Жаңалықтар

Қарағандыда экологиялық акция өтті

Балаларды қорғау күнінде Қарағандының Орталық саябағында ерекше экологиялық акция ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – балалардың табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру. Акция аясында тұрғындар пластик бөтелкелер жинап өткізіп, оның орнына балмұздақ алды.

Сурет Жасанды интеллект

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараға қатысу үшін тұрғындар өздерімен бірге пайдаланылған пластик бөтелкелерді алып келуі керек. Акция шарты бойынша бес пластик бөтелке тапсырған әр қатысушыға бір балмұздақ берілді.

Шара балалар мен ата-аналардың қызығушылығын тудырды. Қала тұрғындары экологиялық бастаманы қолдап, табиғатты таза ұстаудың маңыздылығына назар аударды. Балалар үшін бұл тек мерекелік көңіл-күй сыйлаған шара ғана емес, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды үйрететін тағылымды акцияға айналды.

Ұйымдастырушылар мұндай шаралар пластик қалдықтарының қоршаған ортаға тигізетін зияны туралы түсінікті арттырып, тұрғындарды қалдықтарды сұрыптауға ынталандыратынын атап өтті. Сонымен қатар, акция барысында жиналған пластик бөтелкелер қайта өңдеуге жіберіледі.

Қарағанды қаласының тұрғыны Айару Қанатқызы акцияға балаларымен бірге келді.

-Балаларым бұл шараға қуана қатысты. Балмұздақ алып мәз болып, табиғатты қорғаудың маңызын түсінді. Осындай пайдалы акциялар жиі ұйымдастырылса екен, – деді ол.

Балаларды қорғау күніне арналған экологиялық акция тұрғындардың көңілінен шықты. Табиғатты аялауға үндеген шара балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосты. Ұйымдастырушылардың бастамасы қала тұрғындары тарапынан қолдау тауыпты.

Зере ӨМІРҒАЛИ
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button