай маусымдық деңгейге сәйкес келеді. Соңғы аптада елімізде 133 052 ЖРВИ жағдайы тіркелген. Сырқаттану көрсеткіші алдыңғы аптамен салыстырғанда 6,8 пайызға төмендепті. Ал, эпидемиологиялық маусым басталғалы бері тіркелген жағдайлар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,3 пайызға аз.

– 1 қыркүйектен бері тұмаудың 297 жағдайы зертханалық жолмен расталған. Оның 295-і – А(H1N1), екеуі – В типіндегі тұмау. Ал, өзге респираторлық вирустардың ішінде риновирус, бокавирус және аденовирус басым. Тұмауға қарсы вакцина 2 миллионнан астам адамға салынған. Ел бойынша инфекциялық ауруларға арналған 13 335 төсек-орын дайындалған. Қазіргі уақытта олардың толымдылығы 68 пайызды құрайды. Балаларға арналған төсек-орындардың жүктемесі 72 пайызға жеткен, – делінген хабарламада.

Министрлік эпидемиологиялық ахуалға апта сайын мониторинг жүргізіп, сырқаттану көрсеткіштерін бақылауда ұстап отыр.

Былтыр да осындай қауесеттер тараған. Бір қызығы, биыл әлеуметтік желіде тараған жалған ақпараттардың мазмұны өткен жылғы қауесеттермен үндес. 2025 жылы да Қазақстанда тұмаудың жаңа «гонконг» штамы пайда болғаны туралы мәлімет тараған. Алайда, Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты растамады.

Әрине, маусымдық вирустық инфекциялардың жеңіл өтпейтіні белгілі. Сырқаттанғандар санының артуы да – қалыпты эпидемиологиялық үдерістің бір бөлігі. Аурудың ағымы адамның денсаулық жағдайына, иммундық жүйесінің ерекшелігіне және вакцина алуына байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан, денсаулыққа қатысты күмәнді белгілер байқалған жағдайда өздігінен емделмей, медициналық маманға жүгінген жөн.

Ақпарат тасқыны күшейген заманда жалған мәліметтің таралу жылдамдығы шынайы ақпараттан кем түспейді. Әсіресе, денсаулыққа қатысты тақырыптарда тексерілмеген хабарламалар қоғамда негізсіз үрей туғызып, адамдарды жаңсақ шешім қабылдауға итермелеуі мүмкін. Осыған байланысты Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы азаматтарды кез келген мәліметті ресми дереккөздер арқылы тексеруге, расталмаған хабарламаларды таратпауға және үрей туғызатын тақырыптарға бірден сенбеуге шақырады.

Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button