АймақБас тақырып

Өңірде жастар саясатын іске асыруға кадр тапшылығы кедергі

Бүгінгі жастар – әлеуеті жоғары, бәсекеге қабілетті буын. Осы бағыттағы жұмысты жүйелеу мақсатында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Жастар ісі жөніндегі кеңестің кезекті отырысын өткізді. Жиын барысында өңірде жастар саясатын іске асырудың өзекті мәселелері жан-жақты талқыланып, негізгі басымдықтар айқындалды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Сонымен қатар, жастардың дамуына қолайлы жағдай жасау, олардың бастамаларын қолдау және қоғамдағы белсенділігін арттыру тетіктері кеңінен қарастырылды. Өңір басшысы отырыс соңында бірқатар жастар ресурстық орталығына марапат табыстап, жастар саясатын жүзеге асыруға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Жергілікті деңгейде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыратын негізгі құрылым – Жастар ресурстық орталықтары. Аталған ұйымдар жастардың өңірдің қоғамдық, экономикалық, саяси және мәдени өміріне белсенді араласуына жағдай жасайтын басты институттардың бірі саналады. Бүгінде олар жас буынның жан-жақты дамуына, бәсекеге қабілеттілігін арттыруда кешенді іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Десе де, бұл салада шешімін талап ететін өзекті мәселелер бар екен. Осыған орай, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Айсұлу Ерниязова бірқатарына тоқталып өтті.

– Бірінші мәселе – кадр тапшылығы. Бүгінгі таңда Жастар ресурстық орталықтарының жалпы штат саны 215 бірлікті құрайды. Оның ішінде, жастармен тікелей жұмыс істейтін салалық мамандар саны – 146. Бұл көрсеткіш орталықтардағы кадрлық құрамның толық жасақталмағанын және білікті мамандардың жетіспейтінін аңғартады. Бұдан бөлек, Жастар ресурстық орталықтарының штаттық құрылымында психолог пен заңгер бірліктері қарастырылмаған. Мәселен, Осакаров және Шет аудандарында психолог мамандар бар болғанымен, заңгер жоқ. Ал, Абай, Қарқаралы және Нұра аудандарында бұл екі мамандық та мүлде қарастырылмаған.
Екінші мәселе – материалдық-техникалық қамтамасыз ету. Көптеген өңірде ЖРО үшін ғимараттар тегін ұсынылады. Дегенмен, Қарағанды, Приозёрск қаласындағы, Бұқар-Жырау, Нұра, Шет ауданында нысандарды жалға алу ақылы негізде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, оқыту семинарлары, конференциялар мен іскерлік кездесулер өткізу үшін облыс аумағында 11 коворкинг орталығы жұмыс істеп тұр, – деді Айсұлу Ерниязова.

Сонымен қатар, басқарма басшысы 2026 жылы облыс бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен қызметтер аясында жалпы сомасы 272 млн теңгені құрайтын 59 жоба іске асырылып жатқанын атап өтті. Бұдан бөлек, NEET санатындағы жастардың жай-күйі мен оларды қолдау, Жастар ісі жөніндегі кеңестің қызметі туралы баяндама жасады.

Облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Аслан Кабегенов бүгінгі жастардың өмір салты өзгергенін айтады.

– Қазіргі таңда цифрландыру күшейді, ақпарат көп, бәсеке жоғары. Сондықтан, біз де жұмыс тәсілдерін өзгертуге мәжбүрміз. Біріншіден – инфрақұрылым мәселесі. Жалпы, өңірде инфрақұрылым қалыптасқан. Алайда, біркелкі дамымаған, әсіресе ауылдық жерлерде жеткіліксіз. Екіншіден – жобалар мен қамту. 2025 жылы 24 жоба қаржыландырылды. Осы тұста мәдениет мекемелерінің рөлін атам өткім келеді. Облыста 244 мәдени-демалыс ұйымы, 24 мыңнан астам адамды қамтитын 1444 клубтық құрылым жұмыс істейді. Соған қарамастан, тиімділік орташа деңгейде. Аймақтар арасында айырмашылық бар. Кейбір жерлерде инфрақұрылым жеткіліксіз, – деді Аслан Кабегенов.

Өңір басшысы өз сөзінде жастардың әлеуетін толық ашуға барлық қажетті жағдайды қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, кеңес отырысында көтерілген барлық мәселе хаттамаға енгізіліп, алдағы кезеңде оларды кезең-кезеңімен іске асыру бойынша нақты жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

Іс-шара соңында жастар саясатын дамытуға қосқан кәсіби-шығармашылық үлесі және өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолындағы еңбегі үшін бірқатар Жастар ресурстық орталықтары марапатталды. Атап айтқанда, Қарағанды, Теміртау, Шахтинск қаласының, Осакаров, Қарқаралы, Ақтоғай және Бұқар Жырау ауданының Жастар ресурстық орталықтары бірқатар аталым бойынша үздік деп танылды.

Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button