Ерекше балалар – бақыт бесігінде
Кеше «Достық» үйінде өткен шарапатты шараның куәсі болдық. Ерекше балаларға арналған «Ақ желкен» XII облыстық өнер фестивалі өтіп, қатысушылар қанаттанып қайтты. Біздің де жүрегіміз мейірленіп, жылы сезіммен тарқастық. Балалардың бал-бұл жайнаған жүзі «Достық» үйін ғана емес, әлемді де нұрландырып жібергендей…
Жыл сайын дәстүрге айналған фестиваль биыл ел егемендігінің 30 жылдығына арналды. Заңды-ақ. Ерекше балалардың жанарын жәутеңдетпей, мемлекет өз қамқорлығына алып, қатарынан қалдырмай, қоғамдағы орнының басқалардан бір мысқал кем емес екендігін сезіндіруі – тәуелсіздігіміздің игілігі емес пе? Фестивальдің ашылуында алғашқы болып сөз алған «Қоғамдық келісім» мекемесінің этносаралық қатынастар және медиация саласын талдау, мониторинг бөлімінің басшысы Мадина Шунгултаева шараның маңызы жайлы айтып, жеңімпаздарды құттықтады.
– Аталған шараны өткізудегі басты мақсат – ерекше балалардың шығармашылық қабілеттерін, көркем мәдениетін, бойындағы отансүйгіштік қабілетін арттыру. Биылғы фестивальге облыстың арнайы мектеп-интернаттарының 217 тәрбиеленушісі қатысты. Балалардың талабын, талантын көрдік. Ерекше қуандық. Барлық қатысушы өрендерді және жетекшілерін шын жүректен құттықтаймын, – деді Мадина Серікқызы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Сәндік-қолданбалы өнер» және «Бейнелеу өнері» аталымы бойынша 155 қатысушы жұмыстарын жолдапты. Балалардың ынта-жігерін сезінген тарап, бәйгеден бөлек екі аталымға 10 ынталандыру сыйлығын беруді жөн санапты. Балалардың әрқайсына 10 000 теңгенің сертификаты берілген. Сонымен, қазылар алқасының ұйғаруымен «Вокал» аталымында №4 арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Артем Герлицтің, «Хореография» бойынша №2 арнайы мектеп-интернатының оқушысы Айжан Асанованың, «Ым-ишара сөйлеу жанрында» №2 арнайы мектеп-интернатынының оқушысы Адина Тәңірбергенованың бақтары жанып, бас бәйгені алды. Ал, «Бейнелеу өнерінде» №6 мектеп-интернатының оқушысы Ақниет Қомардың жұмысы жоғары бағаланса, «Сәндік-қолданбалы өнер» аталымында №10 арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Камила Саржанова жеңімпаз атанды. Жеңімпаздарға «Играйка» дүкеніне 30 000 теңгенің сертификаты табысталды. 200-ден астам қатысушы құр алақан қалған жоқ. Ұйымдастырушылар барлығына естелік сыйлық табыстады. Қысқасы, ерекше балалардың бақыт бесігінде тербелгенін көрдік.
Қасымхан ҒАЛЫМ.