Ерекше балалар қазақша оқымақ
Аймақта кәсіпкерлікті жан-жақты қолдаудың арқасында әлеуметтік бизнестің даму көрсеткіші жоғары деңгейде. Биылғы жылы облыс бойынша кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында 148 өтеусіз грант берілген.
Оған құрылыс материалдарын, жиһаздарды өндіруден бастап, әлеуметтік қызметтерге дейін әр түрлі сипаттағы бизнес-идеялар жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Мәселен, мемлекеттік грант иегерінің бірі – Кристина Вороновская ерекше балаларға арналған түзету кабинетін ашып, аутизм мен психикалық ауытқулары бар балаларды қазақ тілінде оқытуға атсалысып отыр.
– Биыл “Бастау бизнес” жобасы бойынша оқып, сертификат алдым. Өз бизнес-жобамды сәтті қорғап шығып, 1 миллион 380 мың теңге грант алдым. Осы қаражатқа ерекше балаларды қазақ тілінде оқытатын кабинет ашып отырмын. Себебі өзім де ерекше баланың анасымын. Сол үшін әртүрлі топтарға тіркелгенмін. Онда ерекше балалардың аналары өзара хабар алысып отырады. Мен өзім түзету қызметтерін ұсынатын көптеген жерлерді аралап шықтым. Бірақ еш жерде қазақ тілінде оқытатын кабинет болған жоқ, сондықтан осындай кабинет ашу идеясы келді, – дейді бизнесін жаңа бастаған кәсіпкер.
Мемлекеттік тілді жетік меңгерген Кристина грантқа алған қаражаттың кабинетті жабдықтауға жұмсалғанын айтады. Бүгінгі таңда жаңадан ашылған кабинетте 10 бала күніне 2-3 сағаттан дербес сабақтар алуда.
Облыс бойынша еңбек ұтқырлығы орталығының жұмыс берушілермен жұмыс бөлімінің басшысы Фараби Мұхтаров тағы 55 грант беру жоспарланғанын жеткізді. Әрқайсысының мөлшері – 400 АЕК-ке дейін (1 380 000 теңге). Өтінімдерді қабылдау 11 қыркүйекте басталып, 22 қыркүйекте аяқталмақ.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ