Бас тақырып

Елдіктің нышаны – ұлт қазынасы

Мәдениет және спорт министрлігінің геральдикалық зерттеулер орталығының ұйымдастыруымен «Елдіктің нышаны – ерліктің белгісі» атты мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған пресс-тур Қарқаралы жеріне атбасын бұрды.

Тарихи мекенге табан тіреген Елтаңба авторы, сәулетші Жандарбек Мәлібеков бастаған құрметті қонақтарды аудан әкімі Ерлан Құсайын қабылдады.

Жер тарихы аңызға, ел шежіресі – ерлікке толы. Қарқаралы тарихы таңға таусылмас, жылға жеткізбес, ғасырға қол ұсындырмас ұланғайыр ұлы шежіре. Әр бұрышы, әр тасы, әр орамы тұнып тұрған тарих, шертер сыры теңіздей терең шежіре екендігін баяндап өтті аудан басшысы.

Өткенімізді бүгінмен, болашағымен ұштастыра отырып, ұлттық құндылықтарымызға құрметпен қарау, еркіндігіміз бен елдігіміздің нышандарын насихаттау әр адамның абыройлы борышы болмақ. Осы орайда, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков: – Қарқаралы деген кезде көз алдыңа қазақ деген халықтың қадір қасиеті, қасиетті жері, қасиетті топырағы, елі деген ұғымдар келеді. Бұл ешқандай өлшемге келмейтін біздің рухани байлығымыз, құдіретті күшіміз десек те болады. Елтаңбаны жасаған кезде де ұлттық құндылықтарды ескердік. Онда барлығымыздың қолтаңбамыз бар, – деді.

Экспедицияның басты мақсаты-мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық нышандарды насихаттау әрі оларды қолданудың нормативтік-құқықтық жүйесін бақылау. Өскелең ұрпақты қазақ геральдикасының түп-тамыры тарихына назар аударту, мемлекеттік органдарда мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін түсіндіру. Сонымен қатар, көнеден жеткен тарихи ескерткіштер VІ-VІІІ ғасырлардағы түрік қағандығы мен VІІІ-ХІІІ ғасырлардағы қыпшақ заманында жасалған Қарқаралы тас мүсіндерінің тарихи құндылығын зерттеуге назар аударту, көпшілікке насихаттау.

Еліміздегі, соның ішінде, Қарқаралы жеріндегі көнеден қалған балбал тастарды мемлекет қорғауына алып, әр тасының тарихын зерттеп, сырын ашу. Ұланғайыр жеріміздің бай тарихын, бабаларымыз тастап кеткен мол мұраны ұрпаққа аманаттау, – дейді геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Асылбек Байжұмаұлы.

Қарт Қарқаралының қазынасымен танысуға арнайы келген топ Құнанбай қажы салдырған қаланың қақ төріндегі Алланың үйіне бас сұқты. Имандылық шапағатын төгіп тұрған орында дұға оқып, тәу етті.

Тарихтың ақтаңдақ бетін парақтап жүрген қонақтарға аудан әкімінің орынбасары Сайлау Әлиұлы қилы заманды бастан өткерген мешіт тарихы туралы айтып берді. «1845 жылы салынған Құнанбай қажы мешіті мектеп те, дүкенде, қойма да болды. Ел есін жинап, еркіндігін алған 1990 жылдары мемлекет қаржысымен қайта қалпына келтірілгендігін» тілге тиек етті.

Қонақтар көне тарихтың куәсі болып отырған тарихи-өлкетану мұражайындағы құнды жәдігерлермен танысты. Темір, қола дәуірінде қолданған бұйымдар, Қоянды жәрмеңкесінен қалған темір сандықтың құпиясы, батырлар ұстаған қылыштар мен сауыт, балбал тастар қонақтардың қызығушылығын тудырды.

Сонымен қатар, Қызыл мола қыстағындағы үш дәуірдің куәсі болған «Мұртты қорымда», Шүңгілтай жеріндегі Балбал тас тарихи орындарында болды.

Тамырын тереңнен тартқан, сарқылмас сырға толы мекен Қарқаралының тылсым тарихын тамашалаған экспедиция үлкен әсермен жолға шықты.

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы

Басқа материалдар

Back to top button