Бүгін – ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні
Бүгін, 15 қарашада елімізде Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні. Қазақстанның кәсіби мерекелер күнтізбесіне сәйкес, бұл атаулы күн жыл сайын қараша айының үшінші жексенбісінде тойланады. Биыл мереке 15 қарашаға сәйкес келіп отыр.

Аталған мерекенің тарихы 1988 жылдан бастау алады. Сол жылы Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен қараша айының үшінші жексенбісі ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып белгіленген. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де бұл дәстүр жалғасын тауып, 1998 жылғы 20 қаңтардағы Президент Жарлығымен қарашаның үшінші жексенбісі ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні ретінде бекітілді. Ал 2019 жылғы 16 қыркүйектегі Үкіметтің №691 қаулысымен мерекенің атауы «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні» болып өзгертілді.
Бұл атаулы күн – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және отандық өндірістің әлеуетін арттыруға үлес қосып жүрген еңбек адамдарына көрсетілетін құрметтің белгісі. Мереке аясында егін даласында тер төккен диқандар мен механизаторлар, мал шаруашылығының мамандары, агрономдар мен ветеринарлар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың жұмысшылары мен технологтарының еңбегі айрықша аталады.
Бұл мереке – жердің ырысын өндіріп, ел дастарханын молайту жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың маңдай тері мен кәсіби шеберлігіне көрсетілген құрмет. Олардың еңбегі – ел берекесі мен тұрақты дамуының маңызды негіздерінің бірі.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.



