Жаңалықтар

Экономикалық өсім – аймақ дамуының көрсеткіші

   Облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының өткен жылғы жұмысы «Қазақстан – 2050» Стратегиясында, бес институционалдық реформаларды жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында, еліміздің 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында көрсетілген міндеттерді орындауға бағытталды.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған экономикалық саясатты, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды, жаңа индустриаландыру бағдарламаларын және тағы да басқа шараларды жүзеге асыру облыс экономикасының дамуында айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік тудырды.

Жалпы алғанда облыстың экономикалық саясатының болжамдары мен межелері еңсерілді.

Аймақтық жалпы өнім көлемі 2017 жылдың 9 айында 2 трлн. 882 млрд. теңгені құрап, облыс экономикасының өсімі 3,4 пайыз болды.

2016 жылмен салыстырғанда өнеркәсіптік өндіріс көлемі – 4,1 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 1,6 пайызға, құрылыс жұмыстары – 8,6 пайызға, сауда қызметтері – 7,1 пайызға, көлік қызметі – 4,6 пайызға өсті. 374 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылмен салыстырғанда 9,8 пайызға артты.

10,2 пайыз өсіммен негізгі капиталға 358,8 млрд. теңге инвестиция салынды.

Экономика дамуындағы жағымды көрсеткіштер әлеуметтік саланың жақсаруына әкелді. Орташа айлық еңбекақы 5,2 пайызға артып, 130 мың 174 теңгені құрады. 2017 жыл бойы еңбек нарығындағы көрсеткіштер тұрақтылық сақтап, жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды межеледі.

Экономиканың дамуына 12 мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың жүзеге асуы қолайлы әсер етті.

«Қазақстан – 2050» Стратегиясында, Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген тапсырмалар мен басымдықтарға сәйкес әлеуметтік-экономикалық саясатты жүзеге асыру мақсатында 2017 жылы негізгі стратегиялық бағдарламалық құжаттар құрастырылып, бекітілді. Бұлардың қатарында 2018-2022 жылдарға арналған облыстың әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, барлық мемлекеттік органдардың қойылған мақсаттар мен мақсатты индикаторларға қол жеткізудегі максималды тиімділігін үйлестіруді қамтамасыз ететін облыстық 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы бар.

Болжам жергілікті бюджеттердің үшжылдық жоспарын, аймақтарды дамытудың бағдарламаларын жобалауда негіз болып табылады.

2017 жылы облыс дамуының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы жаңа редакцияда бекітілді. Облыс дамуының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасына өзгерту енгізуге Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негіз болды.

Облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы тарапынан 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламасының жүзеге асырылуына мониторинг жүргізіліп отырады.

«Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы шеңберінде 2017 жылы 147 жобаға 9,2 млрд. теңге бөлінді.

Оның ішінде, Қарқаралы және Приозерск қалаларын дамытуға бағытталған 6 жобаға 448,6 млн. теңге қарастырылды.

Моноқалаларды дамытуға 1,3 млрд. теңге бөлініп, 6 жоба жүзеге асты. Сәтбаев қаласында құлау аймағында тұрған тұрғындарға арналған көппәтерлі үйлер құрылысына инженерлік желілер мен жылу жүйелерін тарту құрылысы жалғасуда.

«Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне қаржылық қолдау көрсету» бағыты бойынша 137,3 млн. теңге бөлініп, ауыл тұрғындары жиындарының шешімімен мектеп, клуб, сумен жабдықтау, кентішілік жолдар жөндеу жұмыстарына, абаттандыру, балалар және спорт алаңдарын орнатуға жұмсалды. Барлығы 105 ауыл қамтылды.

«Дипломмен ауылға!» бағдарламасы шеңберінде әлеуметтік сала және агроөнеркәсіп кешенінің 330 маманына жәрдемақы берілді. Бұлардың 217-сі – білім беру, 79-ы – денсаулық сақтау, 5-і – әлеуметтік қамсыздандыру, 10-ы – мәдениет, 6-ы – спорт, 13-і – агроөнеркәсіп кешені салаларының мамандары. 183 маманға баспана алуға арналған бюджеттік несиелер берілді.

Жезқазған, Сәтбаев қалалары және Ұлытау ауданының 2012-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму кешенді жоспарын жүзеге асыру шеңберінде 2017 жылы 25 млрд. теңге игерілді. Оның ішінде, республикалық бюджеттен – 13,7 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен – 2,1 млрд. теңге, бюджеттен тыс қаржы көздерінен – 9,2 млрд. теңге. Жезқазған ЖЭО реконструкциялау бойынша кешенді жұмыстар жасалып, құлау аймағына тұратын тұрғындарға арналған үйлер тұрғызылып, инженерлік-коммуникациялық құрылымдар тартылды. Жезқазған кен орнының тау-кен қалдықтары аумағында геологиялық барлау жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі таңда облыстық басқармалар мемлекеттік органдармен бірлесе отырып Жезқазған аймағын дамытудың кешенді жоспарын өзектендіру жұмыстары атқарылуда.

2018 жылы «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында құны 10 млрд. теңге болатын 100-ден астам жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін және іс-әрекет нәтижесін бағалау мақсатында Премьер-Министр мен облыс әкімі арасында 2017 жылға арналған негізгі мақсатты индикаторларға қол жеткізу бойынша Меморандум жасалды. Жыл бойы мемлекеттік органдар тиімділігінің негізгі көрсеткіштер тізімі ескеріле отырып 19 мақсатты индикаторлардың жоспарлы маңызын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілді.

Облыста 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарын жүзеге асыру жалғасуда.

2017 жылы жоспарға сәйкес, бәсекеге қабілетті ортаға берілуі тиіс 24 ұйымның 11-і 145,5 млн. теңгеге сатылды. 4 ұйым сенімді басқаруға беріліп, бюджетке 90 млн. теңге кепілдік жарна түсті. 8 ұйым таратылуда, 1 ұйым қайта қалпына келтірілуде.

2018 жылы 4 ұйым сатылады. Бүгінгі таңда «Қарағанды Көркем» ЖШС сатылды.

Биыл Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген тапсырмаларға сәйкес Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық саясаты негізінде аймақтағы экономикалық өркендеу мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасады.

Жұмыстарды жекелеген бағыттарға басымдықтар берілуде. Бұл – облыстық деңгейдегі Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарын әзірлеу жұмыстары. Аталған басымдық облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының стратегиялық функциясы болып табылады.

Екінші басымдық – кейін жобаларға және аймақтық жобалар кеңселер бастамаларына енгізу үшін экономикалық өсім резервін анықтау арқылы аймақ экономикасының өсімін қамтамасыз етуге бағытталған жоспарлық құжаттар әзірлеу. Аталған бағыт үстіміздегі жылғы экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспарынан орын алады.

2018 жылы экономикалық өсімді 2017 жылы қол жеткізілген межеден 2,5 пайыздан арттыру көзделуде. Бұл көрсеткішті өнеркәсіп көлемін – 2,6 пайызға, ауыл шаруашылығын – 2 пайызға, құрылыс – 1,5 пайызға, көлік қызметін – 4,3 пайызға, сауда қызметін – 1,5 пайызға арттыру арқылы еңсеру жоспарлануда.

Біздің жұмысымыздың үшінші басым бағыты – мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың жүзеге асуын сараптауды жалғастыру. 2017 жылы «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту» бағдарламаларына сараптама жасалды. Облыстық басқармалармен бірге Бағдарламаларды жүзеге асыру іс-шаралар жоспары және қалған уақыттағы нәтижелерге қол жеткізу бағалаулары жасалуда.

Төртінші басым бағыт – облыстық деңгейде жобалық басқаруды енгізу. 10 басым бағытта жұмыс атқаратын аймақты штаб бекітілді. Аймақтың ерекшеліктері мен басымдықтары ескеріле отырып, негізгі даму бағыттары нақтыланды. Бұлар – бұқаралық кәсіпкерлік және сауда, инвестициялар, жұмыспен қамту, цифрландыру, денсаулық сақтау, білім беру, агроөнеркәсіп кешені, көлік және логистика, базалық индустриаландыру, туризм салаларын дамыту. Аталған бағыттарды дамыту арқылы Қарағанды облысы ел экономикасының өркендеуіне сүбелі үлес қосады.

Бесінші басым бағыт – облыстық басқармалардың қатысуын қамтамасыз ету арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті қолдану формалары мен тәсілдерін кеңейту, сондай-ақ, басқармалар тарапынан жетекшілік ететін салаларына қатысты аймақтар бастамаларына қолдау көрсету.

Алтыншы басым бағыт – 2017 жылы басталған кәсіпорындарды тарату процедураларын есепке ала отырып, биылғы жекешелендіру кешенді жоспарын орындау. Барлық жекешелендіру процедураларын биыл аяқтап, жоспарды 100 пайыз орындау көзделуде.

Жетінші бағыт – бюджеттік қаржыны қолдану тиімділігін арттыру мақсатында әкімшілік шығындарды азайту үшін мемлекеттік органдардың ведомостволық бағынышты ұйымдарының санын азайту, сондай-ақ, жаңадан ашылуын болдырмау жұмыстарын жүргізу. Бұл жұмыстарды ведомостволық бағынышты ұйымдарды азайту, нақты айтқанда, жекешелендіру, тарату және қайта құру арқылы жүргізу жоспарлануда. 2019 жылға қарай квазимемлекеттік сектор ұйымдарының саны 47-ге азаяды. Нәтижесінде, бюджет шығыны шамамен 2,7 млрд. теңгеге кемиді. Алдағы уақыттағы міндеттер анықталды. Оларды орындау жұмыстары қарқынмен қолға алынады.

О.ТӘУІРБЕКОВ,

Қарағанды облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button