Елбасы Цукуба университетінің құрметті докторы атанды

Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Цукуба университетінің Құрметті докторы атағы берілді. Елбасына Құрметті доктор куәлігін Цукуба университетінің президенті Кёсукэ Нагата табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Цукуба университеті Жапониядағы педагогтерді тәрбиелейтін алғашқы жоғары оқу орны ретінде 1872 жылы Токиода ашылған. 1973 жылы университет Цукуба қаласына ауыстырылып, ірі көпбейінді білім ордасы ретінде қайта құрылды. Қазіргі уақытта Цукуба университеті Жапонияның жетекші жоғары оқу орындарының ондығына кіреді әрі елдің ең кешенді зерттеу университеті саналады. 30-ға жуық алдыңғы қатарлы зертханасы мен ғылыми-зерттеу мекемесі бар. Университет әлемнің 61 елінің 320 университетімен және институтымен академиялық серіктестік қатынасты жолға қойған. Олардың қатарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Абай атындағы Қазақ ҰПУ педагогика және психология институты бар.

Цукуба университетінде Жапония Үкіметінің қаржыландыруымен «Sustainable Development Goals in Central Asia» атты жаңа магистрлік бағдарлама ашылған. Орталық Азия елдеріндегі адами ресурстарды дамытуға жәрдемдесуге бағытталған бағдарлама аясында Қазақстанның жоғары оқу орындарының оқытушылары мен магистранттарының тағлымдамадан өтуі көзделген.