Бас тақырып

Ерқара АЙМАҒАМБЕТОВ: «Ұлттық код, ұлттық идея – қымбат қазына»

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы Қазақстанның қарыштап дамуына тың серпін бергені белгілі. Бұл ретте, біз аталған мақала аясында облыста қолға алынған оң бастамалар турасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өңірлік сараптама кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері Ерқара АЙМАҒАМБЕТОВТІ әңгімеге тартқан едік.

Ерқара Балқараұлы, бізді Президент ұсынған осы бағдарламаға қатысты Сіздің танымал тұлға ретіндегі жеке көзқарасыңыз қызықтырады…

Менің ойымша, бұл бағдарлама өткенімізге үңіліп, тамырлы тарихымызға, мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізге зер салуға мүмкіндік беруден бұрын, жаһанданудың қауіп-қатерін ескере отырып, қазақстандықтардың рухани бай мұрасын қайта түлетуге ұйытқы болған іспетті. Яғни, бұл бағдарлама бір күнде, бір мезезетте жүзеге аса қояды деп түсінбеуіміз керек. Бодандық бұғауынан босаған ел үшін ұлттық код, ұлттық идея – қымбат қазына. Әрине, Тәуелсіздік алғанымызға әлі отыз жылдың да жүзі болған жоқ. Десек те, осы аралықта Президент елдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда аяқтан тұруына барын салды. Астанамыз бой көтеріп, ұлттық валютамыз пайда болды. Бүгінгі Қазақстан жетістігін аз ғана әңгіме аясында айтып тауысу мүмкін емес. Айтпағым, кезек – қазақстандықтардың рухани қазынасын қайта түлетуге келгені.

Рухы мен ойы азат елдің ендігі бағындырар белесі не болмақ?

– Ендігі белес – Қазақстанды дамыған отыз елдің қатарына қосу. Алайда, Отандастарымыздың санасы мен ойлау қабілетін сілкінтпесек, ғасырлар бойы қалыптасқан елдің біртұтастығын ескермесек, алға қадам баса алмаймыз. Елбасы осыны үнемі алға тартады. Осы күні ұлттық бірегейлікті сақтаған бәсекеге қабілетті халық қана биік белесті бағындыра алады. Әлемнің озық жетістіктерін үлгі ете отырып, қоғамдық сананы жаңғыртуды қолға алмасақ, осыған дейін атқарылған әлеуметтік-экономикалық серпіліс нәтижесі де құрдымға кетеді. Сондықтан, таразы-тарихтан сабақ алып, қажетсіз іс пен әрекеттен арылу қажет. Онсыз алға баса алмаймыз. Әр қазақстандықтың бағыты – бір, ойы – ұштасқан болса, еліміз бағындырмайтын белес болмайды. Ал, оның алғы шарты – осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру.

Іске асыру демекші, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірлік сараптама кеңесінің атқарып жатқан жұмысына тоқтала кетсеңіз…

Кеңестің негізгі мақсаты – сараптама қауымдастығы мен аймақтық жобалық кеңсенің өзара байланысын нығайта түсу. Аталған бағдарлама бойынша облыста 2017-2022 жылдарға негізделген аудандық, қалалық және облыстық маңызы бар 479 түрлі жоба жоспарланып отыр. Оған шамамен 16 млрд. теңге қарастырылса, соның 10 млрд. теңгесі демеушілер есебінен болмақ. Өткен жылғы 20 желтоқсанға дейін өңірімізде 351 жоба жүзеге асырылып, онымен 1,5 миллионға жуық адам қамтылды. Бұл жобаларға барлығы 4 млрд. теңге қарастырылды. Соның ішінде, «Рухани қазына» ішкі бағдарламасы аясында құны 800 млн. теңгені құрайтын 79 жоба жүзеге асып, онда 500 мыңға жуық адам қамтылды. Сондай-ақ, осы тектес «Тәрбие және білім», «Атамекен» сынды ішкі бағдарламалар тағы бар. Бұл тұрғыда, кеңес мүшелері алғашқы кезекте жобалардың мән-маңызына аса зор назар аударатынын айта кету қажет.

«Рухани жаңғырудың» қайтарымы мол игілігі өзіңіз басшылық етіп отырған білім ордасында да көрініс тапқан болар…

– Әлбетте. Университет қабырғасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасы жасалды. Алға қойған мақсаттарға жету үшін басым бағыттар айқындалды. Яғни, «Саналы азамат», «Отаным – тағдырым», «Өлкетану», «Кітап – білім бұлағы», «Жомарт жүрек» сынды негізгі бағыттар мен «Рухани қазына», «Атамекен», «Ақпарат толқынында» секілді ішкі бағыттар тағы бар. Сондай-ақ, арнайы мамандандырылған екі «Рухани жаңғыру» кабинеті ашылды. Айрықша айта кетерлігі, «Қазақ тілі және Қазақстан мәдениеті» кафедрасының ұстаздары мен шәкірттері бірігіп, латын графикасын қолдану аясын кеңейтуге қатысты ауқымды жұмыс атқарды. Нақтылай түссем, кириллица графикасымен жазылған мәтіндерді латын қарпіне жылдам әрі тиімді ауыстыруға мүмкіндік беретін «Translit» атты компьютерлік бағдарлама ойлап табылды. Бұдан өзге де оң бастамалар жетіп артылады.

Демек, бұл бағдарлама ел жастарына да ерекше серпін беретін болғаны ғой?

– Олай болмауы, әсте, мүмкін емес. Жоғарыда айтқанымдай, тәуелсіздік жылдары елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына мән беріліп, руханият мәселесі кенжелеп қалған еді. Бұлай болуы да заңды. Себебі, коммунизмнен бірден капитализмге аяқ басу қай мемлекетке болсын оңайға соқпайды ғой. Оған – ТМД мемлекеттерінің тіршілігі дәлел. Осы мәселе жастарды да айналып өтпеді. Сондықтан, осы жылдың Жастар жылы деп жариялануы да үлкен маңызға ие. Олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік алдық. Сөйтіп, аталған бағдарлама аясында осы білім ордасында «Сарыарқа өңірінің тарихи тұлғалары», «Қарағанды экономикалық университетінің спорттық жетістіктері – Тәуелсіз Қазақстан мақтанышы» атты альбомдар, «Ұлытау-Жезді өңіріндегі ақындық дәстүр», «Латын графикасымен танысайық», «Кәсіби қазақ тілі» сынды монографиялар мен оқу құралдары жарық көрді. Яғни, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халқымызға, соның ішінде, жастарға ерекше серпін берді деп сеніммен айта аламын.

Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Басқа материалдар

Back to top button