Елдіктің белгісі – Рәміздер
Кеше Қарағанды қаласындағы Тәуелсіздік алаңында Астананың 20 жылдығына арналған «Тәуелсіздігіміздің рәміздері» атты салтанатты шара өтті. Қазақстандық патриотизм мен ұлттың бірлігін нығайту, тәуелсіз Қазақстанның құндылықтары мен жетістіктерін насихаттау және қала тұрғындарын осы айтулы күнмен құттықтау мақсатындағы шара Қарағанды қаласы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтті.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздеріне құрмет көрсетуге жиналған қала тұрғындары мен жастар қатары 500-ден асты. Ал, рәміздердің 26 жылдығына орай мемлекеттік туды көтерген, ашық кабриолет бастаған 26 автомобиль керуені Олимпийская көшесінен қозғалып, Оңтүстік-Шығыс автобекеті арқылы Тәуелсіздік алаңына келіп тоқтады. Осыдан кейін барабан дабылымен әскери қызметшілерге Ту тапсыру рәсімі өтіп, симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен хор ұжымы Қазақстан Республикасының Әнұранын орындады.
Нұрлан ӘУБӘКІРОВ, қала әкімі:
-
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытқан мемлекеттік рәміздеріміз партиоттық тәрбиенің негізі болып табылады. Ал, жастарды патриотизмге тәрбиелеу – мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында алға қойған басым мақсаттардың бірі. Мемлекеттік рәміздерге деген құрметтен бастау алған шынайы патриотизм Қазақстанның көп ұлтты халқын біріктіруге зор үлес қосуда. Рәміздеріміз ұлттық рухты, тарихты, мәдениетіміз бен дәстүрімізді бейнелеп, ұлттық кодымызды құрайды.
Әр елдің бәсекеге қабілеттілігі – адамдардың да бәсекелестік қабілеттілігімен айқындалады. Бұл туралы Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайық қасиеттерге ие болуы керек деп айтқан болатын. Ал, болашақ – білімді бәрінен биік қоятын жастардың қолында болса, қарағандылық жастар да айтулы мерекеде өздерінің лебіздерін білдірді. Қарағанды жастары атынан Қарағанды политехникалық колледжінің студенті Ерсанат Жұмабек құттықтады.
-
Олипиада ойындарында, Елбасымыз шетелге іссапарларға шыққанда, жеңімпаздар жеңіс тұғырына көтерілгенде Туымыз желбіреп, Әнұранымыз асқақтата шырқалғанда әрқайсымыздың кеудемізде мақтаныш сезімі орнайды деген ойдамын. Бейбітшілік нышаны атанып, бір шаңыраққа жинаған Елтаңбамыз, қай жерде болса да алақанымызды жүрек тұсына қойып, тікемізден тік тұрып шырқайтын әнұранымыз – Қазақстанымыздың ең қастерді бойтұмары. Сан ғасырлар бой бабаларымыз аңсап өткен Тәуелсіздіктің нышаны – Мемлекеттік рәміздерімізді ерекше қастерлеу – парызымыз, – деді Е.Жұмабек.
Елдігімізді айқындап, тәуелсіздігімізді тәу етуде биыл 20 жылдық мерейтойы тойланатын Елордамыз – Астана да ұлттық ерекшелігіміздің бір белгісі. Рәміздермен қатар, Астана арқылы да таниды өзге ел Қазақстанды. Шара барысында Астанаға да арналған әндер шырқалды.
Қарағанды қаласының жастары арасында патриоттых рухты жоғарылату, өткізілетін іс-шаралардың маңыздылығын түсіндіру, азаматтық белсенділікті нығайту мақсатында өткен шара қаланың би, музыкалық және шығармашылық топтарының концерттік бағдарламасына ұласты және Рәміздер күнінің құрметіне орай, түрлі-түсті 100 әуе шары ұшырылды.
Салтанат ИЛЬЯШОВА,
«Орталық Қазақстан»