Қарағанды облысында энергетикалық нысандар дрон арқылы бақылауға алынды
Қарағанды облысындағы энергетикалық нысандардың техникалық жағдайын тексеру кезінде ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылып жатыр. Дрондар мамандарға қолжетімділігі қиын учаскелерді жоғарыдан бақылауға мүмкіндік береді.

Бұл жұмысты Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаменті жүргізіп жатыр.
Дрондардың көмегімен электр беру әуе желілері, ғимараттар мен құрылыстар, түтін мұржалары және басқа да күрделі учаскелер тексеріледі.
Аэрофото және бейнетүсірілім арқылы мамандар энергетикалық жабдықтардың жағдайын егжей-тегжейлі бағалап, ықтимал ақауларды ерте анықтай алады. Сонымен қатар түсірілген материалдар кейінгі талдау үшін сақталады.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, заманауи технологияларды пайдалану энергетикалық нысандарды бақылаудың тиімділігін арттырып, өңірдегі инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



