Медицина

Екпені елемеудің зардабы зор

Қазақстан дәрігерлері алаңдаулы. Қазақстанның ғана емес, әлем эпидемиологтары қызылшаның таралуынан қауіптеніп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, былтыр әлемде қызылшамен 155,5 мың адам ауырыпты. Ал, биыл Украина, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан сияқты елдерде эпидемиологиялық жағдай нашарлап кеткен. Жыл басынан бері елдің Ұлттық сараптама орталығында қызылшаны анықтау үшін секвенирлеу әдісімен 270 зерттеу жүргізілген. 82 сынама оң нәтиже берді. Анықталғандардың дені Алматы қаласында, Түркістан және Жетісу облыстарында. Десек те, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің болжамы бойынша Қарағанды облысы қызылшаның таралу қаупі жоғары аймаққа кіреді.

Эпидемиологтардың айтуынша, қызылша – әлемдегі ең жұқпалы дерт. Жоғары температура, интоксикация, жөтел, мұрыннан су ағу, конъюнктивит және бөртпе түрінде көрінетін жіті вирустық ауруды басқа вирустармен шатастырып алу оңай. Алайда, оның салдары ауыр.

– Қызылшаның бастапқы клиникалық белгілері жедел респираторлық вирустық инфекцияларға ұқсас. Міне, осы кезеңде бөртпелер шыққанға дейінгі төрт күн және одан кейінгі үш күн ішінде науқас басқаларға қауіп төндіреді. Ауру асқынғанда қауіпті. Олардың арасында пневмония, энцефалит, паненцефалит сияқты аурулар бар. Олар мүгедектікке де душар етуі мүмкін, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлжан Байгутанова.

Дерттің ушығуын вакцинациядан бас тартушылардың көбейгендігімен байланыстыратын мамандар қызылшаның арнайы емі жоқ екенін айтады. Сондықтан, одан сақтанудың басты жолы вакцинация екенін алға тартады. Жалпы, адам баласы ұмыта бастаған аурулардың қайта шығуы екпеден бас тартқаннан. Қазақстанда соңғы рет қызылша 2019 жылы белең алған болатын. Сол кезеңде 1 жасқа дейінгі балалар мен 22-29 жастағылар екпе алған еді. Енді міне, араға жыл салып, тағы қауіп төндіріп тұр. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, қызылшамен ауырғандардың негізгі бөлігі, 69%-ы – екпе алмағандар. Оның ішінде, вакцинадан бас тартқандар 35 адам, медициналық қарсы көрсетілімдері себебінен 11 адам ауырған. Дертті сырт елдерден әкелгендер де жоқ емес.

Гүлжан Жақтайқызының айтуынша, облыста 3 жағдай тіркелді. Ауырғандар дертті Түркиядан жұқтырып әкелген. Ауырғандардың 94%-ы 14 жасқа дейінгі балалар.

– Қызылша ошағында барлық профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілді. Науқаспен байланыста болғандар арасындағы бұрын екпе алмағандар вакцина алды. Бүгінде жағдай толық бақылауда, – дейді маман.

«Бір құмалақ бір қарын майды шірітетіні» сияқты, ауырған бір бала балабақшадағы немесе сыныптағы барлық балаға қауіп төндіретінін ескерсек, ата-ана неге алаңсыз? Эпидемиолог дәрігер Динара Әбішеваның сөзіне сенсек, бүгінде ата-аналар балаларына екпе салдыртуға асықпайды екен. Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес, қызылшаға қарсы екпе 1-6 жаста жасалады. Алайда, соңғы жылдары көптеген ата-аналар екпенің түрлі салдарын желеу етіп балаларына екпе салдырмайды.

– Екпенің кез келген түріне қарсы адамдар тобы бар. Олар екпе балаларда аутизм, түрлі асқынулар тудыруы мүмкін деп санайды, вакцина құрамы бала иммунитетіне ауыр болады деген себеп те айтады, тіпті, екпе салдыру Батыстың құйтырқы саясаты деп есептейтіндері де бар, – дейді дәрігер.

Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің дерегінше, аймақта соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдер арасында қызылшаға қарсы екпеден бас тартқандар саны 3 мыңнан асқан. Оның 41%-ы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар.

Сабина Аманбаева – екі баланың анасы. Ұлы Әмір – алтыда, қызы – екіде. 2020 жылдың басында бірінен соң бірі қызылшамен ауырды. Екеуіне де екпе алмаған.

– Екпеге қарсылық себебі түрлі болуы мүмкін. Біреулер дәрігерге сенбейді, уайымдайды. Әрине, екпе салу да тәуекел. Менің екпеге қарсылығым жоқ, бірақ, әне-міне деп жүргенде балаларым ауырып қалды. Қандайда бір медициналық себептер болмаса, екпені дер кезінде алған дұрыс екен, – дейді ол.

Ол баласының вирусты балабақшадан жұқтырғанын айтады.

– Ең сорақысы да осы, – дейді Сабина Аманбаева. – Балабақшада ауырған баланың ата-анасы оны жасырған. Басында тұмау дедік, кейін денесіндегі бөртпені көріп, қызылша екенін түсіндім. Қызым да ауырды. Ата-аналар өз балаларын ғана емес, өзгенің де баласын ойлап, айналысына қауіп төндіретінін білсе екен деймін.

Одан бөлек, мамандар діни себептермен бас тартатындар туралы айтады. Ислам діні керісінше, әрбір адамға өз өмірі мен денсаулығына дұрыс күтім жасауға және ауру-сырқаттан емделудің алдын алу жолдарын іздеуге міндеттейді.

– Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты. Бір дерттің ғана дауасы жоқ, ол – кәрілік»,– дегені бар, – дейді Әнет баба мешітінің найб имамы Нұржігіт Мұсабеков.

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімі бұл мәселеге қатысты арнайы пәтуа шығарды. Оған сәйкес, аурудың алдын алу мақсатында вакциналауға рұқсат етілген. Мұндай вакциналау әрбір азаматтың келісімі бойынша орындалуы тиіс. Дін ғалымдары қоғамда жұқпалы (вирустық) аурулар күшейіп, өзіне және өзге адамдарға зиян тигізу ықтималы артса, сол ауруға қарсы екпе алу қажет болады деген шешімге келеді. Сондықтан, дін атын жамылып, аманатқа берілген денсаулыққа қиянат қылуға болмас.

Бір ай болды, елде қызылшаға қарсы иммундау жүріп жатыр. Соның алғашқы екі аптасында әуеліде бас тартқан 197 адам райынан қайтып, екпе алған. Елдің бас санитариялық дәрігері қызылшамен сырқаттанушылықтың өсуі мен таралуына жол бермеу мақсатында арнайы қаулы да қабылдады. Дегенмен, адам санасы өзгермей, құжат ештеңе өзгерте алмас. Тек, екпені елемеудің «құны» тым қымбат болмасын.

Жансая ОМАРБЕК,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button