Екі күнде – екі медаль

Әлем көз тіккен Рио Олимпиадасының көрігі қыза түсуде. Алаш елі алтынның бірнешеуінен, алдыңғы орынның бірінен үмітті. Біздің облыс та 11 үміткерін байрақты бәсекеге шығарып салып, тақымды мықтап қысты…

Ә дегенде әлемге жар салатын жағымды жаңалығымыз болды. Қоржынға қоланы салдық. Қуандық. Қазақстан 1 күміс, 1 қоламен Олимпиаданың алғашқы күні жалпы есепте оныншы орыннан көрінді.

Бірінші жүлдені дзюдодан әйелдер арасында бақ сынасқан 48 келі салмақтағы аруымыз Галбадрах Отгонцэцэг еншіледі. Екінші күміс жүлдені күрестің дәл осы түрінен ерлер арасында сынға түскен балуанымыз Елдос Сметов қанжығасына байлады.

Олимпиаданың алғашқы күні жарыс жолына шыққан өзге спортшыларымыз да бар еді. Жасыратыны жоқ, біздің ел біріншіден боксшыларымызға бәс тігеді. Бірақ, былғары қолғапта бірінші болып шаршы алаңға шыққан Берік Әбдірахманов АҚШ боксшысынан ұтылып қалды. Өкінішті.

Ал, велоспортшыларымыздан 237 шақырымдық қашықтықта ел намысын қорғаған Андрей Зейц мәре сызығын сегізінші болып кесті.

Брасс әдісімен 100 метрге суға жүзуден өнер көрсеткен қазақстандық Дмитрий Баландин 59,47 секунд нәтижемен тоғызыншы орынға табан тіреді. Жартылай финалда.

Үстел теннисінен Кирилл Герасименко алғашқы айналымында венгриялық спортшы Адаму Паттантиушудан 1:4 есебімен ұтылды.

Ал, пневматикалық қарудан оқ ату бойынша өнер көрсеткен Владимир Исаченко мен Рашид Юнусметовқа финалға өту бұйырмады. Владимир Исаченко 575 ұпаймен 23-орыннан көрінсе, Рашид Юнусметов 567 ұпай жинап, 40-орынға табан тіреді.

Сондай-ақ, 48 келідегі ауыр атлет Маргарита Елисеева өнер көрсетті. Ол қоссайыстың қорытындысы бойынша 187 (80+107) келіні бағындырып, 5-орыннан көрінді.

Осылайша, Қазақстан Олимпиаданың алғашқы күнін бір күміс, бір қоламен тәмамдады. Қарқынды бастадық. Жалпы командалық есепте жарыс қожайыны Бразилияны артқа тастап, оныншы орынға тұрақтадық. Жалпы, топ басында бір алтын мен бір күмісті еншілеген Оңтүстік Корея мен АҚШ тұрды. Аргентина, Бельгия, Венгрия, Ресей, Таиланд, Вьетнам бір-бір алтыннан еншілеген еді.

Олимпиаданың екінші күні де көгілдір экранға көз тіккенбіз. Әсіресе, өзіміздің Шет ауданынан Олимпиадаға жол тартқан Жансайдың жеңісін тілегенбіз. Бірақ…

Дзюдо күресінен 66 келіде өнер көрсеткен Жансай Смағұлов жарыс алаңына шықты. Алғашқы айналымда Яспер Лефеверді жарыс жолынан шығарғанымен, екінші белдесуінде оңтүстіккореялық Ан Ба Улудан ұтылып қалды. 

Бұған қоса, Олимпиаданың екінші күнінде әйелдер арасында 100 метр қашықтыққа шалқалап жүзуден жарыстар өтті. Бұл сында қазақстандық Екатерина Рудакова бағын сынады. Әттегені, оның жартылай финалға өтуге шамасы жетпеді. Іріктеу кезеңінде 100 метр қашықтықты 1:01.28 нәтижемен аяқтап, 6- орынды місе тұтты.

Ел үмітін арқалаған теннисшіміз Ярослова Шведова әйелдер арасында жекелей сында жапон қызы Мисаки Доидан ұтылды. Екі сеттің есебі – 6:3, 6:4.

Стенд атудан да қазақстандықтар өнер көрсетті. Мария Дмитренко іріктеу кезеңінде 8-орынмен шектеліп, 66 ұпайымен жартылай финалға өте алмай қалды. 

Екінші күнді қорытындылаған үміткеріміз – 56 келідегі ауыр атлет Арли Чонтей де бізді қуанта алмады. Қос сайыстың қорытындысы бойынша 278 (130-148) келіні бағындырды. Межені маңайламады. 

Не керек, екінші күні қоржынымыз майланбады. Жалпы есепте 18-орынға тұрақтадық.

Осы күні Қытай құрамасы суырылып алға шықты. Олардың еншісінде – 3 алтын, 2 күміс, 3 қола.

Жалпы, төрт жылдықтың басты додасында еліміздің намысын 26 спорт түрінен 104 спортшы қорғауда.

Облыс жұртшылығы олжадан дәмелі. Жерлестер жемістен үмітті. Құрамында Абылайхан сияқты асыл азаматтарымыз бар құрама Қазақ елінің Көк туын желбіретер таң атар… Тілейік, тақым қысайық…

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.