Ерлер есімі ұмытылмайды

Биыл тарихта бұрын-соңды болмаған қасіретті кезең Ұлы Оған соғысының аяқталғанына 75 жыл толып отыр. Әрине, сол уақытта Отан үшін от кешкен жандардың өмірі мен ерлігі баршамызға үлгі. Біздің атамыз Әбілхан АХАНОВ осы Ұлы Жеңісті жақындатуға өз үлесін қосып еді…

Атамыз 1920 жылы сәуір айының 22 жұлдызында Нұра ауданындағы Көбетей ауылында дүниеге келген. Бала болып, әке­-шеше құшағының ыстық жылуын сезіне алмады. Ата­анадан ерте айырылды. Жасына жетпей есейді. Тағдырдың тәлкегімен жетімдіктің дәмін татты. Сөйтіп, буыны бекіп, бұғанасы қатқан шақта – 1939 жылдың мамыр айында міндетті әскери борышын өтеуге Көбетей ауылынан әскер қатарына шақырылды.

Сөйтіп жүргенде Ұлы Отан соғысы басталды. Ақмолада үш айлық дайындық курсына қатысып, тамыз айында Брест қамалына табан тіреді.

Төрт жыл бойы қанды қырғынның ортасында жүрді. 1941 жылдың маусымынан бастап, 1945 жылдың 5 мамырына дейін Ұлы Отан соғысына қатысты. Сержант шенін алып, ІІ Украина майданында артиллерия командирі болды. 387-­ші атқыштар дивизиясында, 55­-ші атқыштар полкінде болды. Мәскеу үшін болған шайқасқа, Польша, Венгрия, Румыния, Чехословакияны азат етуге қатысып, ерлік көрсетті.

Жарақат та алды, алғыс­-мадаққа да қол жеткізді. ІІ­І-ІІ дәрежелі «Даңқ», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Сталиниградты азат еткені үшін», «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.

Соғыс аяқталған соң Кеңес әскері азат еткен жерлерді фашистердің соңғы жасақтарынан босату операциялары мен ойрандалған қалаларды қайта қалпына келтіру шараларына қатысты. Елге, тек, 1946 жылы оралды.

Әжеміз Бәтима Оспановамен бас қосып, дүниеге тоғыз бала әкелді. Үлкендері – Төлеген, Сансызбай мен Жанат. Қалған балалары кішкентай шағында дүниеден озған.

Соғыстан кейін тұралаған шаруашылықты тұрғызуға белсене кірісті. Атамыз бен әжеміз табандылықпен еңбек етіп, ерен еңбектің үлгісін көрсетті.

Атамыз 1946 жылы Көбетей ауылындағы «Орталық» колхозына басшылыққа сайланды. Туған жер мен елдің бағына туған тұғырлы тұлғалар туралы жазылған Нұра ауданының энциклопедиясында атамыз туралы жан­-жақты баяндалған.

Бейбіт өмірдегі еңбек майданында төккен тері басшылық тарапынан ескерілді. 1957 жылы «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Eңбектегі ерлігі үшін», 1970 жылы «Лениннің туғанына – 100 жыл» медальдарымен марапатталды. Сондай­-ақ, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 20 жыл», «КСРО Қарулы Күштеріне – 50 жыл», «КСРО Қарулы Күштеріне – 60 жыл» мерейтойлық медальдарына ие болды.

Кейін Қарағанды қаласындағы алты айлық жүргізуші курсын тәмамдап, «Казгородок» совхозындағы МТС станциясында жүргізуші болды. Уақыт өте келе «Чкалов» совхозында көліктік байланыстың дамуына, «Балықтыкөл» совхозының кәсіподақ құрамында мал шаруашылығының дамуына үлес қосты.

Бірнеше мәрте социалистік жарыстың жеңімпазы болып, төсбелгі иеленді. Ал, 1980 жылы ұзақ жылдар бойғы үздіксіз еңбектен кейін «Еңбек ардагері» медалімен марапатталып, зейнет демалысына шықты.

Атамыз әрдайым шүкіршілік етіп, «осы күнге тәубе» деп отыратын. Ел амандығын тілеп отырушы еді. Тілеуқор қария туған күніне бір апта қалғанда, 1991 жылдың көктемінде дүниеден озды.

Бүгінде ұрпақтары өсіп­-өніп, тәуелсіз ел игілігі үшін табандап еңбек етуде. Әр салада абыройлы тер төгіп жүр. Бақытты келешек үшін жанын берген, жан беруде аянбаған атам сияқты барша жауынгерлердің ерлігі келешек ұрпақ санасында мәңгі қалары анық. Майдангерлердің есімі ешқашан ұмытылмайды.

Қасымхан ҒАЛЫМ.