Бас тақырып

«Ел басына күн туса…»

Аллаға сыйынған ата-ана, алаңдаған жар, әкесін асыға күткен бала. Ел басына күн туса, ердің үйде қарап жатпасы анық. Қарқаралы қаласындағы №16 өрт сөндіру бөлімінен Абай облысына көмекке 5 адам бір техникамен жіберілді.

Абай елі, Семей жеріндегі ауыртпашылыққа ортақтасып, бейбіт күнде қарусыз майданда жүрген қарқаралылық бөлімше командирі азаматтық қорғау аға сержанты Әсет Оспанов, өрт сөндіруші-құтқарушы азаматтық қорғау кіші сержанты Жанболат Хасен, өрт сөндіруші-құтқарушы, азаматтық қорғау сержанты Бейсен Құсайын, өрт сөндіру автокөліктерінің жүргізуші-қызметкерлері, азаматтық қорғау аға сержанттары – Айдар Тұрсынов пен Қайрат Ринат Семей жеріндегі қызыл жалынды ауыздықтауға көмектесуде.

Лапылдаған оттың құрсауында қалған қарағайлы ормандағы өртті өшіруде тікұшақтармен қатар жүздеген техника, мыңдаған азаматтық қорғаныс қызметкерлері жұмылдырылуда.

– Келгенімізге 4 күн болды. Әзірге қызыл жалынды ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Оның үстіне өрекпи соққан желден от қайта өршуде. Жан-жақтан жиналған адамдар орман өртін өшіруде, елді мекендер мен адамдарды аман алып қалуда бар күшін салуда. Күні-түні жұмыс жасаудамыз. Көз алдыңда жасыл желек отқа оранып жатқанда, қалай тыныш отырасың. Қорқыныш жоқ. Себебі, өртті тоқтату мен адамдардың амандығы – біз үшін басты міндет. Жаңа ғана қою қалың түтіннің арасынан шықтық. Біз сияқты басын бәйгеге тігіп, жанталасып жүргендер көп. Өрт қаупі төнген Талица, Каштак, Половинки ауылдарында өрттің алдын алудамыз, – дейді өрт сөндіру автокөлігінің жүргізуші-қызметкері, азаматтық қорғау аға сержанты Айдар Тұрсынов.

Жергілікті халық пен еріктілер жол бойында кезіккен өрт сөндіру көліктерін тоқтатып су және азық-түлікпен қамтамасыз етуде. Әсіресе, семейлік кәсіпкерлер зор белсенділік танытып жатқан көрінеді.

Ел қорғаны, батыл да қайсар мінезді, бүгінде Семей даласында тәуекелден таймай адамдардың амандығы мен орман өртін сөндіруде еңбек етіп жатқан барлық азаматтық қорғаныс қызметкерлерінің еңбегі ерен.

Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button