Ұлытау

Ел пікірі – бір арнада

    Ұлт ұясы – Ұлытауда Елбасы ұсынған бағалы бастамаларды ұлағатты ұстаным негізінде қолдау шаралары үнемі қапысыз атқарылып келеді. «Латын қарпіне көшу – болашаққа бағдар» тақырыбы телінген дөңгелек үстел отырысы – осы тұжырымның бір ғана айғағы. Ұйымдастырылуына «Ұлытау ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ мен «Ұлытау ауданының мемлекеттік архиві» КММ ұйытқы болған басқосуға аудан әкімі Әнуар ОМАРОВ қатысып, жиынды жүргізу тізгінін ұстады.

Дөңгелек үстел отырысына жиналған қауым алғашқы кезекте аудандық мемлекеттік архив қорындағы латын тілінде түзілген құжаттар көрмесімен танысты. Көрмені таныстырушы архив маманы Қарлығаш Ізтілеуованың айтуынша, мекеменің сақтау қорында 1939-1943 жылдар аралығын қамтитын, латын әліпбиімен жазылған 80-нен астам іс құжаттар бумасы бар екен.  Ал, таныстырылым барысында жұртшылық назарына Еңбекшілер депутаттары Ұлытау аудандық Советі атқару комитетінің шешімдері, қаулылары мен хаттамалары, Кеңгір ауылдық советінің шаруашылық кітаптары, сол кезеңдерде поселкелік кеңестерге өткізілген сайлау мәліметтері ұсынылды. Құжаттардың арасынан қызыләскер отбасыларына нақты көмектер көрсетуге қатысты Қарсақбай әскери комиссариатымен хат алмасулар және Кеңес Одағының әр түкпірінде орналасқан әскери құрылымдардан жолданған хаттарды да кездестіруге болады.

Отырыстағы өзінің кіріспе сөзінде Әнуар Серікбайұлы латынға негізделген әліпбидің заманауи тұрғыдағы өзектілігін тереңнен тарта безбендеп, қатысушыларды ашық пікір алмасуға шақырды. Аудан басшысының парасатты пайымдарын аудандық мемлекеттік архивтің директоры Гүлмира Рысбаева, аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Әбдірайымов, аудандық «Ұлытау өңірі» газетінің бас редакторы Елтынды Дүйсенбаев, Ұлытау селосы ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Шабаз Смайылов және басқалары әсерлі әрі әдемі «әдіптеп» берді.

Төтесінен тартсақ, дөңгелек үстел басында латын қарпіне көшуге қатысты тұрғындардың қоғамдық сипаттағы ой-пікірлері зерделеніп, жағымды жобаны насихаттау жұмыстарының басты бағыттары мен тәсілдері айқындалды.

Мағыналы басқосуда оған қатысушыларға жергілікті халық өкілдерінің латын әліпбиіне көзқарасы хақындағы жедел-сауалнамалар мен әліпбиді ауыстырудың өзектілігі туралы деректерден құрастырылған слайдтар жиынтығы көрсетілді.

Бір сөзбен түйіндегенде, қоғам үшін аса маңызды мәселені түбегейлі талқылау қортындысы ел пікірінің бір арнаға тоғысатынын даусыз айғақтап берді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ҰЛЫТАУ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button