АймақБұқар жырауРесми

Ел несібесі ортаймайды

Бүгінде Бұқар жырау ауданы тиімді бизнес жобалар мен аграрлы аймақ қалпында тартымды. Бұл – дамудың көрінісі. Аудан құрылғаннан бері көптеген жылдар өткенімен, жергілікті биліктің күш-жігері ауданның экономикалық, рухани, мәдени ахуалын жыл санап жақсаруына сарп етілгендей. Бұл пікірімізді өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында аудан әкімі Абылай Сұлтанғали растады.

– Бұқар жырау ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауын іске асыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда ілкімді іс-шаралардың дені әлеуметтік сала мен экономиканы дамытуға бағытталған. Инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыратын кәсіпорындар қызметінің, сондай-ақ, әлеуметтік нысандарды салу мен жөндеудің көлемі жыл сайын артып келеді. Жыл қорытындысы бойынша экономикалық өсім 37,7 пайыз деңгейінде, шамамен 74,3 млрд. теңгені құрады, – деп бастады сөзін Абылай Қайратқалиұлы.

Ауданның өнеркәсіп кәсіпорындары 2023 жыл ішінде өнім өндіру көлемін жоспарлы түрде ұлғайтқан. Жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 151,5 млрд.теңгені құрады. Тау-­кен өнеркәсібі 92,3 млрд., өңдеу өнеркәсібі 58,2 млрд. теңге шамасында.

Сонымен қатар, ауданда экспорттық әлеуетті арттыруға қосымша резерв көзі бар. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы «Литейщик» ЖШС гофрленген полимерлі құбырлар мен полиэтиленнен жасалған бұйымдар шығаратын зауыт өндірісіне инвестиция көлемі 1,5 млрд. теңгені құрап, нәтижесінде 50 жаңа жұмыс орны пайда болды. Ал, осы жылдың екінші тоқсанында «Бүркіт СПК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысын жолға қою жоспары тұр. Жоба құны – 8,1 млрд. теңге.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 36,4 млрд. теңгені құрады. Ауданда 3957 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Шағын бизнес­те жұмыспен қамтылғандар саны – 8 042 адам. Өсім – 8,5 пайыз.

– Ауданда ауыл шаруашылық кәсіп­орындары өндіріс тиімділігін арттыра отырып, инновациялық әдістер мен технологияларды белсенді енгізу үстінде. Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайтуға ғана емес, оның сапасына да жете назар аударылады. 2023 жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 87,7 млрд.теңге. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының көктемгі егісі 186,4 мың гектарды құрады. Бес ірі инвестиция­лық жоба іске асырылды. Бұл арада «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру аясында ауыл халқының табысын арттыру бойынша 556 млн. теңге сомасына 72 несие берілді, – деді спикер.

Жайылым жерлерінің тапшылығы қыр баласын ойлантары сөзсіз. Аудан бойынша 38 мың гектар ауыл шаруашылығының жері негізгі қорға қайтарылғаны атап өтерлік.

Ауданның транзиттік әлеуеті зор. Аудан аумағы бойынша 6 республикалық және 18 облыстық маңызы бар жолдар өтеді.

2023 жылы бюджеттің барлық деңгейлерімен 2,4 млрд. теңгеге ауданның 17 елдімекенінде 92,1 шақырым жол жөнделді. 2024 жылы 1 млрд. 962,7 млн. сомасына 29,4 шақырым кентішілік және аудандық жолдарға жөндеу жүргізу жоспарлануда.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаң­ғыр­ту» ұлттық жобасы бойынша Бұқар жырау ауданында 18 денсаулық сақтау нысаны – 10 фельдшерлік-акушерлік пункт, төрт дәрігерлік амбулатория және төрт медициналық пункт салынады.

Ақбел, Ақтөбе, Байқадам, Белағаш, Қарақұдық, Құрылыс, Новоузенка, Сарыарқа (Заречное), Сарытөбе, Тұзды ауылдарында жаңа ФАП-тар пайда болады. Дәрігерлік амбулаториялар Гагаринское, Самарқанд, Тоғызқұдық және Центральное ауылдарында салынады. Медициналық пункттер – Ақөре, Красная Нива, Ынтымақ және Тасауылда. Жаңа нысандар медициналық пункттер мен ФАП-қа бейімделген үй-жайларды ауыс­тырады, деп атап өтті Бұқар жырау ауданының әкімі.

– Сондай-ақ, ауылдық денсаулық сақ­тауды жаңғырту бағдарламасы бойынша Ростовка ауылындағы дәрігерлік амбулатория мен Мұстафин кентінің ауруханасын күрделі жөндеу жоспарланған, – дейді Абылай Сұлтанғали.

– Білім беру саласында Доскей, Үштөбе ауылдарында және Нұра станциясында әрқайсысы 300 орындық үш жайлы мектеп салу жоспарланған. Облыстық бюджет есебінен Новостройка ауылында 150 орындық мектеп құрылысы аяқталады. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Гагаринское ауылындағы мектепке қосымша құрылыс жалғасады.

Ботақара кентіндегі Ю.Гагарин атындағы мектеп пен «Балдәурен» балабақшасын күрделі жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар, Ақөре, Ақжар, Березняки және Красная Нива ауылдарының мектептерінде ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Мектептерді материалдық-техника­лық жарақтандыру да жаңартылады. Жаңа модификациядағы 11 кабинет – химия, биология, физика, робототехника және STEM зертханаларын сатып алу жос­парланған.

– Ауылдық елдімекендердің тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге де көңіл бөлінеді. Биыл Ақжар, Астаховка, Трудовое, Доскей және Қушоқы ауылдарында су құбыры желілерін салу және реконструкциялау жұмыстарын аяқтаймыз. Халық саны 200-ден аз ауданның жеті ауылында суды блок-модульдік тазарту кешендерін орнатамыз, – дейді аудан әкімі.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button